Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ
Диқандар биыл 27 млн тонна астық жинады
Президент сөзінің басында ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне ризашылығын білдірді.
– Ең алдымен, барша ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын деймін. Бұл шын мәнінде, нағыз еңбек адамдарының мейрамы екені сөзсіз. Диқандар, мал шаруашылығы мамандары, шаруалар – бәрі де еліміздің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосуда. Қажырлы еңбектеріңіз үшін Сіздерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Ауыл шаруашылығы – экономикамыздың стратегиялық мәні айрықша саласы. Бүгін, міне, ауыл шаруашылығына арналған екінші форумды өткізіп жатырмыз. Алқалы жиынға ауыл-аймақтардан көптеген білікті маман арнайы келіп, қатысып отыр. Сондықтан бүгінгі форумды жалпыұлттық ауқымдағы басқосу деуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайдай Мемлекет басшысы форумда сөз сөйлеген азаматтар салмақты ойлар айтқанын, ұсыныстарды мұқият қарап, міндетті түрде ескеру қажет екенін атап өтті.
– Ауыл шаруашылығы – әрдайым мемлекет назарында. Президент ретінде мен осы саланың қарқынды дамуына ерекше мән беремін. Халқымыз «Егін ексе – ел тоқ» деп бекер айтпаған. Былтыр біз мол астық алып, кейінгі он жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Биыл да күзгі жиын-терін берекелі болды. Диқандарымыз 27 млн тонна астық жинады. Әр аймақ ел қамбасына мол үлес қосты. Соның ішінде Ақмола облысы ең жоғары көрсеткішке (7,5 млн тонна) ие болды. Қыркүйек айында егін орағының барысын көру үшін облысқа арнайы барғанымды білесіздер.
Қазір халқымыздың 37 пайызы, яғни 7,5 млн адам ауылда тұрады. Ауыл – халқымыздың тамыры, рухани қазығы. Бұрын солай болған, болашақта да солай болып қала бермек. Түптеп келгенде, ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне жалпы ауыл-аймақтарды, яғни бүкіл елді дамыту деп қараған жөн. Осы бағытта біз кейінгі жылдары ауқымды реформалар жүргізіп жатырмыз. Еліміздің негізгі көрсеткіштері – тұрақты. Биылғы он айда экономикамыз 6,4 пайызға өсті. Соның ішінде ауыл шаруашылығы да қарқынды дамуда. Жыл басынан бері осы саладағы негізгі капиталға салынған инвестиция 20 пайыздан астам өсіп, 790 млрд теңгеге жетті. Ал еңбек өнімділігі үш жылда 37,3 пайызға артты. Қазақстан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі рейтингі бойынша (Global Food Security Index) 32-орында тұр. Бұл – жақсы көрсеткіш. Бірақ бұл мәз болып, қол қусырып отыруға болады деген сөз емес. Себебі ашығын айтуымыз керек, біз ауыл шаруашылығының орасан зор әлеуетін әлі де толық қолданбай отырмыз. Еліміз жайылымдық жер аумағы бойынша әлемде 6-орын алады. Ал егіс алқабы бойынша 8-орында тұр. Демек қолымызда қажетті ресурс бар, тек соны тиімді пайдалануымыз қажет. Кейінгі он жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,5 еседен астам өсті, яғни 3,3 трлн теңгеден 8,3 трлн теңгеге дейін көбейді. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті тағы 2 есе арттыруымыз керек. Бұл – біздің қолымыздан келетін шаруа. Ұлттық даму жоспарымыз бар, мақсат-міндеттеріміз де – айқын. Бізге керегі – сапалы жұмыс пен нақты нәтиже, – деді Президент.
Жердің игілігін халық көруі керек
Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын дамыту үшін ерекше назар аударатын өзекті мәселелерге жеке-жеке тоқталып өтті. Мұның біріншісі – мал шаруашылығының әлеуетін барынша пайдалану.
