Шымкент • Бүгін, 08:40

Озық ұлтқа айналудың тиімді жолы

10 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Кітап оқитын ұлт» жобасының Шымкентте өткізілу барысы туралы» баспасөз конференциясы өтті. Онда «Кітап оқитын ұлт» жобасының Шымкент қалалық кеңсе жетекшісі Ақан Бесбаев пен Шымкент қаласы білім басқармасы Әдістемелік орталығының директоры Шолпан Айтбаева аталған бастама туралы баян­дады.

Озық ұлтқа айналудың тиімді жолы

Ш.Айтбаева жоба қанатқақты бастама ретінде Қарағанды, Қостанай облыс­тары мен Шымкент қаласында қолға алынғанын атап өтті. Бастама халықты кітап оқуға қызықтырып, өмір салтына айналдыруды көздейді. Айтуынша, бүгінде ақпараттық технология дамығанымен, жастарда рухани байлық азайып барады. Сондықтан бұл тығырықтан шығудың жолы – кітап оқу. Жоба қоғамның барлық мүшесін қамтиды. Мектеп оқушылары, мұғалімдер, ата-аналар, колледж бен университет студенттері қатысып жатыр. Оларға оқуға 15 кітаптан берілді. Алты ай ішінде сол кітаптарды оқып, өздерінің қандай ой түйгенін жұртпен бөлісуі керек. Жоба алгоритмі бо­йын­ша алдымен мектепішілік, сосын ауданаралық, кейін қалалық байқау өтеді. Сол сайыста сүрінбей өткен үміткерлер байқау соңында жеңімпаз атанады. Барлық жүлдегерлерге қомақты сыйақы қарастырылғанын мәлімдеді. Қазір жобаның кітап оқу кезеңі жүріп жатыр.

«Жер бетіндегі тіршілік иелерінен адамды ерекшелейтін ең басты қасиет – оның ойлау қабілеті. Ойлану – адамды адам ететін, қоғамды өркендететін негізгі күш. Адам ойлану үшін оның миы үнемі жұмыс істеп, ой өрісі кең болуы қажет. Ойланбайтын жан иесі жансыз дене іспетті. Сондықтан біздің танымды кеңейтіп, санамызды тереңдетіп, өмірімізді мәнді ететін ең басты құрал – кітап. Тамақ пен су қандай қажет болса, кітап та соншалықты ауадай маңызды. Кез келген өркениетті қоғамның қуаты – оқыған, ойлы, ізденгіш ұрпақта. Біз сол ұрпақты қалыптастырудың нақты тетігі ретінде кітап оқу мәдениетін қайта жаңғыртуды қолға алып отырмыз. Осы орайда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деп атап өткен еді. Мемлекет басшысының бұл сөзі жай ғана мәдени үндеу емес, елдің рухани болашағына бағытталған нақты бағдар. Президенттің тағы бір айтқан сөзі бар: «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз», деген. Бұл сөз кітапқа бет бұру тек жас­тар үшін ғана емес, тұтас қоғам үшін стратегиялық қажеттілік екенін тағы да дәлелдейді. Сократтың «менің білетінім – ештеңе білмейтінім, ал өзгелер мұны да білмейді» деген даналық сөзі ойға оралады. Қазақ халқы да «Білім алу – тал бесіктен жер бесікке дейін» деп бекер айтпаған. Шын мәнінде, кітап оқу – үздіксіз үдеріс, ешқашан тоқтамауға тиіс құндылық. Біз немқұрайдылық танытуға құқығы жоқ қоғамда өмір сүріп жатқандықтан, әрқайсымыздың рухани дамуға қосқан үлесіміз бүкіл елдің дамуы­на әсер етеді», деді Ш.Айтбаева.

п

А.Бесбаевтың мәлімдеуінше, жоба бойынша кітап оқуды кеңінен насихаттау көзделіп отыр. Биыл қанатқақты бастама Шымкентте өтсе, келесі жылы барлық өңірлерде қолға алу жоспарда. Бұл да қоғамның стратегиялық қажеттілігі болуға тиіс. АҚШ және басқа да дамыған елдер жылына 16 кітаптан оқыса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 3 кітапқа да жетпейді екен.

