Қоғам • Бүгін, 09:53

Қамкөңіл жандарға қамқорлық

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мұнайлы өңірде мүмкіндігі шектеулі 27 308 адам тіркелген. Оның ішінде бірінші топтағы мүгедек – 2 880 адам. 9 954 адамға екінші, 9 612 азаматқа үшінші топ санаты берілген. Кәмелетке толмаған мүгедектігі бар бала саны – 4 862.

Қамкөңіл жандарға қамқорлық

Облыстық жұмыс­пен қамтуды үй­лес­­­тіру және әлеу­мет­тік бағдарламалар бас­қар­ма­сының басшысы По­лым­бет Хасановтың мәл­іме­тін­ше, мүмкіндігі шектеулі жан­­­дар­ға түрлі әлеуметтік қызмет көр­сететін  төрт арнайы әлеуметтік сауықтыру орталығы жұмыс істейді. Орталықтарда жыл ба­сынан бері 1 456 адамға әлеу­меттік қызмет көрсетілді. 17 мыңнан астам мүгедектігі бар адам арнайы портал арқылы қажетті құралдар алып, түрлі әлеуметтік қыз­метті пайдаланды.

«Оның ішінде 6 797 адам міндетті гигиеналық құралдар, 5 019 адам санаторий-курорт­тық ем алды. 2  115 адам протез­дік-ортопедиялық, 1 040 адам тифлотехникалық, 1 001 адам жеке көмекші қызметімен, 434 адам сурдотехникалық, 538 адам арнаулы жүріп-тұру құ­ралдарымен, 205 адам ымдау тілі қызметімен қамтылды»,  дейді П.Хасанов.

Мемлекеттік әлеуметтік тап­сырыс аясында мүгедектерді тасымалдайтын 130 инва­такси бар. Мұндай көліктер жүруі қиын 3 346 адамды 200 173 ­рет тасымалдады.

«Мұндай жұмыстар мұқ­таж жандарға қамқорлық көр­сету, қолайлы орта құру бағы­тындағы мемлекеттік саясаттың нәтижесін көрсетеді. Бұл іс-шаралар ерекше қолдауды қажет ететін адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға, ортаға толық бейімделуіне мүмкіндік беріп отыр», дейді басқарма басшысы.

Мүмкіндігі шектеулі жан­дардың арасында қол қусырып қарап отырмайтындар да бар. Соның бірі – 53 жастағы Асылай Ақбергенова.

«Жол апатынан кейін жұ­лыным зақымданып, ауыр жарақат алдым. Жарақаттың салдарынан арбаға таңылсам да тағдырдың ауыр сынағы­на мойымадым. Сол кезде 16 жаста едім. Бірақ өмірге құлшынысымды жоғалтпай, 2009 жылы «Мүгедек әлемі» қоғамында еңбек жолымды ­бастадым. Инватакси қыз­метінде үш жыл диспетчер болып жұмыс істедім», дейді ол.

Бұдан соң Асылай жұмысын Атырау қаласындағы №7 ем­хананың тіркеу бөлімінде жалғастырды. Мұнда психолог-реабилитолог ретінде қинал­ған жандардың қалыпты өмір­ге бейімделуіне көмегін көрсе­теді. 2021 жылдан бері «Biz de adambyz» қоғамдық қорына жүгінген мүмкіндігі шектеулі жандарға үміт сәулесін жағып келеді.

«Түрлі адаммен жұмыс істеймін. Көбінесе ЗПР, ЗРР, РАС диагнозы қойылған балалар, түрлі жарақат алған ересектер келеді. Олардың жан азабын жақсы білемін. Өйт­кені өзім де арбаға таңыл­ғаннан кейін күйзелісте бол­ға­н­мын. Бірақ өмірімді өзім ғана өзгерте алатынымды тү­сіндім. Сол сәттен өмір сүру­ге құлшынысым артты, қызы­ғушылығым оянды», дейді ол.

А.Ақбергенова би өнері­не де бет бұрды. Он жыл арбада отырып, би биледі. Бұл өнері жемісін беріп, еліміздің үш дүркін чемпионы атанды. Халықаралық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Сондай-ақ пара оқ атудан жеңімпаз болды. Қиындыққа қарсы тұрған қай­сар жан жетістіктері үшін «Жан­шуақ» сыйлығымен марапатталды.

 

Атырау облысы