Саясат • Кеше

Қазақстан – Ресей: тамыры терең байыпты ынтымақтастық

40 рет
көрсетілді
34 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапарының екінші күні Александр бағындағы «Белгісіз жауынгер бейіті» мемориалына гүл шоғын қою рәсімінен басталды. Бір минут үнсіздіктен кейін оркестр Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранын орындады. Содан соң Құрмет қарауылы еліміздің ресми делегациясының алдынан салтанатпен сап түзеп өтті.

Қазақстан – Ресей: тамыры терең байыпты ынтымақтастық

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Парламентаралық диалогтің өзекті мәселелері талқыланды

Бұдан кейін Президент Ресей Федерал­ды Жиналысы Федерация Кеңесі­нің Төр­ағас­ы Валентина Матвиенкомен кездесті.

Валентина Матвиенкомен кездесу барысында Президент бұл сапарын Қазақстан – Ресей сан қырлы ықпалдастығының айтулы кезеңі ретінде қарастыратынын айтты.

– Бұл сапар елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды жаңа деңгейге көтеру тұрғысынан тарихи маңызға ие, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен кездесуі жайында айтып, екі елдің ресми делегация өкілдерінің қатысуымен өтетін келіссөздердің күн тәртібіне назар аударды.

– Кеше Владимир Владимировичпен екі сағатқа жуық жүзбе-жүз отырып әңгі­ме­лесіп, көптеген мәселені, өзара ынты­мақ­тастықты және халықаралық ахуалды талқыладық, – деді Қазақстан Президенті.

Валентина Матвиенко кездесу үшін Мемлекет басшысына ризашылығын білдіріп, Қазақстан Президентінің мемлекеттік сапарына Ресейдің ерекше мән беріп отырғанын жеткізді.

– Сіздің сапарыңызға өте үлкен дайындық жүргізілгенін білемін. Маз­мұнды бағдарлама мен мемлекет­аралық құжаттар пакеті әзірленді. Бүгін осы құжаттарға мемлекет­ басшылары қол қояды. Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіздің «Российская газета» басылымына жария­ланған мақалаңызды мұқият оқып шық­тым. Шынымды айтсам, Ресей – Қазақстан қарым-қатынасына қатыс­ты тұстарына алып-қосарым жоқ. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тарихы, бүгіні және болашағы жайында өте терең толғам жасағансыз, – деді Ресей Федералды Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрағасы.

см

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Валентина Матвиенко сауда-эконо­микалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақ­тастықтың, сондай-ақ пар­ламентаралық диалогтің өзекті мәсе­лелерін талқылады.

Жоғары деңгейде қол жеткізілген барлық келісімге заңнама тұрғысынан сапалы қолдау көрсетудің және Қазақстан мен Ресей парламенттерінің күш-жігерін үйлестірудің маңызын атап өтті.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Валентина Матвиенко екі елдің мемлекетаралық және парламентаралық қарым-қаты­насына арналған фотокөрмені тамашалады.

 

Тауар айналымын 30 млрд долларға дейін арттыру көзделді

Жоғары деңгейдегі келіссөз алдында Кремльдің Георгий залында ресми қарсы алу рәсімі өтті. Мемлекет басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Екі елдің ұлттық әнұрандары орындалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге шақырғаны, сондай-ақ дәстүрлі қонақжайлық танытқаны үшін Владимир Путинге ризашылығын білдірді.

– Ресей тарапы сапарды ұйымдас­тыруға мұқият әзірленгенін көрдік. Іс-шаралар жан-жақты ойластырылған. Біз үшін Ресей Федерациясына мемлекеттік сапар – биылғы ең айтулы оқиға. Министрліктер, ведомстволар арқылы консультациялар жүргізіп, тыңғылықты дайындалдық. Өйткені ынтымақтастық ауқымы өте кең. Ресей Федерациясымен бар­лық салада тығыз байланыс орнат­тық. Сіз жаңа ғана қандай жұмыс атқарылғаны, алдымызда қандай міндеттер тұрғаны жөнінде егжей-тегжей айттыңыз. Оған алып-қосарым жоқ. Шын мәнінде, мемлекеттеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастар – саяси сыпайылық үшін айтылған сөз емес, өзара ынтымақтастығымыздың мәнін ашатын сипаттау. Сондықтан өзара қарым-қатынасымызда ешқан­дай түйткіл жоқ деп сеніммен айтуға болады. Әлгінде өзіңіз айтқандай, барлық сала табысты дамып келеді. Тауар айналымын 30 млрд долларға дейін арттыру міндетін қойдық. Менің ойымша, бұл – қол жеткізуге болатын көрсеткіш. Таяу келешекте мақсатымыз орындалады деп ойлаймын. Ресей Федерациясымен атом энергиясы саласындағы ынтымақтастыққа айрықша тоқталғым келеді. Көп ұзамай «Росатоммен» станса құрылысын бастауға мүмкіндік беретін өте маңызды келісімдерге қол қоямыз. Бұл – серпінді жоба. Өйткені атом электр стансасы ғана салынбайды, мүлдем жаңа сала пайда болады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласындағы екіжақты ықпалдастықты қарқынды дамытуға баса мән берді.

