Шымкент • Бүгін, 09:00

Жоғары мектеп: халықаралық әріптестік

10 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті мен Arizona State University арасында білім саласы бойынша стратегиялық әріптестік орнады. Осы мақсатқа орай халықаралық әріптестікті дамыту және отандық жоғары білімді жаһандық академиялық кеңістікке интеграциялау аясында Ғылым және жоғары білім министрлігі, АҚШ-тың Arizona State University және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Келісім стратегиялық академиялық әріптестікті нығайтуға, елімізге әлемдік деңгейдегі білім беру бағдарламаларын енгізуге, бірлескен ғылыми зерттеулерді дамытуға және студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын кеңейтуге бағытталған.

Жоғары мектеп: халықаралық әріптестік

Құжатқа қол қою рәсімі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Америка Құрама Штаттарына барған ресми сапары барысында өтті. Осылайша, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан уни­вер­ситетінің ректоры Дархан Ахмед-Заки мен Arizona State University жаһандық академиялық бастамалар жөніндегі вице-президенті Джулия Розен әріптестік келі­сімге қол жеткізді.

Бұл келісім еліміз үшін төмен­дегі­дей мүмкіндіктер береді. Бірін­шіден, халықаралық қос дип­лом бағдарлама­сы (3+1 форматы) аясында студенттер 3 жыл Қа­зақ­станда және 1 жыл АҚШ-тағы Arizona State University-де оқиды. Бағдарлама аяқталған соң студенттер М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті мен Arizona State University-дің «Компьютерлік ғылымдар / Ин­форматика» мамандығы бойын­ша екі диплом алып шығады. Екін­шіден, Қазақстанда алғаш рет АҚШ-тың ASU моделіне негіз­делген жоғары жетістікті студенттерге арналған колледж ашылады. Колледж аясында зерттеу жоба­лары мен көшбасшылық дағды­ларды дамытуға бағыттал­ған бағдар­ламалар жүзеге асады. Сондай-ақ бағдарлама шеңбе­рін­де мемлекеттік қолдау мен тиісті шәкіртақы қарастырыл­ған. Үшіншіден, ғылыми әріптестік пен технологияларды дамыту көз­деледі. Бұл ретте тараптар цифр­лық білім беру, инжиниринг, менеджмент, экология және жасан­ды интеллект салаларында бірлес­кен зерттеулер жүргізуге, оқыту­шылардың тағылымдамасы мен тә­­жірибе алмасуы жайында келісті.

шым

«ASU университетімен келі­сімге қол қою – біздің универ­ситетіміз бен Қазақстанның жо­ға­ры білім жүйесін­дегі тарихи оқи­ға болып саналады. Біз амери­ка­лық білім стандарттарын ен­­гіз­іп, «Honors College» және 3+1 қос дип­лом бағдарламасын іске қоса­мыз. Біздің студенттер елде жү­ріп-ақ әлемдік деңгейде білім алады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жү­зе­ге асып жатқан білім саласындағы әріптестік байланыстар келешекте өзінің үлкен жемісін берері сөзсіз. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған шетелдік университеттер филиалдарын ашу жұмыс­тары ауқымды стратегиялық мақ­сатқа негізделген. Ол бірінші кезекте әлемнің ең дамыған білім жүйесінің қатарына қосылу. Сол арқылы кейін білікті де тәжі­рибелі әрі жоғары кәсіби мамандар даяр­­лау. Ел Президенті Жолдауда айтып өткендей алдына биік мақсат­тар қойып отыр. Соның бірі – экономикасы дамы­ған әлемдегі озық мемлекеттердің көшіне ену. Осы жоспарды іске асыру үшін Мемлекет басшысы нақты жоспарлар мен міндеттер белгіледі. Оның ішінде отандық еңбек нарығын кәсіби мамандармен толықтыру бар. Өз кезегінде біздің университет еліміздің оңтүстік аймағын сапалы техникалық кадрмен қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарады. Әсіре­се елмен бірге дамып келе жат­қан республиканың үшінші мега­по­лисіндегі кәсіпорындарға қа­жетті мамандар даярлау – біздің оқу орнының еншісіндегі маңызды мін­дет. Қазірдің өзінде жергілікті өндіріс орындарымен университет арасында студенттердің оқу-тәжірибе алмасуы бойынша ке­лісімдер жүзеге асып келеді. Со­ның аясында студенттер аудитория­да алған білімдерін зауыт-фабрикаларда тәжірибе жүзінде шыңдап оқу бітіргенше нағыз білікті кадр болып даярланып шығады. Бұ­ған Шымкент қаласының әкімдігі үлкен қолдау білдіріп отыр. Ендігі кезекте шетелдің озық дамыған оқу бағдарламасы еліміздің білім жүйесі шеңберінде іске асып, дипломы кез келген елде мо­йындалатын мықты мамандар даярланады. Бұл стратегиялық қадам Президент бастамасы мен тапсырмасының орындалып жатқанын көрсетеді», деді М.Әуезов атындағы ОҚУ ректоры Дархан Ахмед-Заки.

