Спорт • Бүгін, 08:08

Жарыс күнделігі

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

20 қарашада шайбалы хоккейден ерлер арасындағы Азия чем­пионатының шымылдығы түріледі. Бұл бәсекеде сары құр­лықтың ең үздік төрт командасы айналмалы жүйе бойынша сайысқа түседі. Олар – Қытай, Қазақстан, Оңтүстік Корея, Жапония. Еске сала кетейік, был­тыр Алматыда өткен жарыста жерлестеріміз бас жүлдені олжалады.

Жарыс күнделігі
  • Ерлер арасындағы әлемдік рейтингте еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бублик 11-орында тұр. Бұл оның мансабындағы ең үздік көрсеткіш. АТР-дің ТОП-10-дығына Карлос Алькарас (Испания), Янник Синнер (Италия), Александр Зверев (Германия), Новак Джо­кович (Сербия), Тэйлор Фриц (АҚШ), Бен Шелтон (АҚШ), Алекс де Минуар (Аустралия), Феликс Оже-Альяссим (Канада), Лоренцо Музет­ти (Италия), Джек Дрейпер (Ұлыбритания) сынды дүлдүлдер еніп отыр.
  • Мысыр елінде нысана көздеуден өтіп жатқан әлем чемпио­натының құрамында Александра Ле, Арина Малиновская, Ели­за­вета Безрукова сынды мергендері бар елі­міз­дің құрамасы 50 метрге үш қалыптан ату сайысында қола медаль ие­ленді. Жерлестерміз Қытай мен Швейцариядан ғана қалып қойды.
  • Футболдан жасөспірімдер арасындағы (U-17) әлем чемпио­натының іріктеу турнирінде еліміздің құрамасы сенсациялық нәтижеге қол жеткізді. Бауыржан Сағындықтың шәкірттері Хорватияның Неделище қаласында өткен матчта алаң иелерін 2:1 есебімен ұтты. Кездесудің 2-минутында Ислам Рақым мергендік танытса, 33-минутта Юрий Фриган таразы басын теңестірді. Ал 45-минутта Расул Әкімов нысананы дәл көздеді. Осы есеп ойынның соңына дейін сақталды.
  • Теннистен Лионда өтіп жатқан «Челленджер» санатындағы турнирдің алғашқы айналымында Михаил Кукушкин ұлыбри­таниялық Билли Харристі ұтты. 1 сағат 40 минутқа созылған сайыс 7:6, 7:5 есебімен аяқталды. Енді отандасымыз франциялық Люк ван Ашеммен күш сынасады. Бейбіт Жұқаев кезінде АТР рейтингінде 21-орынға дейін көтерілген 35 жастағы Германияның сақа спортшысы Ян-Леннард Штруффқа есе жіберді – 7:6, 6:7, 4:6.
  • 20 желтоқсанда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында кәсіпқой бокс кеші өтеді. Жарыстың басты жекпе-жектерінде Елшат Нығметолла (21-0-2, 8 КО) мен Армат Арманұлы (5-1, 4 КО) айқасады. Екеуі де WBA Asia нұсқасының чемпиондық белбеуіне таласады. Олардың қарсыластары әзірге белгісіз. Сондай-ақ Еділ Қожамбердиев (16-2, 16 КО), Әлішер Абдуләлім (6-0, 4 КО), Элина Базарова (1-0, 1 КО), тағы басқа танымал былғары қолғап шеберлері өнер көрсетеді. 
Соңғы жаңалықтар