Қоғам • Бүгін, 16:17

Утильалымды төлеуді міндеттейді, бірақ ескі көлікті қабылдамайды. Неліктен?

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ескі көліктерді қабылдап, қайта өңдеу бағдарламасы былтыр желтоқсанда басталуы тиіс еді, алайда жоба әлі іске қосылған жоқ. Утильалымын халық пен кәсіпкерлер әлі де төлеп отыр, бірақ көліктерді қабылдайтын зауыттардың жұмысы әлі басталған жоқ, деп жазады Egemen.kz kolesa.kz сайтына сілтеме жасап. 

Утильалымды төлеуді міндеттейді, бірақ ескі көлікті қабылдамайды. Неліктен?

Ескі көлікті қабылдап, қайта өңдеу былтыр желтоқсанда басталуы керек еді. Сол кезде жаңа көлік алу үшін берілетін жеңілдік сертификатының құны белгілі болды:

  • жеңіл көлік — 315 000 теңге;
  • микроавтобус — 550 000 теңге;
  • автобус — 750 000 теңге;
  • салмағы 12 тоннадан аспайтын жүк көлігі — 550 000 теңге;
  • ауыр жүк көліктері — 750 000 теңге;
  • трактор — 560 000 — 1 млн теңге;
  • комбайн — 1.5 — 2 млн теңге.

2025 жыл аяқталайын деп қалды, компаниялар мен жеке тұлғалар утиль алымын төлеп келеді, бірақ істен шыққан көліктерді қабылдау және қайта өңдеу әлі басталған жоқ. Неге? 

Ведомство кәсіпкерлер қолданыстан шыққан автомобиль мен ауылшаруашылық техникасын қайта өңдеуге «Жасыл даму» АҚ-ға бар-жоғы үш өтінім жіберген деп жауап берді. Оператор оларды құжаты дұрыс емес деп қабылдамаған. Министрліктің мәліметінше «Жасыл даму» әзірге «қайта өңдеушілерді іріктеп жатыр», яғни өтінім қабылдап жатыр. Бірақ кәсіпкерлер утилизациямен айналысқысы келмейтіндей көрінеді. Сондықтан машина қабылдап, қайта өңдейтін зауыттар нақты қашан іске қосылатыны белгісіз.

Мамандар сертификаттың нақты құнын әлі бекітпеді. Экология министрлігі өкілдерінің айтуынша бағаны жыл сайын нақты есептеу үшін Өнеркәсіп министрлігінің индустриялық қызметті қолдау бөлімі 2025 жылға арналған жоспарын ұсынуы керек еді. Бірақ оны істемепті. 2026 жылға арналған жоспарды да жарияламады.

Соған қарағанда, биыл көлік қабылданбайтын сияқты. Процесс 2026 жылы бастала ма, үлкен сұрақ.

«Жасыл даму» АҚ-ның қаржылық есебіне сәйкес былтыр халық 328 978 көлік пен ауылшаруашылық техникасы үшін утиль алымын төлеген. Көлік құралын өндіру мен импорттан түскен утиль алымының мөлшері 269 млрд 593 млн теңгені құрады. Оның ішінде 122.7 млрд теңге Қазақстанда машина құрастыратын кәсіпорындарға 139 444 автомобиль мен ауылшаруашылық техникасын шығаруға жұмсалды.