Білім • Кеше

Қазақстан әлемнің үздік 100 білім беру инновациясының қатарына енді

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанның ауылдағы мектептерді дамыту тәжірибесі алғаш рет HundrED Global Collection 2026 халықаралық рейтингінің негізгі тізіміне енді, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстан әлемнің үздік 100 білім беру инновациясының қатарына енді

Бұл тізім әлемде іске асыруға ұсынылған 100 үздік білім беру инновациясын қамтиды.

Жыл сайын Финляндиядағы HundrED үкіметтік емес ұйымы бүкіл әлем бойынша білім беру саласын өзгертетін ең тиімді әрі ауқымды тәжірибелерді таңдайды. 2025 жылы 70 елден 800-ден астам өтінім түсті, сарапшылар 150 жобаны іріктеп, үздік 100 жобаны анықтады. Олардың қатарында AITAS Foundation-ға қарасты Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры жүзеге асырған шағын жинақты мектептердің әлеуетін цифрлық технологиялар арқылы дамыту жобасы бар. 

Негізгі тізімге Қазақстанмен қатар Ұлыбритания, Канада, Үндістан, Норвегия және АҚШ-тың да жобалары енді. Бұл елдер қазірдің өзінде әлемдік білім беру жүйесінің болашағын қалыптастырып жатыр.

«HundrED Global Collection 2026 шын мәнінде білім беру жүйесін өзгертетін шешімдерді атап өтеді. Қазақстанда жасалған жұмыс – ауыл мектептерін қолдаудың ауқымды әрі тұрақты тәсілінің жарқын мысалы», – деп атап өтті HundrED зерттеу директоры Катрин Бергстрём.

Айта кетейік, 2023-2024 жылдары Ақтөбе облысында Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, «Қазақстан халқына» қорының, облыс әкімдігінің және AITAS холдингінің қолдауымен ауылдағы шағын жинақты мектептерде білім сапасын арттыруға бағытталған кешенді жобаны жүзеге асырды.

Жоба 134 шағынжинақты және 12 тірек мектепті қамтыды. Нәтижесінде цифрлық инфрақұрылым жақсартылып, педагогтер жаңа әдістемелер бойынша оқытылды, аралас және қашықтан оқыту түрлері іске қосылды. Мұғалімдер мен оқушылардың көрсеткіштері айтарлықтай артқаны тәуелсіз бағалау арқылы дәлелденіп, HundrED халықаралық сарапшылары тарапынан мойындалды.

«Біздің HundrED тізіміне енуіміз – ірі бизнестің әлеуметтік миссиясы жүйелі өзгерістерге әкелетінін дәлелдейді. Біз бизнес, қоғам және мемлекет күшін біріктіре отырып, тұрақты жобаларды іске асырамыз. Бұл жаңалық – барлық серіктестер үшін мақтаныш. Жетістігіміз Қазақстанның білім мен интеллектуалды капитал саласында тиімді шешімдер ұсына алатынын көрсетеді», – деді Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының (AITAS Foundation) жетекшісі Данияр Токтарбаев.

Жалпы алғанда, білім беру саласындағы үздік 100 инновация тізіміне 52 елден жаңашыл жобалар енді. HundrED тізіміне енген жобалар жыл сайын әлемнің жетекші білім институттары мен донорларының назарын аударады. Олардың тәсілдері көптеген елдерде ұлттық реформалардың бір бөлігіне айналады. 

Қазақстанның шағын жинақты мектептерді қолдау моделі – мемлекет, бизнес және қоғамның орнықты серіктестігі арқасында қала мен ауыл арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтудың үлгісі ретінде қарастырылуда.

Биыл Ақтөбе облысының тәжірибесі Солтүстік Қазақстан облысында масштабталып жатыр.