Қоғам • Бүгін, 09:25

Бағдарламаның игілігі

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жұмысшы мамандарды қолдау, олардың тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесу мақсатында «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ биыл алғаш рет аталған контингентке арналған жеке бағыт – «Наурыз жұмыскер» бағдарламасын іске қосты.

Бағдарламаның игілігі

«Наурыз жұмыскер» бағдар­ламасы аясында бүгінге дейін 1 990 отандасымыз баспаналы болды. Олардың барлығы – жұмысшы мамандық иелері. Мамандар құрылыс, электр энергиясын тарату кәсіпорындарында, автомобиль өндірісінде, кен, мұнай, газ өндіру, қайта өңдеу салаларында жұмыс істейді.

Бағдарламаның жұмыс істеу кезеңінде ең көп несие өнеркәсіп пен құрылыс саласының қызмет­керлеріне берілді. Осы салаларда еңбек етіп жүрген 1 176 маман баспаналы болды. Несие саны жөнінен екінші орында – көлік саласының мамандары, саланың 396 өкілі тұрғын үйге ие болды. Үштікті энергетика саласы қорытындылады, осы сектордың 269 маманы қолжетімді несие рәсімдей алды.

Сонымен қатар «Наурыз жұ­мыскер» бағдарламасының қолдауымен өз баспанасын ауыл шаруашылығы, су ресурстары, суармалы жерлер саласының қызметкерлері де алды. Бағдар­лама 1 143 кәсіпорын мен 8 230 жұмысшы мамандықты қамтиды. Несие алу үшін арнайы конкурсқа қатысу міндетті емес. Жұмыс берушіден қызметкердің лауазымы, мамандығы, кәсіп түрін көрсететін анықтама алып, оны кез келген «otbasybank» бөлімшесіне өтінішпен тапсыру жеткілікті. Жұмысшы мамандықтары атау­ларының тізімі, кәсіпкерлік қызмет түрлері, жұмыс берушіден алынатын анықтама формасымен Банктің ресми сайтында танысуға болады.

«Наурыз жұмыскер» бағдар­ламасына қатысушылардың орташа жасы – 31 жас. Жұмысшы мамандық иелері арасында әйел­дер де бар. Алынған несиелердің шамамен 20%-ы нәзік жандыларға тиесілі. Солардың бірі – Ақкүміс Құдайберген. Теміржол саласында инженер-технолог болып қызмет етеді. Жас маман Көкшетауда ата-анасымен бірге тұрыпты. «Наурыз жұмыскер» бағдарламасының көмегімен Ақкүміс Астанадан пәтер сатып алды.

– Студент кезімде «otba­sybank»-тен депозит аштым. Жұмысқа кіріскеннен кейін оны мүмкіндігімше толықтыра бердім. Осы әрекетім несие алуда көп көмектесті. Өз баспанамның болуын көптен бері армандайтынмын. Алдымен «Наурыз» бағдарламасына қатысуды ойладым, бірақ онда конкурс бар екен, өтпей қалу қаупі туды. Банкте «Наурыз жұмыскер» бағы­тында несие алуға кеңес берді. Бағдарлама шарты да сәйкес келіп тұрды. Несиеге берген өтінішім мақұлданғанына, Астанадан пәтер алғаныма қуаныштымын, – дейді Ақкүміс.

«Наурыз жұмыскер» бағыты мен «Наурыз» бағдарламасының шарттары бір. Аймақтар үшін несиенің ең жоғары сомасы – 30 млн, Астана мен Алматы үшін – 36 млн теңге. Үлкен қалалар мен облыс орталықтарында тек жаңа баспана сатып алуға болады. Бағдарлама қатысушылары өздеріне қолайлы тұрғын үй кешенін, пәтерді «Баспана маркет» порталы (otbasybank.kz) арқы­лы таңдай алады. Қазір онда 10 262 пәтер бар 593 нысан ұсынылған.

Екінші нарықтағы тұрғын үйді тек моноқалаларда, ауылдық елді мекендерде сатып алуға болады. Осы уақытқа дейін 338 қатысушы екінші нарықтан үй сатып алды.

Соңғы жаңалықтар