Өз кезегінде ASU проректоры­ның кеңсесі жанындағы жаһан­дық ака­де­миялық бастамалар жө­ніндегі вице-пре­зидент Джулия Розен Arizona State University Қазақстанмен ынтымақтастық­тың жаңа кезеңін бастағанына қуаныш­ты екенін жеткізді. Ол сондай-ақ ортақ білім беру бағдарламалары, зерттеу және академиялық ұтқырлық АҚШ пен Орталық Азия арасындағы «алтын көпір­ге» айналып, студенттер мен оқытушы­ларға нақты мүмкіндіктер ашатынына сенім білдірді.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақ­стан мен Аризона штаты университет­тері келісімді кезең-кезең бойынша халық­аралық серіктестермен бірлесіп жүргізуге уағдаласты.

Жалпы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен «Қа­зақ­стан – ака­де­миялық білім айма­ғы» стратегиялық серік­­тестер фору­мында білім сала­сын­дағы халықаралық әріптестікті кеңейту­дегі мақсат қазіргі заман­ның техно­логиялық жетістігі – жасанды интеллект, цифр­лық жүйе секілді жаңашыл­дық­тарды мең­геріп, өз елімізде жан-жақты дамыту екенін айтқан болатын. 

«Қазақстан технологиясы озық ел бо­луға нық қадам бас­­ты. Бұл – біздің жаңа ұлттық бол­­мы­сымыздың аса маңызды бө­лігі деп айтсақ, қате болмайды. Бүгін спикерлер жасанды интел­лектінің жаһандық ортақ прогрес­ті өрге сүйрейтін жаңа қозғау­шы күш ретіндегі рөліне баса мән берді. Шын мәнінде, осы біре­гей технологияның арқасында адамзат алға қарай қарышты қадам жасай алады. 2030 жылға қарай ЖИ әлемдік ІЖӨ көлемін 15 триллион доллардан аса ұлғайтады деп болжанып отыр. Бірақ жасанды интеллектінің дамуынан ең көп пайданы қай ел көреді? Бұл – өте қызықты сауал. Оны терең зер­делеп, сарап­тау қажет. Жауабы аса қиын көрінбегені­мен, бұл мәселе адамзат келешегі­мен тікелей байланысты екенін мо­йындауымыз керек. Қазақстанда жасанды ин­теллектіні дамыту және басқа салалармен жан-жақты интеграциялау ең жоғары стратегиялық басымдық саналады. Қазақстан жаһандық білім нарығының бір бөлігіне айналуды көздеп отыр. Сондық­тан алдымызға күрделі, алайда аса маңызды мақсат қойдық. Оған жету үшін әлемнің 40 жетекші университетімен серіктес­тік орнатылып, елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы ашылды. Шетел университеттерінің филиалын ашу инженерлік және IT білімді дамыту мақсатымызға толық сай келеді», деді Мемлекет басшысы.

Бұл орайда М.Әуезов атын­дағы Оңтүс­тік Қазақстан уни­вер­ситетінде ІТ саласын игеруде көпте­ген жетістікке қол жеткізді. Мәселен, аталған оқу орнының әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры, басқарма мүшесі Ғани Бесбаев­тың айтуынша, университетте «AI-sana» жобасы қолға алынып, соның аясында көптеген жұмыс атқарылды. Бұл жоба білім беру, ғылыми зерттеу және стартап-кәсіпкерлікті жасанды интеллект технологиялары арқылы біріктіреді. Бағдарлама бірнеше кезеңді қамтиды. Онда  базалық дағдылардан бастап, стартаптар құруға дейінгі мүмкіндіктер қарастырылған. Жоба салалық міндеттерді орындауға, сондай-ақ аграрлық, энергетикалық және инженерлік бағыттардағы нақты проблемаларды ЖИ көмегімен шешуге арналған.

Сонымен қатар университет­тің ин­новациялық жобалар орта­лығы жасанды интеллектіні білім үдерісіне енгізу жұмыс­тарын жал­ғастырып жатыр. Электрон­дық кітапханаға интеллектуалды іздеу жүйесі, смарт-кампус элемент­тері және сту­денттердің үлгерімін болжауға арналған аналитика­лық модельдер әзірлену үстінде.

Осылайша, М.Әуезов атында­ғы Оң­түс­тік Қазақстан универси­теті өңірлік дең­гейде ғана емес, республика бойынша да жасанды интеллект мамандарын даярлауда маңызды орынға ие болып отыр. Мұндағы басты мақсат – зама­науи технологияларды меңгерген, ең­бек нарығында бәсекеге қабілетті кәсіби мамандар даярлау және сол арқылы еліміздегі цифрлық трансформацияға үлес қосу.