– Біз бұған дейін егін шаруашылығын дамыту бағытында біраз жұмыс жүргіздік, жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Енді мал шаруашылығына баса мән беруіміз керек. Байтақ даламыздың барлық аймағында жыл он екі ай бойы мал бағуға болады. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет. Әрине, малды бағып, өсіру, оның санын көбейту – оңай шаруа емес, өте күрделі жұмыс. Мемлекет тиісті қолдау көрсетеді. Қазір нақты қаржыландыру тетіктері бар: жайылымдарды сумен қамтамасыз етуге, мал бордақылайтын орын салуға және асыл тұқымды мал алуға мемлекеттен субсидия беріліп жатыр. Былтырдың өзінде осы мақсатқа 60 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Сондай-ақ шаруашылығын кеңейтем деген кәсіп иелеріне жеңілдікпен несие алуға мүмкіндік бар.

Жолдауда мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеуді тапсырдым. Мақсат – мал басын еселеу. Сол арқылы Қазақстанның халықаралық нарыққа ет жеткізуші ірі ел ретіндегі мәртебесін бекіте аламыз. Бұл мұратқа жету үшін мал шаруашылығын дамытуға оңтайлы жағдай жасау қажет. Ет бағытындағы мал шаруашылығының жүйелі өндірістік циклін енгізу жұмыстарын жалғастырған жөн. Жайылымдық жерлерді тиімді әрі ауыстырып пайдалану тәсіліне баса мән берген дұрыс. Ветеринария саласындағы жағдай мәз емес екенін мойындау қажет. Ең алдымен, бұл саланы материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету керек. Мал дәрігерлерінің еңбек жағдайын жақсарту қажет, ветеринар мамандарды ынталандыру шараларын қарастырған жөн. Ветеринария саласының инфрақұрылымын күшейтуге қатысты жұмысты тиімді түрде жалғастыру керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент тоқталған екінші бағыт – жер мәселесі. Осы орайда ол жердің игілігін халық көруі керек екенін, бірнеше жыл бұрын заңсыз алынған және игерілмей бос жатқан жерлерді қайтарып алу туралы нақты тапсырма бергенін алға тартты.
Осы мәселе бойынша министр баяндады. 2022 жылдан бері 14 млн гектардан аса ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылды. Жерді қолынан іс келетін, жұмыс істеуге ниетті азаматтарға беру керек деген тапсырма бірнеше рет айтылды. Алайда бұл маңызды жұмыс баяу жүргізіліп жатыр. Сондықтан Жолдауда мемлекетке қайтарылған жерді келесі жылдың ортасына дейін түгелдей тұрақты айналымға енгізу туралы тапсырма берілді. Әкімдіктердің осы мәселеге қатысты жоспарлары қағаз жүзінде қалып қоймауы керек. Ең бастысы, жер тағы да игерілмей, бос қалмауы қажет.
Мемлекет басшысының айтуынша, Үкімет қазір мал шаруашылығы саласындағы бизнесті қолдау жоспарын әзірлеп жатыр. Жайылымдық жерлер ауыл тұрғындарына және нақты жоспары бар инвесторларға берілуге тиіс. Келесі жылдың ортасында қабылданатын бұл құжатта осы мәселенің шешімдері айқын көрсетілуі керек. Тағы бір түйткіл – жерге берілетін кепілдік құнның төмен болуы. Кадастрлық бағалау жүйесі қазіргі нарықтағы шынайы ахуалға мүлдем сәйкес келмейді. Үкімет бұл мәселеге назар аударуы керек, кадастрлық құнды айқындау тәсілін қайта қарауға тиіс. Жер қатынастары саласындағы кедергілер қазіргі заманға сай шаруашылықтар құруға бөгет болып отыр. Бұл ретте Президент Жолдауында Үкіметке келесі жылдың соңына дейін Жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын әзірлеуді тапсырғанын еске салып, құзырлы министрліктер осы маңызды жұмыс бойынша не істеліп жатқанын 7 күннің ішінде баяндауы керек екенін айтты.
Келесі мәселе – жер телімдері электронды конкурс арқылы берілуі қажет. Жер алған азаматтардың ең басты міндеті – жерді тиімді игеру, яғни, берілген жерді кәдеге жарату. Бұған қоса жер ресурстарына мониторинг жүргізу тәсілдерін қайта қарау қажет. Қазір ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты деректер толық емес. Мұндай ахуал жерге бақылау жасауға және игерілмей бос жатқан жерлерді қайтарып алуға кедергі келтіреді. Жерді бөліп-тарату үдерісі бойынша ақпарат ашық әрі қолжетімді болуы қажет.