– Ресейдің 9 жоғары оқу орны, соның ішінде танымал университеттер Қазақстанда филиалдарын ашты. Бұл үшін Ресей Федерациясының білім саласы өкілдеріне ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар Омбы университеті жанынан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалы ашылды. Бұл да – елеулі оқиға. Жалпы, білім саласына ерекше мән беремін. Өйткені жастарымызға жағдай жасау керек деп санаймын. Біздің мақсатымыз – жастарға Қазақстан мен Ресейдің жаңа тарихи және геосаяси кезеңдегі ынтымақтастығы мен достық байланыстарын аманаттау. Өскелең ұрпақ мұндай қарым-қатынассыз осынау алмағайып заманда өмір сүру мүмкін емес екенін түсінуге тиіс. Қазақстан Президентінің Ресей Федерациясына мемлекеттік сапары бұл міндетті белгілі бір деңгейде орындап отыр. Осы бағыттағы жұмыс жалғасын табады деп ойлаймын. Сол себепті Сізді Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.

и

Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевты Кремль сарайында қарсы алғанына өте қуанышты екенін жеткізді.

– Мәскеуге Үкімет мүшелерінен және бизнес өкілдерінен құралған үлкен делегация келгенін көріп отырмыз. Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келеді. Негізгі құжаттарда жазылған уағдаластықтардың өзектілігін өмірдің өзі көрсетуде. Қазақстан мен Ресей – жақын серіктес, достас әрі одақтас елдер. Бұл нақты істерден байқалады. Ресей – Қазақстанның жетекші сауда-экономикалық серіктестерінің бірі және басты инвесторлар қатарында. Былтыр сауда айналымы 27 млрд доллардан асты. Биылғы 9 айда бұл көрсеткіш 20 млрд долларға жетті. Көптеген ресейлік компания Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатыр. Қазақстанның бизнес өкілдері де Ресейде өз кәсіптерін ашып, белсенді жүргізуде. Біз халықаралық аренада тығыз байланыс орнаттық. Бірқатар өңірлік ұйымға мүшеміз. Алдағы күндері Бішкекте өтетін ҰҚШҰ форумында, одан кейін Санкт-Петербургтегі ТМД-ға және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларының дәстүрлі басқосуларында кездесеміз. Бағдарламамыз өте мазмұнды, оның барлығы орындалып жатыр. Сіздің осы сапарыңыздың қорытындысы бойынша меморандумдар әзірленді. Бұл байланыстарымызды жоғары мемлекетаралық деңгейге шығаруды көздейді. Әрине, бұл бізді қуантады. Қазақстанмен қарым-қатынасты одан әрі дамытуға ұмтыламыз, – деді Ресей Президенті.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Кездесу барысында саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық ықпалдастықтың кең көлемді мәселелері қарастырылды.

 

Өңіраралық форум: ынтымақ пен еңбек үндестігі

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Орал қаласында өтіп жатқан XXI Қазақстан – Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына бейнебайланыс арқылы қатысты. Биылғы басқосу «Жұмысшы мамандықтар – эко­но­микалық өсімнің қозғаушы күші» тақырыбына арналды.

Мемлекет басшысы аталған бірегей алаңда экономикалық, инфрақұры­лымдық және гуманитарлық бағыттағы тың жобалар дүниеге келіп, кейін өңірлік деңгейде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жататынын атап өтті. Президенттің айтуынша, мұның маңызы зор. Өйткені экономикалық өсім және өнеркәсіп, ғылым, білім, мәдениет салаларындағы ынтымақтастық ең әуелі өңірлерде қалыптасады.

