Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Цифрлық теңге деген не?
Келер жылы елімізде цифрлық теңге толық айналымға енуі мүмкін. Бұл жаңа жүйе қолма-қол және қолма-қол емес төлемдерден кейін ұлттық валютаның үшінші түрі болмақ. Қазір жобаның сынақ кезеңі жүріп жатыр. Бүгінде 288 млрд теңге көлемінде цифрлық ақша шығарылған, 60 мыңнан аса операция орындалған.
Ұлттық төлем корпорациясы цифрлық теңге жүйесін дамыту департаментінің бас сарапшысы Әйгерім Бабағалиеваның айтуынша, жоба іске қосылғаннан бері цифрлық теңгенің оннан астам қолдану бағыты сынақтан өтті.
«Солардың ішінде жол құрылысы мен қосылған құн салығын қайтару сияқты салалар бар. Сонымен қатар біздің жобаның халықаралық деңгейде мойындалғанын атап өткім келеді. Халықаралық валюта қоры елімізді орталық банктердің цифрлық валютасын дамыту ісінде ең озық елдердің бірі деп таныды. 2024 жылы «Currency Research» ұйымынан арнайы марапат алдық. Цифрлық теңге – қолма-қол және қолма-қол емес ақшамен қатар жүретін ұлттық валютаның үшінші түрі. Оны Ұлттық банк шығарады әрі кәдімгі теңгемен бірдей құнға ие. Айырмашылығы, ол қағаз емес, блокчейн технологиясына негізделген ерекше белгілер түрінде сақталады. Яғни әр теңгенің өз «цифрлық ізі» бар деген сөз. Үш түрі де қатар өмір сүреді», деді қаржы маманы.
Мысалы, былтыр қанатқақты жоба іске қосылып, оның аясында «Достық – Мойынты» теміржолының құрылысына бөлінген қаржы цифрлық форматта берілді. Бұл қаражат тек жол салуға әрі тиісті қызмет көрсеткен компанияларға жұмсалды. Осылайша, цифрлық теңгенің басты артықшылығы – оны нақты мақсатқа «белгілеуге» болады. Ақша дұрыс жерге жұмсалған соң белгі автоматты түрде алынып тасталады.
Бүгінде жүйеге бес банк пен «Қазпошта», Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті қатысып отыр. Бұл – «Нұрбанк», «Халық банкі», «Еуразиялық банк», «Банк ЦентрКредит» және «Altyn Bank». Солардың ішінде «Нұрбанк» цифрлық теңгемен толық жұмыс істей алатын сегіз функцияны да енгізіп үлгерді. Клиенттер шот ашып, балансын қарап, ақша аударып немесе конвертация жасап, бәрін онлайн атқара алады. Банкке барудың, қағаз құжат өткізудің қажеті жоқ.
Криптовалюта кеңістігі
Көп адам цифрлық теңгені криптовалютамен шатастырады. Бірақ екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Цифрлық теңге – мемлекеттің кепілдігі бар ресми ақша. Ал криптовалютаға ешкім жауап бермейді, оның бағасы тек нарықтағы сұранысқа қарай өзгереді. Бүгін қымбат, ертең арзан. Екіншіден, цифрлық теңгемен интернетсіз де төлем жасауға болады. Мысалы, адам алдын ала белгілі бір соманы смартфонына жүктеп алып, байланыссыз ортада да есеп айырыса алады. Бұл ауыл-аймақтағы тұрғындарға үлкен жеңілдік әкеледі.
Криптовалюта – ешбір елге немесе банкке тәуелді емес ақша. Оны ешкім шығармайды, бәрі өздігінен блокчейн арқылы айналымға түседі. Ең танымалы – биткоин. Оның бағасы кейде күн сайын құбылып, аспандап кетеді де, ертеңіне қайта түсіп қалады. Дәл осы себепті оны көп адам «еркін, бірақ тұрақсыз әлем» деп атайды. Біреулер биткоинды инвестиция ретінде ұстаса, енді біреулер оны болашақ ақшаның бейнесі деп көреді.
«Binance Kazakhstan» компаниясының басшысы Нұрхат Күшімовтің айтуынша, елімізде криптонарық қарқынды дамып жатыр.
«Пайдаланушылар көбейіп, олардың белсенділігі мен сауда көлемі өсіп отыр. «Binance Kazakhstan» тарапынан өнім түрлерін кеңейттік. Егер 2024 жылы споттық саудада 130 токен қолжетімді болса, 2025 жылы олардың саны 350-ге жетті. Кейінгі уақытта криптонарықты заңдастыру мен дамыту бағытында нақты қадам жасалып жатыр. Ұлттық банк цифрлық активтерді реттеу ережелерін қабылдап, заңды криптобиржалар мен жаңа токен түрлерін іске қосуға мүмкіндік берді. Бұл бастамалар өте маңызды. Олар нарықты «көлеңкелі аймақтан» шығарады. Бірақ мұндай жүйе бір күнде құрылмайды. Барлығы кезең-кезеңімен жүруі керек. Ең бастысы, биржалар мен криптооператорлар заңды алаңда жұмыс істеуі қажет. Сонда ғана қолданушыларға қысым азайып, нарық көлеңкеден шығады», дейді Н.Күшімов.
Елімізде «Alem Crypto Fund» деген алғашқы криптоқор да іске қосылды. Оны Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрды. Басқаруды «Qazaqstan Venture Group» қолға алды. Қор АХҚО-да тіркелген. Бұл қор алғашқы инвестициясын да жасап үлгерді. Олар «Binance Kazakhstan» серіктестігімен бірге BNB криптовалютасын сатып алды. 2025 жылдың жазында осы токеннің нарықтық құны 138 млрд доллардан асқан.