Мемлекет басшысы мән берген үшінші мәселе – су тиімділігін арттырып, ирригациялық желілерді жаңғырту. Оның айтуынша, су қоймаларының шамамен 60 пайызы – ауыл шаруашылығы еншісінде. Аграрлық салада суды тиімді пайдалану, сайып келгенде, елдегі бүкіл су экожүйесінің тұрақтылығына әсер ететін факторға айналып отыр. Агросекторда заманауи су үнемдеу технологиялары енгізіліп, суды көп қажет ететін дақылдар алқабы азайтылуда. Бұл – үлкен жұмыстың басы ғана. Сарапшылардың есебінше, алдағы үш жылда су үнемдеуші технологиялар кемінде 1 млн гектарды қамтитын деңгейге жетеді. Цифрлық шешімдерді енгізу және жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңін қатаң бақылауға алу арқылы су инфрақұрылымын жаңғыртуды жеделдеткен жөн. Су шаруашылығын жаңғырту бойынша жұмыс жеткілікті, алайда бұл ауыл шаруашылығы саласын дамыту жоспарымен өзара байланысты болуға тиіс.
– Біздің ведомстволар түрлі жоспар мен жол карталарын әзірлеумен әуестеніп кетті. Тіпті, оның көбі өз араларында келісілмейді, жүрдім-бардым жасалады. Мұндайды доғару керек. Мемлекет жұмсаған әр тиынның қайтарымы болуға тиіс. Бұл – даусыз. Қаржыны заманауи су пайдалану технологияларын белсенді қолданатын өңірлерге беру қажет. Сондықтан Ауыл шаруашылығы өндірісінің өңірлік жоспары Үкімет әзірлеп жатқан Су ресурстарын басқару жөніндегі бас жоспарына енгізілуге тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Цифрландырудың септігі мол
Төртіншіден, агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру тәсілдерін жетілдіру керек. Президенттің айтуынша, биыл ауыл шаруашылығына арналған жеңілдетілген несие көлемі ел тарихында алғаш рет 1 трлн теңгеден асты. Бұл – осыдан 5 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда 10 есе артық көрсеткіш. Несие қолжетімді болуы үшін банктерге құзырлы мекеме тарапынан кепілдік беру тәсілі енгізілді. Биыл «Даму» қоры 1 300 несиеге кепілдік берді. Сөйтіп, несие алуға мүлкі жеткіліксіз көптеген шаруаның, әсіресе шағын және орта деңгейдегі фермерлердің мәселесі оң шешімін тапты.
Елімізде өндірілетін техника жеңілдетілген лизингпен беріле бастады. Бұл әбден ескірген техниканы жаңартуға арналған өте тиімді шешім болды. Төрт жыл бұрын ауыл шаруашылығы техникаларының 90 пайызы тозып тұрған еді. Бұл көрсеткіш биыл 70 пайызға дейін төмендеді. Осы бағыттағы жұмысты бизнес өкілдерімен бірлесіп, әрі қарай жалғастыру қажет. Қазір шаруалар алып жатқан техниканың 90 пайызы Қазақстанда шығарылған. Еліміздегі 10 зауытта осындай 19 түрлі техника құрастырылады. Олардың қатарында әлемге танымал брендтер бар. Мемлекет басшысының жақында АҚШ-қа жұмыс сапары кезінде «John Deere» компаниясымен бірге құны 2,5 млрд доллар болатын стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылды. Соған сәйкес алдағы бес жылда елімізде 3 мыңға жуық заманауи техника шығарылады.

Мемлекет басшысы, бесіншіден, агроөнеркәсіп кешенін цифрландырумен нақты айналысқан жөн екенін алға тартты.
– Өздеріңізге мәлім, жаппай цифрландыру және барлық салаға жасанды интеллект технологиясын енгізу Жолдауымда басты міндет ретінде аталды. Ауыл шаруашылығы үшін мұның мәні өте зор. Себебі жаңа технологиялар шығынды айтарлықтай азайтып, өнімділікті ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ақмола облысында өткен кеңесте жиналған өнімді тиісінше сақтау және шығынды мейлінше азайту шараларын қамтамасыз етуді тапсырдым. Еліміздегі көптеген шаруа қожалығының қаржылық тұрақтылығы осыған байланысты. Алдымызда цифрлық технологиялар және жасанды интеллект элементтерінің көмегімен мемлекеттің бидай қорын есепке алатын және бақылайтын тиімді жүйе құру міндеті тұр. Ол үшін қолданыстағы астық қамбаларын жаңғыртып, заманауи элеваторлар салу қажет. Бидайды қабылдауды және жөнелтуді есепке алатын электрондық жүйенің болуы жеке элеваторлар құрылысын қаржыландыру бағдарламасының міндетті бір шарты болуға тиіс.