Жобаның шартына сәйкес, қатысу­шыларға жалпы саны 300-дей кітап таратылды. Олардың дені қазақ әдебиеті мен әлем әдебиеті классиктерінің танымал шығармалары. Әрі мектеп оқушылары қатысып жатқандықтан, оларға жас ерекшелігіне қарай әртүрлі кітаптар оқуға ұсынылды. Бұл орайда жобалық кеңсе мегаполистегі әрбір мектеп, колледж, университетте кітап оқитын клубтар ашуды бастады. Мұнда адамды тек ақшалай жүлдемен қызықтырғысы келмейді. Негізгі мақсат – кітапқұмарлық әдетті қоғамға сіңіру. Ол халықтың күнделікті әдетіне айналуға тиіс. Тағайындалған қаржылай жүлде қоры демеушілер есебінен толықтырылды. Әзірше қызыққандар көп екенін айтты спикер. Тіпті адамдар жобаға тіркеу мерзімін ұзартуын өтінген екен. Қатысушыларға арнайы сайт жұмыс істейді. Ол жерде үміткерлер қанша кітап оқыды, оны қалай талқылағанын бағалайтын балдық шкалалары көрсе­тіліп тұрады.

Неге бүгінде елімізде кітап оқу деңгейі төмендеп кетті? Спикерлер ақпараттық технология заманында бұл әлемдік үрдіске айналып бара жатқанын мәлімдеді. Яғни оқудан гөрі көбірек көруге қызығады. Оның өзінде ұзақ бейнелерді көргісі келмейді. Бір минуттан асатын бейнелерді соңына дейін қарамай, өткізіп жібереді. Бұл құбылыс дамыған Жапонияда да байқалып жат­қанға ұқсайды. Онда да халықты кітап оқуға қызықтыру жүзеге асырыла бас­тапты. Сонымен қатар спикерлер бала кітап оқу үшін алдымен үлкендер өзінен бастау керегін айтты. Егер үйде дас­тарқан басында ата-ананың өзі телефон шұқылап отырса, одан тәлім алған бала қайда барады. Ол да смартфонға құмартып өседі. Сондықтан баланы кітап оқуға қызықтырудан бұрын ата-ана әуелі өзін тәрбиелеуге тиіс. Ш.Айтбаеваның мәлімдеуінше, Шымкент мектептерінде «Күніне 20 минут кітап оқу» жобасы енгізіліпті. Мемлекет халықтың ынтасын ояту үшін көптеген оқулықтарды қазақ тіліне аударып, оқырмандарға ұсыну жұмыстарын қарқынды атқарып жатыр. Кітап дүкендерінде әртүрлі бағыттағы қазақша кітаптар саны көбейген. Оқыр­ман қай саланы қаласа, сол сала бо­йынша қазақша оқулықтар табылады. Кей елдерде адамдар метроның ішінде кітап оқып отырады. Бұл – оқымысты қоғамның белгісі. Мына ұлттық жоба сол дәрежеге жеткізуге баспалдақ. Демек, халық тарапынан үлкен қолдау қажет. Тұтас қоғам ұйысса, нағыз кітап оқитын елге айналудан үміттіміз.

