Digital • Кеше

Полиция-дрондар іске қосылды

90 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрлігінде полиция жұмысының тиімділігін арттыруға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін цифрлық технологияларды жүйелі түрде енгізіліп жатыр. Солардың бірі – бүгінде еліміздің барлық өңірінде кеңінен қолданылып жатқан дрондар, деп жазады Egemen.kz.

Полиция-дрондар іске қосылды

Пилотсыз ұшу аппараттары жолдағы тәртіпті бақылаудың тиімді құралына айналды. Камерасы бар дрондар ереженің бұзылуын сол сәтте тіркеп, күрделі жол учаскелерін жоғарыдан бақылайды. Жиналған деректер жылдам полицияға жеткізіледі.

20 шақырымға дейінгі ұшу қашықтығы магистральдарды да, қолжетімсіз аумақтарды да толық патрульдеуге мүмкіндік береді. Осындай қадағалау нәтижесінде алты мыңнан астам заңбұзушылық анықталды. Әуеден бақылау жол-көлік оқиғаларының алдын алып, қауіпті жағдайға дер кезінде әрекет етуге жол ашады.

Концерттер, спорттық матчтар және мерекелік іс-шаралар кезінде дрондар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін негізгі құралға айналды. Камералар халық көп жиналған жерлердегі жағдайды бақылап, күмәнді әрекеттерді ерте анықтайды. Полиция жасақтары қажетті аумаққа тез жете алады.

Пилотсыз аппараттар жедел қызмет кезінде де жиі қолданылады. Олар оқиға орнын қарауға, жоғалған адамдарды іздеуге, қылмыс іздерін түсіруге және жағдайды нақты уақыт режимінде бақылауға көмектеседі. Аэрофототүсірілім мен бейнетіркеу дәлелдердің сапасын арттырып, тергеу жұмысын жеделдетеді.

Шымкентте өткен «Қарасора» және «Құқықтық тәртіп» іс-шаралары осының айғағы. Дрон арқылы синтетикалық есірткі сатты деген күдікпен жүрген 44 жастағы әйелдің қозғалысы бақыланып, ол қылмыс үстінде ұсталды. Көліктің жүксалғышынан екі келіден астам есірткі табылды.

Пилотсыз аппараттарды пайдалану – Ішкі істер министрлігінің цифрлық жаңғырту бағдарламасының бір бөлігі. Дрондар полицияның күнделікті жұмысын жеңілдетіп, қоғамдық тәртіпті қорғауға, жол қауіпсіздігін арттыруға және қылмыстарды тез ашуға нақты көмек көрсетіп отыр.