– Сауда-экономикалық, инвести­циялық ықпалдастық жыл өткен сайын тұрақты түрде нығайып келеді. Бұл – қуантарлық жайт. Ресей – Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі. Екі ел арасындағы тауар айналымы 28 млрд доллардан асты. Оны 30 млрд долларға дейін жеткізу үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. 2024 жылы Ресей инвестициясы рекордтық деңгейге жетіп, 4 млрд долларды құрады. Ал осыған дейін Қазақстанға салынған ресейлік инвестицияның жалпы көлемі, біздің мәліметіміз бойынша, 27 млрд доллардан асты. Өз кезегінде Қазақстан Ресейге 9 млрд-қа жуық инвестиция құйды. Елімізде Ресей капиталының үлесі бар 20 мыңнан аса компания жұмыс істейді. Олар мыңдаған жұмыс орнын ашып, экономикамыздың қарқынды өсуіне зор үлес қосып келеді. Осы қомақты көрсеткіштерден өзара ынтымақтастық деңгейі қаншалықты жоғары екенін аңғаруға болады. Біз мұнымен тоқтамай, үнемі алға ұмтылып, сауда және инвестиция көлемін ұлғайта беруге тиіспіз деп санаймын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев форумның тарихи-мәдени мұраға бай, индустрия­лық әлеуеті зор Орал қаласында ұйым­дас­тырылуының рәміздік мәні бар екеніне назар аударды. Орал шаһары ғасыр­лар бойы халықтарымыздың бірлі­гін бекемдеуге дәнекер болып келеді.

– Форум тақырыбының мәні ерекше. Өйткені жұмысшы мамандық иелері шын мәнінде елдеріміздің экономикалық өрлеуіне үлкен үлес қосады. Биыл Қазақстанда Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланды. Көп ұзамай бұл бастаманы қорытындылаймыз. Жұмысшы мамандарды жан-жақты қолдауға, олардың қоғамдағы беделін арттыруға және кәсіптік білім жүйесін реформалауға бағыт алдық. Аталған бағыттарға дәйекті түрде инвестиция салатын елдер инновация мен орнықты дамуда көш бастайтынын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Жасанды интеллект технологиясының кеңінен енуі, өндірістік процесті жаппай цифрландыру және автоматтандыру жаһандық еңбек нарығын қазірдің өзінде түбегейлі өзгерте бастағанына куәміз. Өркениет көші еңбеккерлерді түрлі интеллектуалдық жүйелер мен цифр­лық платформаларды басқара білуге міндеттейді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент мамандардың жоғары біліктілігі мен заманауи дағдыларды меңгеруі Қазақстанда, сондай-ақ Ресейде өнеркәсіп өсіміне және технологиялық жаңғыруға негіз болып отырғанына тоқталды.

а

– Жақында елімізде техникалық және кәсіптік білім жүйесіне жасанды интеллектіні енгізудің тұжырымдамалық негізі бекітілді. Ең озық технологияларды пайдалану машина жасау, энергетика, агроөнеркәсіп кешені және экономиканың басқа да салаларына кадр даярлаудың маңызды бөлігіне айнал­ды. Қазақстан «Росатом» бастаған халық­аралық консорциумның қатысуымен бірінші атом электр стансасының құрылы­сына кірісті. Технологиялық әрі ғылыми тұрғыдан күрделі бұл жобаны табысты жүзеге асыру жоғары санатты кәсіби мамандарға тікелей байланысты. АЭС құрылысына 6 мыңға жуық жұмысшы және 3 мыңнан аса орта буын маманы жұмылдырылады. Сонымен қатар бейінді мамандарға сұраныс жоғары болатыны сөзсіз. Атом саласындағы кадр әлеуетін күшейту Қазақстан үшін аса маңызды сипатқа ие. Біз бұл мәселені шешуде ресейлік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастыққа ерекше мән береміз. 2022 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанынан «МИФИ» ұлттық ядролық зерттеу университеті филиалының ашылуы – соның айқын дәлелі. Жақында МИФИ рек­торын қабылдап, оның өтінішімен оқыту­шылардың және ғалымдардың жұ­мыс жағдайын жақсарту жөнінде тап­сыр­ма бердім, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы елдеріміздің бі­лім саласындағы ынтымақтастығы тура­лы сөз қозғай отырып, қазақтың ұлы ой­шы­лының ұлағатты сөзін мысалға келтірді.

