Қоғам • Бүгін, 14:18

«Мектептерге барып заңсыз пропаганда жүргізеді». Депутат ЛГБТ-ға тыйым салуды ұсынды

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжілісмен Еділ Жаңбыршин ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салу туралы заң жобасына байланысты депутаттық сауал жолдап, келешек ұрпақтың рухани әлеміне қауіп төніп тұрғанын жеткізді, деп жазады Egemen.kz.

«Мектептерге барып заңсыз пропаганда жүргізеді». Депутат ЛГБТ-ға тыйым салуды ұсынды

«Бұл мәселенің қоғамда қызу талқыланып жатқанына бес жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында бірнеше рет депутаттық сауал жолданып, барлық дәлел мен дерек егжей-тегжейлі қаралды. Бірақ қасиетсіз топ қасиетті киіз үйімізде тайраңдап, ұлттық фольклорда гомосексуализм бар деп тұтас халыққа жала жапты. Мұндай бассыздыққа жол беруге болмайды», деді депутат.

Оның айтуынша, ЛГБТ өкілдері мектептерге барып, заңсыз үгіт-насихат жүргізіп, халық қалаулыларына қарсы ақпараттық шабуыл ұйымдастырған. «Біздің жеке басымызға өтіп, келемеждеді. Бұл – заң шығарушы органның өкілдеріне қысым жасау, адам құқығын аяққа таптау»,  деп атап өтті ол.

Депутат қоғам тарапынан бұл үрдіске қарсы E-petition.kz мемлекеттік платформасында бастама көтеріліп, 50 мың азаматтың қолы жиналғанын еске салды. Сондай-ақ, Жаңбыршин БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясында баланы зиянды ақпараттан қорғау міндеті көрсетілгенін, ал Женева декларациясы әр мемлекеттің дәстүрлі отбасылық саясат жүргізу құқығын бекітетінін атап өтті.

«2022 жылы АҚШ-тың өзі Женева декларациясын қабылдап, президент Дональд Трамп бір жынысты некелерге тыйым салып, тек әйел және ер жынысын мойындау туралы жарлық шығарды. Бұл шешімді Америка Жоғарғы соты заңды деп таныды. Яғни, біз түгілі, әлемнің өзге елдері де мұндай теріс бағыттарды қоғамға жат деп бағалап отыр», деді Е. Жаңбыршин.

Оның айтуынша, ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салу нормалары ешқандай адам құқығын шектеуге бағытталмаған, қайта ұлттық қауіпсіздікті, дәстүрлі отбасылық институтты және рухани иммунитетті қорғауға арналған. «Дербес мемлекеттің ішкі ісіне араласуға, ең бастысы, оның ұлттық заңдарына қысым көрсетуге ешқандай ұйымның құқығы жоқ. Бұл нормалар ұлттың мүддесін қорғауға бағытталған», деп қорытындылады халық қалаулысы.