Биыл Жұмысшы мамандықта­ры жылы. Ол – Президенттің тапсырмасымен елі­мізде жүргізіліп жат­қан жұмысшы мамандық­тар­­ды қолдау саясатының нәти­жесінде іске асып отыр. Мемлекет бас­­шысы бұл туралы Қазақстан халқы­на арнаған Жолдауында айтып өткен болатын. «Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияладым. Қазір еліміз­де мыңдаған жұмыс орны бос тұр. Түрлі салада, тіпті, жала­қысы едәуір жоғары жұмыс орындары бар. Бұл орындарды шетелден келіп жатқан адамдар тол­тыруда. Жыл ­сайын мыңдаған инженер, құрылысшы және ауыл шаруашылығы маманы оқуын бітіріп шығады. Оларға білім беру үшін мемлекет қомақты қаражат бөліп жатыр»,  деген еді Президент.

Осы ретте М.Әуезов атындағы ОҚУ колледжінде еңбек нарығы­ның сұранысына сәйкес жаңа маман­дықтар пайда болды. Атап айтқанда, 2025–2026 оқу жылында тігінші, техникалық және көркемдік эскиздерді орындау­шы, аспаз сияқты жұ­мысшы мамандықтар бойынша талапкерлер қабылданды. Сонымен қатар колледж және жұмыс беру­ші кәсіпорындар арасындағы ын­тымақтастықты күшейту мақса­тында  жұмыс берушілердің тапсырыс саны ұлғайтылды. Колледж­де дуалды оқыту жүйесі де кеңі­нен енгізілген. 2025–2026 оқу жылында колледжде 78 кәсіп­орын және 381 студентпен үшжақты келісім­­шарт жасалды. Бұл жүйе студенттердің нақ­ты өндіріс саласында тәжірибе жинақта­уына мүмкіндік береді. М. Әуезов атын­дағы Оңтүстік Қазақстан универ­ситеті­нің колледжі алдағы уақытта халықара­лық салалық аккре­дит­теуден өтуді, жұмыс беруші­лер­дің тапсырысы негізінде мамандар даярлауды ұлғайтуды және қол­дан­балы бакалавриат бойынша жаңа мамандықтар ашуды жоспарлап отыр.

«Хакім Абай өз сөзінде: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген болатын. Сондықтан біз ұлылар қал­дырған аманатқа адалдық танытып, өр­кениет пен ғылымды ұштастырған ел болуымыз керек. Университет бүгінгі еңбек нарығына сай мамандар дайындайтын ұстахана. Жаңа технологиялар мен со­ған сәйкес пайда болған жаңа мамандық­тар қазіргі еңбек нарығы­ның сұраны­сын қалыптастырады. Бұл күнде ІТ саласын, жасанды интеллектіні меңгерген мамандар алға шығып келеді. Жалпы, келешекте цифрлық технологияның арқасында көптеген мамандық жойылуы мүмкін. Қазірдің өзінде роботтар кәсіпорындарда біраз жұмысшыларды қызметінен ығыс­тырды. Жылдан-жылға цифр­лық технология жеті­ліп ке­леді. Көптеген сала робот­танды­ры­лып, автоматтанды­ры­лып жатыр. Әдеттегі мамандықтардың орнын цифрлық жүйе алмас­ты­руға көшті. Негізінде жасан­ды инте­ллек­тіні ғылыми техникалық револю­цияның бір кезеңі десек болады. Ендігі кезекте Қазақ­стан­ның жоғары оқу орындары жаңа сұранысқа сай мамандар даярлауға дайын болу керек. Бірінші кезекте мұндай технологияны білетін, шәкірттерге үйрете алатын уни­вер­ситеттің өзінің біліктілігі жоғары болу­ға тиіс. Сондықтан Президент бас­тамасы­мен іске асып жатқан білім саласындағы халықаралық әріптестіктің маңызы өте жоғары. Ең бастысы, ғылым саласындағы әлемдік бәсекелестікте біздің еліміз көштің соңында қалмауы тиіс. Дүние жүзінің ең озық университеттерінің филиалын ашу соған ұмтылудың бір көрінісі. Білім саласына салынған инвестиция ең тиімді инвестиция. Өйткені сол арқылы еліміздің сапалы ұлт­тық кадры қалыптасады. Эконо­миканы өрге сүйрейтін нағыз күш солар. Көп жағдайда мемлекеттің байлы­ғы адами потенциялымен өлше­неді. Ел байлықтарын игеріп, иннова­циялық өнім шығарып, сапалы сервистік қызмет көрсететін сол кәсіби мамандар. Бұл ретте жоғары оқу орындарының міндеті – сондай білікті ше­берлерді даяр­лау. Міне, осы мақсатқа орай бүгінгі таңда мемлекет білім саласына  қатты көңіл бөліп жатыр. Озық технологияны іске асыратын мамандар. Ал сол кәсіп иелерін даярлайтын университет. Ендеше, жоғары оқу орындары бүгінгі заман талаптарына сай өзгеруге тиіс», деді Ғ.Бесбаев.