– Ұлы Абай: «Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі» деп жазған еді. Әрине, қазір заман басқа. Бірақ ұлы Абайдың сөзі әлі де өзекті. Ресейдің жоғары оқу орындары, Ресейдің ғылымы әлемдік ғылым-білім прогресінде көп­теген көрсеткіш бойынша көш бас­тап келеді. Ресейдің жоғары оқу орындары Қазақстандағы университеттердің көпшілігімен серіктестік орнатқан. Бұл оң үрдісті қолдаймыз. Екі елдің жоғары оқу орындары арасында қос дипломды бағдарламаны және бірлес­кен ғылым-білім жобаларын жүзеге асыруды қарастыратын 1 453 келісім­шарт жасалған. Қазақстанда Ресей универ­ситеттерінің 9 филиалы табысты қызмет істеп жатыр. Онда 4 мыңға жуық студент білім алады. Әсіресе, құрметті Владимир Владимирович, сонау 2001 жылы Сіздің тікелей араласуыңызбен ашылған Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалын айрықша атап өтуге болады. Сонымен қатар Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының бөлімшесі жұмысын бастады. Ресейде Қазақстан университетінің алғашқы өкілдігінің ашылуы біз үшін елеулі уақиға болды. Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің базасында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы жемісті жұмыс істей бастады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев техникалық және кәсіптік білім беруде ауқымды транс­формация жүргізіліп жатқанын айтты.

– Инновациялық басқару, цифр­ландыру және интернационалдандыру қағидаттары негізінде 2025–2027 жылдарға арналған жоспар қабылданды. Колледждер теорияны практикамен, ал білім үдерісін өндіріспен ұштастыратын кәсіби мамандар ұстаханасына айналуы қажет. Сондықтан дуальды оқыту үлгісін белсенді дамытуды қолға алдық. Қазіргі таңда 100 мыңнан аса студент 18 мың кәсіпорынның базасында өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. 4 мыңнан аса компания 600 колледжге қамқорлық көрсетеді. Олар студенттердің өндіріс­тік тәжірибеден өтіп, шыңдалуына, оқу орнындағы құрал-жабдықтарды жаңғыртуға атсалысады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Содан соң Президент форум қаты­су­шыларына елімізде ақысыз негізде тех­ни­калық және кәсіптік білім жобасы іске асырылып жатқанын жеткізді. Бұған қоса жұмысқа орналасуға кепілдік бере отырып, маман даярлау механизмі енгізілді.

– Сонымен қатар кәсіби бағдарлау жұмыстары жүргізілуде. Жастар колледжде оқуды шын мәнінде сұранысқа ие мамандықты меңгеру жолындағы алғашқы саналы қадам ретінде қабылдауға тиіс. Педагогтердің қоғамдағы мәртебесі мен біліктілігін арттыруға айрықша көңіл бөлінеді. Техникалық және кәсіптік білімді интернационалдандыру аясында халықаралық стандарттар енгізіліп, шетелдік менеджерді тарту және академиялық ұтқырлықты дамыту қолға алынды. Қазақстандағы 60-тан аса колледж 30 елдегі серіктестерімен ынтымақтастық орнатты. Ал 9 колледжіміз Ресей колледждерімен және кәсіпорындарымен табысты жұмыс істеп жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет тарапынан жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру және қоғамда жаңа еңбек мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ еңбек адамдарын құрметтеу үшін тиісті шаралар қабылданып жатқанына назар аударды.

– Біздің түпкі мақсатымыз – еңбек­керлерді табысты адамдардың үлгісі ретінде дәріптеу. Бұл жүздеген мың азаматты ынталандырады. Қазақстан мен Ресей өзара ынтымақтастықтың аса маңызды бағыты саналатын кадр даярлау ісіндегі серіктестікті дәйекті түрде тереңдетіп келеді. Білім және өндіріс саласындағы байланыстарды жандандыру маман даярлау сапасын жетілдіріп, озық технологияларды енгізу үдерісін үдете түсеріне сенімдімін. Бұл орайда өңірлер елеулі рөл атқарады. Өйткені ортақ күш-жігерді талап ететін бұл сала, түп­теп келгенде, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттырады, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сөзін қоры­тындылай келе, Қазақстан мен Ресей – өзара сенімді, уақыт тезінен өткен стратегиялық серіктестер әрі одақтастар екенін атап өтті.