Бүгінде көптеген шаруа технологиялық жаңашылдықты (смарт-ферма, агродрон, жер серігі технологиясы және ЖИ) белсенді қолдана бастады.
Бірақ жалпы ел көлемінде қандай да бір жүйелі өзгерістер болып жатыр деп айтуға әлі ерте. Жекелеген «ақылды» шешімдерден толық цифрландырылған агроөндіріске көшу керек. Әрбір шаруашылық цифрлық технологияларды пайдалануға ниетті болғаны жөн. Мемлекеттік қолдау өндіріске инновацияны, соның ішінде жасанды интеллект технологияларын енгізіп жатқан кәсіпорындарға берілуі қажет. Агроөнеркәсіп кешеніндегі ақпараттық жүйелерді оңтайландыруды жалғастырған дұрыс. Қазір олардың арасында байланыс мүлде жоқ деуге болады. Көп жағдайда шешімдер қате статистика негізінде қабылданады. Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының нәтижесі саладағы нақты жағдайды көрсетуге тиіс. Жинақталған мәліметтер агросектордағы цифрлық жүйелерді одан әрі дамыту мен жаңғыртуға негіз болады.
Үкімет Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, салалық ақпараттық жүйелерді интеграциялауды, сондай-ақ мәліметтер сапасын тұрақты түрде бақылауға алуы керек. Электрондық агроөнеркәсіп кешені платформасының базасында саланы кешенді басқаруға ықпал ететін ауыл шаруашылығы мәліметтерінің бірыңғай архитектурасын қалыптастырған дұрыс, деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Агроөнеркәсіптің экспорттық әлеуетін арттыру маңызды
Президенттің айтуынша, алтыншыдан, терең өңделген өнім шығаруға басымдық беру қажет. Еліміздегі агроөнеркәсіп кешені көбіне шикізат шығарумен шектеліп отыр. Мұны ашық айтқан жөн. Ауыл шаруашылығын жоғары технологияға негізделген озық сала ретінде дамыту – маңызды міндет. 2023 жылы агроөнеркәсіптегі өңделген өнімнің үлесі небәрі 35 пайыз еді. Ал биыл 50 пайыз болды. Келесі жылы 70 пайызға толық жетуі керек. Қазір бұл салаға шетел инвесторларын тарту жұмысын тездету қажет. Тиісті жобалар аз емес, олардың бірнешеуімен жиын алдында таныстым, бірақ бір жерде тоқтап қалуға болмайды.
Агроөнеркәсіп кешенінің басты бағыттары бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қажет. Аса маңызды міндеттің бірі – жеке инвестиция тарту жұмысы. Әсіресе озық технологиясы бар шетел инвесторларын елге әкеліп, оларға қолайлы жағдай жасау қажет. Жолдауда «Инвестицияға тапсырыс» өндірістің сұранысына сай болуы керек екені айтылған. Үкімет агроөнеркәсіп кешеніне қатысты 200-ден аса инвестициялық жобаның тізімін жасады. Жалпы құны шамамен 4 трлн теңге (үш жылда) болатын бұл жобалар 12 бағыт бойынша жасалған. Енді осы жобаларға барлық деңгейде қолдау көрсетілуі керек, яғни орталық та, аймақтар да осы жұмысқа белсенді түрде қатысуы керек. Жобалардың қашан және қалай жүзеге асырылатынын мұқият ойластырған жөн. Әкімдіктер және министрліктер жедел әрі үйлесімді жұмыс істеуі қажет.
