Сурет: atomic-energy.ru
- 14–16 қараша аралығында АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында мәнерлеп сырғанаудан Гран-при турнирінің жалауы желбірейді. Оған жерлесіміз Михаил Шайдоров та қатысады. Жарыс қорытындысында 5–8 желтоқсан күндері Жапонияның Нагоя қаласындағы финалдық кезеңде өнер көрсететін үміткерлер анықталады. Күншығыс еліндегі додада келесі жылы Италияда алауы тұтанатын қысқы Олимпия ойындарының жолдамалары сарапқа салынады.
- Мәнерлеп сырғанаудан Осакадағы Гран-приде еліміздің 18 жастағы спортшысы Софья Самоделкинаның сенсациялық нәтижеге қол жеткізіп, күміс медальды иеленгені белгілі. Осы табысының арқасында ол ISU рейтингінде бірден тоғыз сатыға жоғарылап, қазір 28-орында тұр.
- Лозаннада (Швейцария) «Olympism 365» комиссиясының отырысы өтті. Оған еліміздің Ұлттық Олимпиада комитетінің (ҰОҚ) президенті Геннадий Головкин қатысты. Шараның басты мақсаты – технологиялық, әлеуметтік, геосаяси жағдайларда олимпиадалық институттардың тұрақтылығы мен өзектілігін сақтау, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, Олимпиада қозғалысының саясатын жаңарту әрі басқару жүйесін жетілдіру.
- Таиланд астанасы Бангкокте джиу-джитсудан өткен әлем чемпионатында еліміздің ұлттық құрамасы 11 алтын, 16 күміс, 13 қола медальды иеленіп, жалпы командалық есепте жеке-дара көш бастады. Екінші, үшінші орындарды бейтарап құрама (10+7+17) мен Вьетнамның спортшылары (8+7+10) еншіледі. Жерлестеріміздің арасынан Талант Тоқтыбаев, Ақбар Елубайұлы, Ақжүніс Өтебаева, Мақсат Төленді, Мақсат Мұратұлы, Атакелді Есетов, Аслан Қанатбек, Әбу-Бәкір Жәнібек, Жібек Құлымбетова, Шерхан Жақсылық, Бекзат Баймұратов теңдессіз деп танылды.
- Өткен аптаның аяғында Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) күш сынасып жүрген «Барыстың» ойыншылары екі рет мұз айдынына шықты. Алғашында олар овертаймда Екатеринбургтің «Автомобилсінен» айласын асырды – 3:2. Алайда одан кейін тұрақты біріншіліктің жарыс кестесінде көш бастап тұрған Магнитогорскінің «Металлургіне» есе жіберді – 1:4.