п

– Біздің елдеріміздің тарихи тамыры, өткені мен құндылықтары ортақ. Қос халықтың достығы – тағдырдың жазуы. Барлық деңгейде сенімді диалог жүргізудің арқасында Қазақстан – Ресей ынтымақтастығының мән-мазмұны ұдайы толығып келеді. Екі елге ортақ әлемдегі ең ұзын құрлық арқылы өтетін шекара – халықтарымыздың мәңгілік достығы мен тату көршілік қарым-қатынасының айғағы. Орайлы сәтті пайдаланып, форум қызметіне және барлық салада ынтымақтастықты нығайтуға әрдайым назар аударып, қолдау көрсеткені үшін Ресей Президентіне алғыс айтамын. Бірге күш-жігер жұмылдыру арқылы алға қойған мақсаттарымызға жететінімізге сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Ресей Президенті Оралда өткен форум аясында өңір­лер арасында ондаған жаңа келісім мен меморандумға, коммерциялық келісімшартқа қол қойылғанын атап өтті. Бұл Ресей мен Қазақстан аймақтарының тығыз ынтымақтастықты дәйекті түрде нығайтуға ниетті екенін көрсетеді.

– Келесі форум 2026 жылы Қазан қаласында ұйымдастырылады. Біз Қазақстан делегациясын осы іс-шараға қатысуға шақырамыз. Екі ел аймақтарының білім мен кадр даярлау салаларында ғана емес, экономика­лық және әлеуметтік өмірдің басқа да бағыттарында ықпалдастық орнатуына мүмкіндік мол. Ресей мен Қазақстанның өңірлері бұрынғыдай жұмылып жұмыс атқаратынына сенімім кәміл. Бұл ретте өңірлеріміз тікелей, сондай-ақ түрлі деңгейде жолға қойылған кең ауқымды байланыстарға арқа сүйеп, Ресей мен Қазақстанның серіктестік және одақтастық қатынастарын одан әрі өр­кен­детуге салмақты үлес қоса алады, – деді Владимир Путин.

 

Байланысты бекемдейтін декларация

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Ресей Фе­дерациясының мемлекетаралық қарым-қаты­насын жан-жақты стратегия­лық серік­тес­тік және одақтастық деңгейіне дейін жет­кізу жөніндегі декларацияға қол қойды.

Cонымен қатар мемлекет басшы­­лары­ның қатысуымен бірқатар үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттарды алмасу рәсімі өтті:

  1. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы экономи­калық ынтымақтастықтың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы;
  2. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасында үшінші елдерге экспортқа жеткізуге арналған ресейлік және қазақстандық жүктерді теміржол көлігімен транзиттік тасымалдау және ауыстырып тиеу саласындағы ынтымақтастықты ұйымдас­тыру туралы келісім;
  3. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасында кө­лік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласы бо­йынша өзара ықпалдастық жөніндегі келісім;
  4. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы «Союз-5» және «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешендеріне ұшу сынағын жүргізу үшін Қазақстан – Ресей мемлекетаралық комиссиясын құру туралы келісім;
  5. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасында Ақтау қаласында Ресей Федерациясының Бас консульдығын құру туралы ноталармен алмасу формасындағы келісім;
  6. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасында халықтың санитарлық-эпидемио­логия­лық жағдайын қамтамасыз ету сала­сындағы ынтымақтастық туралы келісім;
  7. Қазақстан Республикасы Өнер­кәсіп және құрылыс министрлігі мен Ресей Федерациясы Экономикалық даму ми­нистрлігі арасында ерекше экономикалық аймақтарды дамыту мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
  8. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен Ресей Федерациясы Оқу-ағарту министрлігі арасында Қазақстан Республикасында қазақ-орыс жалпы білім ұйымдарын ашу және Ресей Федерациясында орыс-қазақ жалпы білім ұйымдарын ашу бойынша ниеттестік туралы меморандум;
  9. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Ресей Федерациясы Табиғи ресурстар және экология министрлігі арасында Қазақстан Республикасына Ресей Федера­циясынан Амур жолбарыстарын әкелуге әзірлік және жеткізілген жануарлардың бастапқы бейімдеуден өтуі бойынша бірлескен іс-шаралар жоспары;
  10. Қазақстан Республикасы Атом энер­гиясы жөніндегі агенттігі мен Эколо­гия­лық, технологиялық және атомдық бақы­лау жөніндегі федеральдық қызметі (Ресей Федерациясы) арасында атом энер­гия­сын бейбіт мақсатта пайдалануда ядро­лық және радиациялық қауіпсіздікті реттеу саласы бойынша ынтымақтастық жөнін­дегі өзара түсіністік туралы меморандум;
  11. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Ресей Федерациясы Көлік министрлігі арасында Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасындағы автокөлік өткізу бекеттерін дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары;
  12. «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен «РТЖ» ААҚ арасындағы 2030 жылға дейінгі мемлекетаралық түйісу пункттерін дамыту туралы келісім;
  13. «Қазпошта» АҚ мен «Ресей пош­тасы» АҚ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

