Айбын • 12 Қараша, 2025

Қазіргі заман қаһарманы кім?

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада бейбіт уақытта ерлік пен жанқиярлық танытқан полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілерін ұлықтауға арналған «Қазіргі заман қаһарманы» республикалық акциясы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазіргі заман қаһарманы кім?

Іс-шараға қатысушылар алдында Ішкі істер министрлігінің жеке құраммен жұмыс жөніндегі департаментінің бастығы Олжас Мырзабеков, Астана қалалық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев және ІІМ Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары Қайрат Үмбетов сөз сөйледі.

Ішкі істер министрі Ержан Саденов полиция қызметі жай ғана жұмыс емес, бұл өмірлік ұстаным екенін әрдайым атап өтеді. Бұл қызмет өзгенің өмірі үшін өз өмірін тәуекелге тігуге дайын, бейбіт күнде де, қиын сәтте де ерлік жасай алатын жандарға арналған.

фото

Салтанатты рәсім барысында еліміздің әр өңірінен келген 16 заманауи қаһарман – 15 полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның бір әскери қызметшісі марапатталды.

Олардың барлығы шынайы батылдық пен адалдықтың үлгісін көрсеткен.

Марапатталғандар арасында полиция аға лейтенанты Сағындық Құрмантаев пен әділет сержанты Рахат Байлин бар. Олар батыл әрекеттерінің арқасында 2025 жылдың 23 наурызында Көкшетауда қайғылы жағдайдың алдын алды.

Сол күні полицияға бес қабатты тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Алғашқылардың бірі болып оқиға орнына учаскелік инспектор Сағындық Құрмантаев пен Ақмола облысы бойынша ҚАЖ департаментінің қызметкері Рахат Байлин жетті. Олар пәтер ішінде ер адам мен баланың қалғанын біліп, еш ойланбастан есікті бұзып кіріп, қою түтін басқан бөлмеден сегіз жастағы баланы алып шыққан. Кейін қайта кіріп, ес-түссіз жатқан ер адамды да құтқарып қалған.

Барлық қаһармандарға ІІМ атынан алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Шараға әкімдік өкілдері, ішкі істер органдарының ардагерлері, «Жас сақшы» полицей сыныптарының оқушылары, сондай-ақ қызмет бабында қаза тапқан қызметкерлердің жұбайлары мен аналары қатысты.

Министрдің атынан қаза тапқан полицейлердің аналары мен жұбайларына гүл шоқтары және естелік сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге белсенді атсалысып жүрген мектеп директорларына алғыс хаттар берілді.

фото

«Қазіргі заман қаһарманы» акциясы 2011 жылы Тараз қаласында террористі ұстау кезінде қаза тапқан полиция қызметкері, Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ерлігін ұлықтауға арналған игі дәстүрге айналды.