Шаруашылық • Кеше

Астық молайып, көңіл тоғайды

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл еліміздің қамбасына 27 млн тонна астық құйылды. Бұл пұттық өлшеммен алғанда 1 млрд 687 млн пұт астық деген сөз. Бұрын 1 млрд пұтқа төбеміз көкке жетіп мәз болсақ, енді 2 млрд пұтқа жуық астық жинауға қол жеткізіппіз. Қазақстанның 1 млрд пұт астық жинаған жылдары да бұрын сирек болатын, ал қазір, бұл табысқа жыл сайын жетіп келеміз.

Астық молайып, көңіл тоғайды

Бұрын жиналған астық түгелімен мемлекеттікі саналып, оны тұтастай халықтыкі деп есептейтінбіз. Ал қазір астықты жекеменшік корпорациялар, серіктестіктер, қожалықтар өндіреді. Бірақ «Елде болса, емерсің» дегендей олардың табысынан мемлекеттік бюджетке салық арқылы толымды табыс түседі. Одан бөлек, мемлекет биыл берген 1 трлн теңге көмегін 5 пайыздық өсіммен өзіне қайтарады. Бұл да зор табыс.

Жуырда, орақ науқанының аяқталуына байланысты бол­ған Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов ди­қандарды зор табысымен құт­тық­тап, қажырлы еңбектері үшін оларға алғыс білдірді. Сонымен қатар ол биыл ауыл­ шаруашылығы өндірісін қол­дауға мемлекет 1 трлн теңге қаражат бөлгенін, соның арқасында диқандарға тұқым, арзандатылған жанар-жағар­май, тыңайтқыш толық жетті.

«Жер жағдайы мен қолайлы ауа райы ғана емес, агротехнологияларды толық сақтау да үлкен табысқа жеткізеді. Дұрыс агротехнология – жақсы егіннің кепілі. Сонда ғана біздің өнімдеріміз экспорттық нарықтарда бəсекеге қабілетті болады», деді О.Бектенов.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров кейінгі жылдарда ауыл шаруашылығы өндірісі тұрақты өсім беріп отырғанын жеткізді. «Биыл 16 млн гектар алқаптан өнім алынып, гектар өнімділігі 17 центнерден болды», деді ол. Бұл да үлкен табыс, бұрын гектар өнімділігі 14 центнерден аспайтын. Демек, агротехнологиялық үдерістер толық сақталса жер ананың берері әлі де мол екен. Министрдің айтуынша, жерге көңіл бөлу, əрбір алқапты зерттеп егу жəне ғылыми ұсынысты ескеру маңызды.

Мол астыққа Солтүстік Қазақ­стан облысы да өзінің қомақты үлесін қосты. Былтыр 6,2 млн тонна астық жинап, облыс тарихында рекордтық көрсет­кішке жетсе, биыл өз рекорд­тын жаңартып, 6,5 млн тонна астық жинады. Барлық агро­тех­никалық шараларды өз мез­гілінде толық орындаған «Зенченко и К», «Вагулинское», «Ноғайбай», «Арқалық» сияқты шаруашылықтар гектарынан 60 центнерден және одан да жоғары өнім алып, өз алқаптарында рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Республика күні қар­саңында «Мамбетов және К» командиттік серіктестігінің механизаторы Мұрат Қаражұмановтың Қазақстанның Еңбек Ері жоғары атағын алуы да астықтың биылғы жоғары шығымдылығымен байланысты екені даусыз. Бұл марапат барлық солтүстікқазақстандық диқандардың еңбегіне берілген баға болды.

Үкімет отырысында Солтүстік Қазақстан облысының əкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қазір 2026 жылғы егін науқанына дайындық бас­талып кеткенін жеткізді. «Егіс құрылымын алдын ала жоспарлау жүріп жатыр. Əртараптандыру бағыты жалғасады. Суды көп қа­жет ететін дақылдар азайтылады. Жо­ғары табысты дақылдарға басым­дық беріледі», деді өңір басшысы.

 

Солтүстік Қазақстан облысы