 

Бірегей ықпалдастық өз бағытынан айнымайды

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында бірлескен мәлімдеме жасады.

Президент Ресейге мемлекеттік сапар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынасты одан әрі нығайту тұрғысынан аса маңызды деп санайды.

– Қол жеткізілген уағдаластықтар елдеріміз арасындағы сан қырлы ынтымақтастықтың табысты дамып келе жатқанын толық көрсетеді. Бұл біре­гей ықпалдастық өз бағытынан айнымайды. Менің ойымша, посткеңестік кеңістіктегі екі жетекші мемлекет арасында орнаған жан-жақты байланыстың ауқымы, шын мәнінде, еуразиялық қауіпсіздік жүйесінің маңызды элементіне айналды. Бұл тұжырымдаманы бірқатар мүдделі мемлекет талқылап, зерделеуде. Ең бастысы, бізді ғасырлардан тамыр тартатын бай тарихымыз, белсенді мәдени-рухани байланыстарымыз, ортақ құндылықтарымыз, заманауи сын-қатерлерге қатысты ұқсас көзқарасымыз бен болашаққа бағдарымыз біріктіреді. Осындай берік негізге құрылған стратегиялық серіктестігіміз барлық бағытта қарқынды дамып келеді. Биыл мемлекеттеріміз үшін мәні зор бірқатар мерейтойлық дата аталып өтті. Біз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын лайықты деңгейде мерекеледік. Осылайша, Отанды қорғау және Ұлы Жеңіске жету жолында әлем тарихында бұрын-соңды болмаған бірліктің үлгісін паш еткен нағыз батырлар мен патриоттарды еске алып, құрмет көрсеттік. Әйгілі Байқоңыр ғарыш айлағының 70 жылдығы да айтулы оқиға болды. Бұл – ғарышты игеру ісінде ұзақ жылдар бойы ғылыми-техникалық ынтымақтастығымызды танытып келе жатқан бірегей жоба. Қазақстан – Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шарттың 20 жылдығы – маңызды меже. Біздің құрлық арқылы өтетін әлемдегі ең ұзын шекарамыз – тату көршіліктің жарқын символы, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, екі елдің ықпалдастығы жаңа мазмұнмен ұдайы толығып келеді.

– Әлгінде ғана біз құрметті Владимир Владимировичпен бірге Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне жеткізу жөніндегі декларацияға қол қойдық. Бұл құжаттың тарихи мәні зор. Халықтарымыз арасындағы мызғымас өзара сенім мен ынтымақтастықтың келешегі кемел екенін көрсетеді. Осы орайда екіжақты байланысты нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін Владимир Владимирович Путинге шынайы ризашылығымды білдіремін. Қазақстандықтар Ресей Президентін жаһандық ауқымдағы мемлекет қайраткері деп біледі әрі құрметтейді. Оның есімі әлемге мәлім және қазіргі алмағайып заманда орыс халқы мен Ресей мемлекетінің мүддесін қорғау ісінде сенім мен қажымас қайраттың символы ретінде қабылданады. Қазақстан Ресей Федерациясының өркендеуіне шын мәнінде мүдделі. Бүгінгі келіссөздер нәтижесін жоғары бағалаймын. Кездесуіміз ашық әрі сенімді рәуіште өтті және нақты пайдасын берді, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттер барлық деңгейдегі қарқынды диалогті қолдауға уағдаласқан.

– Өнеркәсіп, энергетика, көлік-логис­тика, ауыл шаруашылығы, жоғары тех­ноло­гиялар, цифрландыру, гуманитарлық ық­пал­­дастық, сондай-ақ жаңа инфрақұ­ры­лым­дық жобаларды жүзеге асыру мәселе­леріне баса мән бердік. Күрделі халық­ара­лық ахуалға қарамастан ынтымақ­тас­тығымыз халықтарымыздың игілігі жолында белсенді дамып келе жатқа­нына көңіліміз толатынын атап өттік, – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей – Қазақ­станның маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі саналатынына тоқталды.

