Білім • Бүгін, 18:10

Мектепке дейінгі дайындық – маңызды кезең

80 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

15 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан Президент Іс басқармасы Медицина орталығының «Қарлығаш» балабақшасы тоғыз елден педагогтерді, ғалымдар мен сарапшыларды жинаған маңызды алаңға айналды. Мұнда «Мектепке дейінгі білім беру саласындағы озық тәжірибелер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп жазады Egemen.kz.

Мектепке дейінгі дайындық – маңызды кезең

Конференцияға Норвегия, Катар, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Армения, Беларусь, Ресей және ЮНИСЕФ өкілдері, сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім беру департаментінің, отандық жоғары оқу орындарының, білім басқармалары мен әдістемелік орталықтардың жетекшілері мен мамандары қатысты. Форум Балаларды ерте дамыту институтының қолдауымен гибридтік форматта өткізілді.

Конференцияның құрметті қонақтары қатарында «Қарлығаш» балабақшасын алғаш ашуға атсалысқан және білім беру ортасының дамуына елеулі үлес қосқан басшылар болды. Олардың тәжірибесі мен алғашқы жылдардағы естеліктері дәстүр сабақтастығын көрсетіп, жинақталған тәжірибе мен инновациялық тәсілдер «Қарлығашта» қазіргі мектепке дейінгі білім беру бағыттарының қалыптасуына қалай әсер еткенін бағалауға мүмкіндік берді.

сурет

«Біз үшін осындай ауқымды форумды дәл осы мерейтой жылы өткізу үлкен мәртебе. «Қарлығаш» жай балабақша ғана емес, болашақ білім берудің заманауи тәсілдері мен құндылықтары қалыптасатын инновациялар флагманы», деді балабақша директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлшат Оңланбекқызы.

Конференцияның басты мақсаты педагогтер, ғалымдар мен басқарушылар арасында тәжірибе алмасу, мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамытудағы инновациялық тәсілдерді талқылау және халықаралық ынтымақтастықты нығайту болатын.

Алғаш сәттерінен бастап-ақ конференцияда заманауи бағыттар айқындалып, кәсіби халықаралық диалог құра отырып, пікір алмасу контексті белгіленді. «Қарлығаш» балабақшасында экскурсия жасау форумның ашылу бағдарламасының маңызды бөлігі болды, онда қатысушыларға медиашығармашылық арқылы мектеп жасына дейінгі балалардың коммуникативтік және танымдық дағдыларын дамытуға арналған авторлық жоба мен балалардың жан-жақты дамуына бағытталған «Бастау» авторлық бағдарламасы таныстырылды. Бұл тәжірибе теориялық идеялар мен практикалық тәжірибені үйлестіріп, мектепке дейінгі білім берудегі өзекті тәсілдерді әрі қарай талқылауға негіз болды.

Пленарлық отырыста негізгі спикерлер – Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манара Адамова, Балаларды ерте дамыту институтының директоры Мәрия Ерманова, МАНАоКО академиялық координаторы Ләззат Бөлебаева, сондай-ақ шетелдік сарапшылар баяндама жасады. Спикерлердің баяндамалары мектепке дейінгі білім беруді дамытудағы жаһандық үрдістерді, аккредиттеу және сапаны қамтамасыз ету мәселелерін, сондай-ақ дуальды оқыту модельдері мен жаңа буын педагогтерін даярлау бойынша халықаралық тәжірибені көрсетті.

«Конференцияның басты бағыты – бала, оның үйлесімді дамуы және салауатты балалық шақ. Біз кәсіби қауымдастықтың әрбір бала үшін ең жақсы жағдай жасауға ортақ мақсатпен біріктірілгенін көріп отырмыз», деп атап өтті Мәрия Ерманова.

Пікір алмасу панельдік сессияларда жалғасын тапты, онда оқыту мен тәрбиелеудің инновациялық әдістемелері, ұлттық құндылықтарды білім беру үдерісіне енгізу, ТРИЗ технологиялары мен Реджио-педагогика қолдану мәселелері талқыланды. Медициналық сүйемелдеу, инклюзивті практика және мектепке дейінгі балаларда экологиялық мәдениет қалыптастыру да маңызды тақырыпқа айналды.

Тәжірибелік дәлел ретінде «Қарлығаш: инновациялар іс жүзінде» практикалық тур өтті, онда педагогтер нақты кейстерді, соның ішінде «Бастау» авторлық бағдарламасын – ұлттық құндылықтарға негізделген білім беру ортасын құру және Eсoteam экологиялық жобасын іске асыру туралы атап өтті. Конференцияның тағы бір маңызды элементі – «Мектепке дейінгі білім берудегі инновациялық технологиялар» көрмесі, онда цифрлық шешімдер: интерактивті құм алаңдары, дрондар, VR жабдығы, заманауи педагогикалық зертханалар мен авторлық әдістемелер ұсынылды.

Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар ұйымдастыру деңгейінің жоғары болғанын және бағдарламаның практикалық тұрғыдағы бағытын атап өтті.

«Конференция ұйымдастырушылық жағынан жоғары деңгейде өткізілді және пленарлық, секциялық талқылаулар бағдарламасы мазмұнды болды. Мұндай іс-шаралар мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамытуда халықаралық диалогтің және озық тәжірибелер алмасудың маңыздылығын растайды», деп атап өтті Манара Адамова.