Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Музей қорына қосылған құжаттардың маңыздысы – 1925 жылдың 11 ақпанында астананы Қызылорда қаласына көшіру туралы Орынборда қабылданған қаулының көшірмесі. 1928 жылдың сәуір айында Қызылорда мен Алматы қалаларындағы құрылыстарды бақылау туралы жиын хаттамасы да назар аударуға тұратын құжат.
«Архивтік құжаттардың ішінде Қызылорда қаласы құрылысының сапасына байланысты Алаш қайраткерлері А.Кенжин мен М.Тынышбаевтың жұмысын тексеруге байланысты отырыстың хаттамалары да кездеседі. Жалпы, бастапқыда жаңа астанада мемлекеттік органдарға орын тауып беру оңай болмағаны байқалады. Қаржының жоспардағыдан аз бөлінуі салынып жатқан құрылыс сапасына да әсер етіпті. Айналып келіп, іс басында жүрген Аспандияр Кенжин, Мұхаметжан Тынышбаев секілді азаматтар мен А.Будасси секілді мамандар айыпталады», дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғалым-хатшысы Асхат Сайлау.
Жаңа астанада байларды тәркілеу туралы алғашқы отырыс 1928 жылдың мамыр айында өтіпті. Кәмпескеленетін байлардың тізімі жасалып, оларға қолданылған шара туралы газет бетіне мақала жариялау жағы қатты қадағаланыпты.
Ашық жазылмаса да құжаттардан ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі аштық ел өміріне үлкен өзгеріс әкелгені байқалады. Қызылорда астана мәртебесін иеленген жылдары тек нан дайындауға қатысты көптеген жиналыс өтіпті. Соның жиырма-отызы 1928 жылы ұйымдастырылған.
Сол уақытта баспасөзге жазылуды ұйымдастыруға ерекше ден қойылған екен. Мысалы, 1928 жылдың маусымында «Әйел теңдігі» журналына жазылым барысы қаралған жиын.
«Сонымен бірге журналға Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Есова, Н.Құлжановалар жариялаған мақалалардың көлемі көрсетілген құжаттар да бар. Қазір музей қызметкерлері тарапынан «Әйел теңдігінің» 1927 жылғы бір саны төте жазудан аударылып жатыр.
Архивтен алынған құжаттар ішінде 1925–1927 жылдары салынған ғимараттар фотосуреттері мен сәулетшілердің фотоархивтік құжаттары бар. Құжаттарды қарау барысында Алаш қайраткерлерінің Қызылордадағы кезеңіне баса назар аударған едік. Осы бағытта қолымызға тиген 1925–1926 жылғы қала сипаттамасының тарих үшін маңызы ерекше. Оны жазған – Алаш қайраткері Серікбай Ақаев. Есепте Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық жағдайы, тұрғын үйлердің жай-күйі нақты жазылған. Яғни қаланың астана кезеңіндегі шынайы бейнесі баяндалған. Болашақта қолға тиген құжаттарды жүйелеп, осы күні ұмытылуға айналған Серікбай Ақаев туралы ізденісімізді тереңдете түскіміз келеді», дейді Асхат Сайлау.
Қызылорда