Мемлекет басшысы баса айтқан жетінші мәселе – өнімдерімізді халықаралық нарыққа көптеп шығару жайы. Еліміз астық экспорты бойынша әлемдегі жетекші 10 мемлекеттің қатарына кіреді. Сонымен қатар ұн экспорттау ісінде көш бастап тұр. Қазақстан астығы Орталық Азия, Иран, Ауғанстан елдері секілді дәстүрлі нарықтармен қатар Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Солтүстік Африкаға, атап айтқанда, Бельгия, Португалия, Норвегия, Ұлыбритания, Вьетнам, Марокко, Алжир мемлекеттеріне де жеткізіле бастады. Бұл біздің астық экспорты географиясының кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Еліміз майлы дақылдар мен өсімдік майын да көптеп сыртқа шығара бастады. Өткен жылы біз халықаралық нарыққа 18 мың тоннаға жуық қой етін шығарып, осы сала бойынша 10 озық мемлекеттің қатарына ендік. Дегенмен әлеуетіміз бұдан да мол.
Жалпы, агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспорты 5 млрд доллардан асады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің 200-ден астам түрі 70 мемлекетке экспортталады. Агроөнеркәсіп кешеніндегі әлеуетіміз бұл көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Оның үстіне әлемде экологиялық тұрғыдан таза азық-түлік өнімдеріне сұраныс артып келеді. Сондықтан стратегия дұрыс түзілсе, «Qazaq Organicfood» бренді халықаралық нарықта лайықты орнын алады. Елімізде органикалық өнімдер шығару стандарттары бекітілді. Осы бағыттағы жүйелі жұмысты жалғастыру қажет. Брендтерімізді кеңінен насихаттауға барынша қолдау көрсету – салалық құрылымдар мен елшіліктердің міндеті. Сарапшылардың болжауынша, алдағы 10 жылда әлемде мал етіне сұраныс 233 млн тоннаға дейін ұлғаюы мүмкін. Қазақстан еттің осы түрін экспорттаушы ірі елдердің бірі бола алады. Алғашқы кезекте Азия елдерін қамтамасыз етуіміз керек. Қой етін экспорттауда еліміз Моңғолия, Нидерланд, Испания және Франция сияқты мемлекеттерден кейінгі орында тұр. Бірақ бізде жайылымдық жер жеткілікті. Қой шаруашылығының экспорттық әлеуетін толық таныту үшін жағдай жасау қажет.
– Жолдауда аграрлық экспортты дамытудың жоспарын әзірлеу жөнінде міндет жүктедім. Бұл құжат логистиканы, ветеринариялық және фитосанитариялық стандарттарды, сондай-ақ сауатты маркетингтік стратегияны ескере отырып дайындалуы керек. Мәселен, Парсы шығанағы елдері біздің ет өнімдерін жыл бойы тасымалдауға ниетті. Бірақ бізде ауыл шаруашылығы өнімдерін әуе көлігімен тасымалдау ісі дұрыс үйлестірілмеген әрі тиісті деңгейде реттелмеген. Көп жағдайда кәсіпкерлер жүкті жеткізу мәселесін өздері шешуге мәжбүр. Бүгін маған тұрақты рейстермен Әмірліктерге ет жеткізіле бастағаны жөнінде мәлімет берілді. Бұл тәжірибені аса дұрыс деп айта алмаймыз. Сонымен қатар Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды, Ақтау әуежайлары логистикасы дамыған әрі халықаралық әуе бағыттарымен интеграцияланған өңірлік хабқа айнала алады. Оларға арнайы экономикалық аймақтар аясында артықшылықтар берілген. Әуежайлардың толық қуатында жұмыс істеуі ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарыққа үздіксіз жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл мәселені Үкімет жан-жақты пысықтауы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ауыл – азаматымен көрікті
Сонымен қатар Президент кейінгі кездері ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерден жұмыс күші жетіспейтіні жөнінде көп өтініш түсіп жатқанын мәлімдеді.