«Кітап оқитын ұлт» жобасының басты мақсаты – оқуды өмір салтына айналдыру және елімізді әлемдегі ең көп кітап оқитын он елдің қатарына қосу. Өкінішке қарай, қазір Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша әлемде 95-орында. Ал көш бастап тұрған елдер қатарында АҚШ, Финляндия, Ұлыбритания және Жапония бар. Демек, бұл жоба – тек мәдени акция емес, ұлттық сана мен рухани дең­гейімізді жаңғыртудың нақты құралы. Аталған жобаның Шымкент қаласында да жүзеге асырылуы қаламыздың ерек­шелігін көрсетеді. Біз бұл бағытта белсенді аймақтардың бірі болып отырмыз. Мақсат – жобаны тек өткізу емес, оны халықтық қозғалысқа айналдыру. Сол үшін де қалада арнайы жобалық кеңсе құрылып, барлық оқу орындары, кітапханалар, мәдениет мекемелері мен БАҚ өкілдері бірлесіп жұмыс жүргізіп келеді. Мұнда алты бағыт көзделген. Атап айтқанда, «Кітап оқитын мектеп» – 6–10-сынып оқушылары арасында байқау түрінде ұйымдастырылады. «Кітап оқитын колледж» – студенттер арасындағы пікірсайыс. «Кітап оқитын университет» аясында жоғары оқу орындары арасындағы зияткерлік дода ұйымдастыру көзделген. «Кітап оқитын педагог» – ұстаздарға арналған білімді сынау алаңы есебінде болады. «Кітап оқитын әулет» – отбасылық форматтағы ойын-эстафета жағдайында бағаланады. Соңғысы «Кітап оқитын мемлекеттік қызметкер» – қоғам алдындағы тұлғалардың рухани ізденісін қолдауға бағытталған танымдық сайыс ретінде қолға алынады. Кітаптар тізімі – көркем әдебиеттен бастап, тұлғалық даму мен тарихи танымға дейінгі ауқымды қамтиды. Бұл арқылы біз жастардың ойлау көкжиегін кеңейтуді, ұстаздардың және ата-аналардың үлгі болуын және мемлекеттік қызметкерлердің рухани мәдениетін көтеруді көздейміз», деді жобалық кеңсе жетекшісі А.Бесбаев.

Шымкент қаласы бойынша қазір 66 мыңнан астам азамат осы жобаға қатысып отыр. Оның ішінде 26 мыңнан астамы – мектеп оқушылары, 8 мыңнан астамы – колледж студенттері, 10 мыңға жуық – университет студенттері, 6 мың­нан астам – ұстаздар қауымы, 15 мың­нан астам – ата-аналар мен әулеттер және 546 – мемлекеттік қызметкерлер. Жобаны жүзеге асыру мерзімі Осы жылдың қыркүйегінен келесі жылдың сәуір айына дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында тіркеу, оқу кезеңдері, байқаулар мен марапаттау рәсімдері кезең-кезеңімен өтеді. Әр ай сайын қатысушылардың оқу белсенділігіне талдау жасалып, үздіктердің бейнежазбалары әлеуметтік желілерде жарияланады. Бұл – бір жағынан ынталандыру болса, екінші жағынан халықтық серпіліс тудыратын құрал деп есептейді мамандар. Осы бастаманың аясында ең белсенді оқырмандар мен жеңімпаздарға қомақты жүлделер тағайындалған. Мәселен І орынға – 1 млн теңге, ІІ орынға – 600 мың теңге, ІІІ орынға – 400 мың теңге жүлде бар. Жалпы жүлде қоры 40 млн теңгені құрайды. Бірақ спикерлердің пікірінше, қаржыдан бөлек ең үлкен марапат – ол адамның өз бойындағы рухани байлығының артуы. Кітап оқу арқылы адам өз әлемін таниды, ойын тереңдетеді, жүрегін тазалайды.

Жобаны үйлестіру үшін қалалық деңгейде жауапты тұлғалар бекітіліп, әр мектеп, колледжде, университетте «Оқырман клубтары» мен «Кітап бұрыштары» ашылып жатыр. Бұл орталықтарда пікірталастар, авторлармен кездесулер, әдеби кештер мен кітап алмасу акциялары өтеді. Әдістемелік орталықтың жетекшілігімен оқырмандарға арналған нұсқаулықтар, викториналар және оқу күнделіктері дайындалды. Ақпараттық бағыттағы жұмысқа осылайша ерекше көңіл бөлініп жатыр. Әлеуметтік желілерде #КітапОқитынҰлт және #ЧитающаяНация хэштегтері арқылы халықтық қозғалыс қалыптасып келеді. Қатысушылар оқыған кітаптары туралы қысқаша бейнепікірлер түсіріп, TikTok, Instagram желілерінде бөлісе бастады. Сонымен қатар танымал тұлғалар, өнер адамдары мен блогерлер жоба насихатшысы ретінде насихат жұмысына атсалысып отыр.

Соңғы жаңалықтар