Министрліктің айтуынша, жаңа өзгерістер ата-аналар үшін рәсімдерді жеңілдетіп, қажет ақпаратты жинауды автоматтандыруға бағытталған. Яғни бұрын қағаз күйінде сұратылатын бірқатар құжаттар цифрлық форматқа көшеді. Бұл қызмет көрсетуді ашық әрі жедел етуге мүмкіндік береді.
Жобада «үйде оқыту шығындарын өтеу» қызметінің бірыңғай деректер базасы енгізілетіні айтылған. Бұл – әр өңірде әртүрлі толтырылатын құжаттардың бірізге түсірілетінін білдіреді. Сонымен бірге, қызметті болашақта проактивті форматқа ауыстыру жоспарланып отыр. Яғни ата-аналарға құжат жинап жүрудің қажеті жоқ, мемлекет қажетті ақпаратты өзі жинайды.
Өзгерістер екі негізгі құжатқа енгізілмек:
– 2021 жылғы №84 бұйрық (әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтер туралы);
– 2016 жылғы №28 бұйрық (үйде оқыту шығындарын өтеуге қатысты әкімшілік деректер нысаны).
Бұйрық жобасы 2025 жылдың 1 желтоқсанына дейін «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауда болады. Азаматтар осы мерзімге дейін ұсыныс білдіріп, құжатқа өз пікірін қалдыра алады.