Қазір елімізде криптовалюта қызметін пайдаланатын 170 мыңнан аса адам бар. Олардың көпшілігі жеке адамдар. Сарапшылар нарық әзірге жеке инвесторлардың арқасында өсіп тұрғанын айтады. Ал ресми криптотөлем жүйесі іске қосылғаннан кейін бұл салаға ірі компаниялар мен қаржы ұйымдары да келе бастайды.
Сенімді стейблкоин
Криптовалютаның осындай құбылмалылығынан кейін, оны тұрақтандыру мақсатында стейблкоин пайда болды. Ұлттық банктің айтуынша, елімізде сынақ алаңы аясында теңгеге байланған алғашқы стейблкоин іске қосылды. Жоба «Intebix» компаниясының бастамасымен жүзеге асты. Оған «Solana» блокчейн-платформасы, «Mastercard», «Еуразиялық банк» серіктес болды.
«Отандық стейблкоин цифрлық инновацияларды дәстүрлі қаржы инфрақұрылымымен біріктіріп, крипто-фиат арналарын кеңейтеді. Криптовалютаны теңгемен байланған стейблкоинге айырбастауға әрі криптокарталар арқылы сауда жасауға болады», делінген бас банк мәліметінде.
IT-саласының маманы Тимур Бектұр осы таңсық валютаны қарапайым тілмен түсіндіріп берді. Оның айтуынша, ол нақты валютамен байланысады, мысалы, бір стейблкоин әрдайым бір долларға тең. Яғни ол да цифрлық ақша, бірақ бағасы құбылмалы емес. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – криптовалюта мен кәдімгі банк ақшасының ортасы. Стейблкоин әлемде сауда мен есеп айырысуда жиі қолданылып жүр. Себебі еркін әрі сенімді.
«Стейблкоин дегеніміз – нақты бір валютаға немесе басқа активке байланған криптовалюта. Мысалы, доллар, теңге немесе алтын. Сол себепті ол биткойн не эфириум сияқты құбылмалы емес, бағамы тұрақты болады. Айталық, егер елімізде «Solana» жүйесі арқылы 1 стейблкоин теңгеге байланса, оның бағасы 1 теңгеге тең болып қала береді. Стейблкоинды тек ірі компаниялар емес, қарапайым азаматтар да пайдалана алады. Елімізде теңгеге байланған EVO стейблкоины пайда болды. Оны телефондағы арнайы әмиянға жүктеп алып, күнделікті дүкенде, қызмет ақысын төлегенде, интернет арқылы сатып алу кезінде қолдануға болады. Мұндай төлемдер тез жасалады, ыңғайлы және комиссиясы аз. Мысалы, мен АҚШ-та «Болашақ» бағдарламасымен оқып жүргенде, отандық картадағы теңгемен түскен стипендияны алу қиын еді. Теңгені долларға айырбастағанда шығын көп болатын. Ал осындай стейблкоин болса, айырбас үдерісі әлдеқайда жеңіл әрі тиімді болар еді», дейді Т.Бектұр.
Дегенмен, сарапшы бұл жүйені енгізу кезінде бірқатар қиындық болатынын да жасырмады. Оның пікірінше, ең бастысы – халықтың цифрлық сауатын арттыру. Стейблкоин – жаңа технология. Оны пайдалану үшін смартфон мен интернет керек. Адамдар оның қалай жұмыс істейтінін, қауіпсіздік ережелерін білуге тиіс. Алаяқтарға алданып қалмау да маңызды. Сондай-ақ заңнамалық реттеу мен инфрақұрылымның дайын болуы қажет. Бизнес пен тұтынушыларды жаңа төлем жүйесіне үйрету де уақыт алады.
Жаңа цифрлық ақшаның қарапайым халыққа нақты қандай пайдасы бар? Бұл сұрақты «Wise Invest Consulting» крипто компаниясының басшысы Темірлан Нұрахимовқа қойдық.
«Ең алдымен, ақшаңызды тұрақты бағамен сақтай аласыз. Егер жинағыңызды долларда ұстасаңыз, оны USDT түрінде сақтауға болады. Бағасы өзгермейді, инфляция әсер етпейді. Бұл әсіресе тұрақтылықты қалайтын адамдарға тиімді. Екінші пайдасы – ақша жіберу мен қабылдау өте тез. Кейде банк арқылы жасалған аударым бірнеше сағат немесе бір күнге дейін созылып кетеді. Ал стейблкоинмен ақша бірнеше минуттың ішінде жетеді. Комиссиясы да аз болады. Бұл әсіресе шетелге төлем жасайтын адамдар үшін өте қолайлы. Үшінші пайдалы тұсы – фрилансерлерге үлкен жеңілдік. Қазір шетелдік компанияларда жұмыс істейтін отандастарымыз көп. Олар тапқан ақшасын USDT түрінде оңай ала алады. Банктегі ұзақ тексерістерден, валюта айырбастау кезіндегі қиындықтардан құтылады. Көріп тұрғанымыздай, бұл жаңа технология ғана емес, сондай-ақ – қаржы жүйесінің жаңа кезеңі. Ол адамдарға ақшаны қауіпсіз сақтауға, тез жіберуге және халықаралық төлемдерді жеңіл жасауға мүмкіндік береді», деп түсіндіріп берді сарапшы.