– 2024 жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы шамамен 28 млрд долларды құрап, биылғы 8 айда 17 млрд доллардан асты. Алдымызға екіжақты сауда көлемін 30 млрд долларға дейін жеткізу міндетін қойдық. Ресейден Қазақстан экономикасына 27 млрд доллардан аса тікелей инвестиция құйылды. 2024 жылы Ресейдің салған капитал көлемі рекордтық 4 млрд долларға дейін өсіп, еліміздің ірі инвесторына айналды. Қазақстанның Ресейге құйған инвестициясы да артып, оның өзіндік құны 15 жылда шамамен 9 млрд долларға жетті. Қазақстанда ресейліктердің қатысуымен 20 мыңнан аса компания жұмыс істейді. Бұл елімізде қызмет ететін шетелдік капиталы бар кәсіпорындардың жартысына жуығын құрайды. 175 бірлескен жоба жүзеге асырылуда. Іскерлік байланыстардың жоғары деңгейін одан әрі қолдауға және бизнес жүргізуге қажетті жағдай жасауға уағдаластық. Осы мақсатта Экономикалық ынтымақтастықтың 2030 жылға дейінгі кешенді бағдарламасы және Іс-шаралар жоспары қабылданды, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының пайымдауынша, Ақтау қаласында Ресей Бас консулдығының ашылуы өңіраралық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді. Бұдан бөлек, көлік-транзит саласындағы байланыстардың да келешегі зор.

– «Солтүстік – Оңтүстік», Транскаспий халықаралық көлік бағдары, «Аягөз – Бақты», «Достық – Мойынты» теміржол желілері және басқа да жобалардың мүмкіндігін кезең-кезеңімен кеңейтуге келістік. Трансшекаралық логистика инфрақұрылымын жақсарту, шекарадағы өткізу бекеттерінің жұмысын жетілдіру маңызды екенін атап өттік. «Трансалтай диалогі» перспективті бастамасын одан әрі ілгерілетуге ниеттіміз. Аталған формат Қазақстан, Ресей, Қытай және Моңғолия арасындағы тату көршілік пен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтетін оңтайлы алаң болады, – деді ол.

Энергетика саласындағы серіктестік келіссөз арқауына айналды.

– Кейінгі жылдары бұл бағытта айтарлықтай прогреске қол жеткіздік. «Росатом» компаниясымен еліміздегі алғаш­қы АЭС құрылысы бойынша нәти­желі жұмыс атқарылып жатқанын атап айт­қым келеді. Біз мұнай мен оның өнім­дерін, көмір, электр энергиясын өндіру, тасымалдау және жеткізу бағыттарындағы серіктестікті нығайтуға келістік. Газ саласындағы ынтымақтастық перспективасын, атап айтқанда, Қазақстанның Ресей­мен шекаралас өңірлерін көгілдір отын­мен қамту, сондай-ақ үшінші елдерге тасы­малдау мәселелерін тал­қы­ладық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент экономикалық байланыс­тар жаңа салалар есебінен ұдайы кеңейіп келе жатқанын айтты. Сапар аясында қол қо­йыл­ған құжаттар елдеріміздің ғарыш­ты игеру, атом энергиясын, арнайы эко­но­микалық аймақтарды және креатив­ті индустрияны дамыту бойынша ай­тар­лықтай ілгерілеуіне мүмкіндік бере­ді. Мем­лекет басшысы ІТ секторының бола­ша­ғы зор екенін айтып, Қазақстанның бұл са­лада тәжірибесі мол екеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев халықтары­мыздың бірлігін арттыруда мәдени-гуманитарлық байланыстар айрықша рөл атқаратынын жеткізді.

