Фото: pinterest.com
Агенттіктің мәлімдеуінше, санкция тізіміне Харьковтегі GK Imperativ Ukraina LLC және Киев пен Харьков қалаларында жұмыс істейтін Ekofera LLC енгізілген. Тергеу материалдарына қарағанда, Иран осы компаниялар арқылы Украинадан авиация мен зымыран өндірісіне қажетті аэрокосмостық өнімдерге тапсырыс беріп отырған. Олардың қатарында авиагоризонт, магнитометр, қозғалтқыш және генератор бөлшектері бар. Кейін бұл жабдықтар Иранның HESA авиациялық-өнеркәсіптік кәсіпорнына жеткізілгені айтылады.
Қаржы министрлігі шектеулердің жаппай қырып-жою қаруын таратуға қатысы бар тұлғаларға бағытталған 13382 атқарушылық жарлық аясында енгізілгенін хабарлады. Осы жарлыққа сәйкес HESA компаниясына қаржылай, технологиялық немесе өзге де қолдау көрсету әрекетінің бәрі санкцияға негіз бола алады.
Ведомствоның дерегінше, украиналық кәсіпорындар Иранның Ababil зымырандары мен Shahed сериясындағы дрондары үшін қажетті бөлшектерді сатып алумен айналысқан кең көлемді трансұлттық желінің бір бөлігі болған. Бұл жүйеге БАӘ, Түркия, Қытай, Гонконг, Үндістан және Германияда орналасқан бірнеше компания кірген. Аталған мемлекеттердің кәсіпорындарына да АҚШ тарапынан шектеулер қойылды.