– Бұл түйткіл, әсіресе, егін егу, жиын-терін науқанында, өндірісті кеңейту немесе жаңа нысандар құрылысы кезінде қатты сезіледі. Маман тапшылығы көршілес елдерден келетін еңбек мигранттары есебінен ішінара шешіледі. Шаруалар квотаны көбейтуді сұрайды. Олардың талабын ішінара орындауға болатын шығар. Бұл өзі қызық жағдай: бірі ауылда жұмыс жоқ десе, енді бірі жұмысшы жетіспейді деп шағымданады. Әрине, жұмыс бар, бірақ онымен шұғылданатын адам аз. Мұны мойындау керек. Тағы да қайталап айтқым келеді: ауыл шаруашылығы дамыса, ең алдымен ауылдың жағдайы жақсарады. Мемлекет ауыл-аймақтарды көркейту үшін көптеген жобаны қолға алды. Инфрақұрылым салудан бастап, ауылға білікті маман тарту мәселесіне дейін ауқымды жұмыс жүргізілуде. 2019 жылдан бері «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осы жоба аясында ауыл инфрақұрылымын дамытуға 700 млрд теңгеден аса қаржы бөлінді. Бүкіл ел бойынша 2,5 мыңнан аса елді мекенде нақты жұмыс атқарылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 600-ден аса бірлестік құрылды. Үкімет биыл аймақтарды дамыту туралы арнайы тұжырымдама қабылдады. Соған сәйкес аудан әкімдерінің құзыры кеңейді. Енді олар ауданды дамыту жоспарын өз деңгейінде, дербес әзірлеп, жүзеге асыра алады. Әкімдер ірі компаниялармен келісім жасап, бірлескен шаруашылықтардың (кооперативтердің) өнімін өткізуге көмектесуі қажет. Жалпы, ауылға жеке инвестиция тарту өте маңызды. Бұл жұмысқа бизнес өкілдері белсене атсалысуы керек. Табысқа жеткен әрбір кәсіпкер өз ауыл-аймағының өркендеуіне үлес қосып, қаржы салса, еліміздегі көптеген елді мекен көркейе түсері анық, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев еңбекқор, мақсаты айқын азаматтарымыз күнделікті маңдай терімен ұлттық байлығымызды еселеп, ел келешегінің жарқын болуына аянбай үлес қосып жатқанын, мұндай іспен айналысып жатқан адамдарға қолайлы жағдай жасап, еліміздің шынайы патриоттарын ынталандырып отыру керек екенін, бұл шаруаны назардан тыс қалдырмайтынын атап өтті.
– Біз Жұмысшы мамандықтары жылында еңбек адамдарына айрықша құрмет көрсетіп жатырмыз. Нағыз еңбек, қайнаған тірлік ауылда, ауыл шаруашылығында екені сөзсіз. Өз ісіне тиянақты, жауапкершілігі жоғары, адал азаматтар қашанда табысқа жетеді. Былтыр мемлекеттік марапаттар жүйесіне «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағы енгізілді. Еліміздің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін 9 азаматқа бүгін алғаш рет осы құрметті атақты тапсырамыз. Бүгін ортамызда Ақтөбе облысынан келген Аманғос Төлеуов деген азамат отыр. Ол басқарып отырған кәсіпорын ауыл шаруашылығында зор табысқа жетіп, аймақ тұрғындарын сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етіп келеді. Мен еліміздің агроөнеркәсіп саласын дамытудағы аса үздік жетістіктері үшін Аманғос Сансызбайұлы Төлеуовке «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Жақында Республика күні қарсаңында қырық бес жылдық тәжірибесі бар механизатор Мұрат Қаражұманов та Еңбек Ері атағын алды. Ауыл шаруашылығы саласы мамандарының ең жоғары мемлекеттік марапатқа ие болуы – заңды құбылыс. Себебі бұл – халқымыздың нағыз еңбек адамына көрсетіп жатқан зор құрметі және шынайы ықыласы. Марапаттарыңыз құтты болсын! – деді Президент.
Осы форумда Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан ауыл шаруашылығы саласының 30 еңбеккері мемлекеттік награда алды. Атап айтқанда, бір адам – «Парасат» орденінің кавалері, саланың 6 өкілі «Құрмет» орденінің иегері атанды. II дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен 1 азамат, III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен 10 адам, «Ерен еңбегі үшін» медалімен 6 еңбеккер марапатталды. Сондай-ақ бүгінгі іс-шарада «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ауыл шаруашылығы саласында озат атанған төрт азаматқа алғаш рет тапсырылды.
Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумы аясында агроөнеркәсіп кешенінде қолданылатын цифрлық шешімдер көрмесімен танысты. Мемлекет басшысына деректерді есепке алуға, болжауға және талдауға арналған цифрлық сервистер, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешеніндегі тиімділікті арттыруды көздейтін отандық стартаптар туралы баяндалды.