– Гастрольдер, көрмелер, концерттер мен спорттық жарыстар секілді іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Жуырда Мәскеуде Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күндері табысты өтті. Бұған дейін мәдениет күндері аясында еліміздің өнер қайраткерлері Якутия мен Қазанға барып қайтты. Биыл мамыр айында Астанада «Қазақстан мен Ресейдің мәңгілік достығы аллеясы», ал кеше Мәскеуде «Қазақстан – Ресей достығы сквері» ашылды. Бұған қоса Мәскеу көшелерінің біріне көрнекті ғалым-этнограф, Ресей армиясы Бас штабының офицері, Орыс императорлық география қоғамының құрметті мүшесі, танымал жазушы Феодор Достоевский мен белгілі ғалым Григорий Потаниннің жақын досы Шоқан Уәлихановтың есімі берілді. Мұндай жаңалықтар елдерімізде ерекше ықыласпен қабылданады. Бұл орайда Мәскеуде ашылатын Қазақ ақпараттық-мәдениет орталығының да маңызы зор, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, екі ел мәдени-гуманитарлық бастамаларға жүйелі қолдау көрсетеді.

– Елімізде Ресейдің медициналық жоғары оқу орнының өкілдігін ашу мәселесі пысықталып жатыр. Қазақстанда орыс тілінде оқытатын мыңнан аса мектеп бар. Ал оқушылардың үштен бірі орыс тілінде білім алады. Бұдан бөлек, екі елдің білім беру стандарттары ескерілген мектептер салу жобасы іске асырылады. Алматыда демеушілердің қолдауымен ресейлік танымал «Сириус» мектебінің филиалы ашылады. Қазақстанда орыс мәдениеті мен тілін ілгерілетуге тиісті назар аударылады. Бұл маңызды іске еліміздің бастамасымен құрылған Халықаралық орыс тілі ұйымы өз үлесін қосып келеді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы келіссөздер бары­сында өңірлік және жаһандық күн тәр­тібіне қатысты пікір алмасқанын жеткізді.

– Қазақстан мен Ресей көпжақты алаңдарда белсенді әрі табысты ықпал­дас­тық орнатқан. Еуразиялық экономика­лық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достас­тығы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы және басқа да көпжақты құрылымдар аясында іс-қимылымызды одан әрі үйлестіруге дайын екенімізді растадық, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, тараптар стратегиялық ынтымақтас­тықты одан әрі тереңдетуге ниетті екенін растаған.

– Қазақстан – Ресей қарым-қатына­сының әлеуеті зор. Бірлескен жұмыстың шет-шегі жоқ. Елдеріміз барлық салада нәтижелі ынтымақтастық орнатты. Қазақстан мен Ресей арасында шешімін таппайтын түйткіл жоқ. Бұл тараптардың жауапкершілігі мен бірлесе жұмыс істеуге құлшынысы жоғары екенін көрсетеді. Мазмұнды келіссөз жүргізіп, қонақжайлық танытқаны үшін құрметті Ресей Президентіне тағы да алғыс айтамын. Тату көршілік қатынастарымыз болашақта да стратегиялық серіктестік пен одақтастық мұратына жетелей береді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Владимир Путин келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларацияға қол қойылғанын атап өтті.

– Саясат, қауіпсіздік, сауда-инвести­циялық, мәдени-гуманитарлық салаларда ұзақмерзімді келешектегі бірлес­кен жұмыстың нақты бағыттары үкімет­аралық және ведомствоаралық келісім­дер мен меморандумдарда белгіл­енді. Әрине, келіссөздерде экономи­калық ықпалдастыққа басымдық берілді. Қазақ­стан – Ресейдің ТМД және тұтас еуразиялық кеңістіктегі ірі сауда серіктестерінің бірі. Сонымен қатар елдеріміз арасындағы алыс-беріс үнемі әртараптандырылып келеді. Онда шикізаттық емес өнімдердің үлесі көп, – деді Ресей Президенті.

 

Президенттер гала-концертті тамашалады

Сапар соңына қарай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Владимир Путин Қазақстан өнерпаздарының гала-концертіне барды. Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күндері аясында ұйымдастырылған мерекелік кеш Үлкен театрда өтті.

Сахнада қазақтың музыкалық және хорео­графиялық өнерін насихаттап жүрген танымал әртістер мен шығарма­шылық ұжымдар өнер көрсетті. Бұл концерт Қазақстанның бай мәдени мұрасын танытып, екі елдің рухани диалогін нығайтуға ықпал етті.

Іс-шарадан соң мемлекет басшылары концертте өнер көрсеткен Роза Рымбаева, Мария Мудряк, Ренат Ғайсин, Әлішер Кәрімов, Александр Беляков және Зарина Алтынбаева секілді сахна шеберлерімен әңгімелесіп, алғыс айтты.