Спорт • Бүгін, 11:18

Талғат Байсуфинов: Бельгияға қарсы бізде А және Б жоспары бар

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкерінің міндетін атқарушы Талғат Байсуфинов 2026 жылғы Әлем чемпионатының іріктеуі аясында Бельгияға қарсы өтетін матч алдында өткен баспасөз мәслихатында журналистердің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz kazfootball.kz сайтына сілтеме жасап.

Талғат Байсуфинов: Бельгияға қарсы бізде А және Б жоспары бар

 

– Біз бұл матчты күттік. Барлығы дайын, тек Муроджон Халматов жарақат алып қалды. Ертеңгі ойын бәрін көрсетеді.

– Ертең шабуылға ден қойған ойын күте аламыз ба?

– Білесіздер, біз ескі түсініктерден біртіндеп бас тартып жатырмыз. Ббелгілі бір бағытты таңдадық. Қарсыластың күшін, мотивациясын, мақсатын жақсы түсінеміз. Біз өзімізге максималды міндет қойдық. Жанкүйерлер үшін де, өзіміз үшін де нәтиже бірінші орында. Егер жақсы нәтиже болса, ол алдағы уақытта серпін береді. Тек қорғаныста отырып, жақсы нәтижеге жету қиын. Ойыншылармен теориялық әрі мотивациялық жұмыстар жүргіздік. Қарсылас біз қаншалықты мүмкіндік берсек, соншалықты нәтижелі ойнайды. Ал олардың бізге өз ойынын көрсетуге қаншалықты мүмкіндік беретінін ертең көреміз.

– Болашаққа қатысты сұрақ. Бас бапкер лауазымына кандидаттар туралы жаңалықтар тоқтап қалды. Бұл сіздің орныңызда қалатыныңызды білдіре ме?

– Біз – ұлттық құрама ретінде жиналып отырмыз. Клубтағы келесі маусымға дайындық әлі басталған жоқ. Шетелдік маман мәселесіне келсек, ол – басшылық шешетін сұрақ. Екі ойынды өткізіп алайық, содан кейін алдағы қадамдарды сөйлесеміз.

– Ойын жоспары қандай?

– Алғашқы ойында жігіттер жақсы ойнады. Бірақ Солтүстік Македония мен Бельгия ойнаған матчты көрдіңіздер, қанша соққы жасалды, бірақ гол соғылмады. Бұл – фарт па, әлде жолы болмау ма? Әрине, бізде А және В жоспары бар. Қуат ескерту лимитіне байланысты ойынды өткізіп алды. Қазір оған лайықты ауысатын ойыншыны даярлап жатырмыз. Ойын үстінде қиын болады. Біз екі нұсқаны да ойыншыларға көрсетіп, бәрін талдадық. Жігіттердің ойын тонусы жақсы.

Біз жас ойыншыларды іздедік. Бұл бағытта Әли Әлиев жұмыс істеді. Фарер аралдарына қарсы ойында ротация жасауды жоспарлап отырмыз. Қызықты болады деп ойлаймын. Дәурен Жұматтың дебюттік ойыны ауыр өтті, шаршаңқы болды. Біздің чемпионат аяқталды. Ойын тонусында жүргендерге басымдық беріледі. Негізгі құрам қалыптасып келеді. Бәсекелестік бар. Құрамды жаттығудан кейін анықтаймыз.

– Өткен жиынға Қашкенді, бұл жолы Құсайыповты шақырдыңыздар. Ойыншыларды шақыруда қандай да бір статистикаға сүйендіңіздер ме?

– Статистикаға қараған жоқпыз. Сергей Малый мен Ұлар Жақсыбаев жарақат алғандықтан, Дінмұхамед Қашкенді шақырдық. Оның мүмкіндіктерін жақсы білеміз, аванс ретінде шақырдық. Қазір қатарымызда Малый, Әліп, Қасым бар. Сондықтан Талғат Құсайпов пен Сағадат Тұрсынбай бар. Әліптен өзге сол позицияда шебер ойнайтын, әсіресе сол аяғы жақсы жұмыс істейтін футболшылар жоқ екенін түсінеміз.

– Ертең Дастан Сәтпаев ойнай ма?

– Оның жарақаты бар, оны білеміз. 3-4 күн бұрын сөйлестік. Ол – үлкен кәсіби ойыншы. Жаттығуда көреміз, егер ауырсыну болса, өзі айтады.

– Жереми Докуға қарсы қандай жоспар бар?

– Иә, оның қандай формада екенін көріп отырмыз. Ол ойнайды, біз де ойнаймыз. Біз жеке опека қоймаймыз. Бізде де жақсы ойыншылар бар. Бельгия – тек Доку емес, бүкіл команда мықты.

Соңғы жаңалықтар