Кино • Бүгін, 07:53

Қазақ киносының жарқын белесі

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары отандық фильмдерге көрермен сұранысы арта түскен. Мәселен, өткен жылдың өзінде фильмдеріміз прокаттан 22 миллиард теңгеден астам табыс тапқан. Біздің кинотуындылар кейінгі 5 жылда 300-ден астам фестивальға қатысып, 177 марапатқа ие болған. Бұл деректерді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева атап өтті.

Қазақ киносының жарқын белесі

Сала басшысының айтуынша, кейінгі жылдары көпшілік көрер­меннің, соның ішінде шетелдік ауди­то­рияның да қазақ фильмдеріне ықы­ласы артып келеді.

Жоғарыда атап өткен жетістіктермен қатар биыл кейінгі 30 жылда алғаш рет Қазақ­стан Канн қаласында өткен ең ірі кинонарықтардың бірі – «Marché du Film» алаңында өз стендін ұсынды. Бұл – отандық продюсерлер мен дистрибьюторлар үшін үлкен белес.

«Сонымен қатар біз «Еуразия» халық­аралық кинофестивалін қайта жаң­ғырт­тық. Бұл – нақты қадамдар­­дың бірі. Біз үшін фильмдеріміздің шетелдік фестивальдарда көрінгені ғана емес, өз көрермендерімізге де кеңінен жетуі аса маңызды. Биыл еліміздің кинотеатрларында «Тезек», «Фейковый Арман», «Қайтадан» секілді отандық 10 фильм көрсетілді. Солардың ішінде «Қайтадан» фильмі про­катта 1 миллиард теңгеден астам табыс та­уып, мемлекет салған қаражат­­­ты толық қайтарды. Бұл – кино саласын жаң­ғыр­тудағы бағытымыздың дұрыс екені­нің бір дәлелі» дейді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Қазір көрермен авторлық туындылардан гөрі, көбіне жеңіл жанрдағы фильмдерді таңдайтын болған. Сол себепті жобаларды іріктеу кезінде көбіне идея және сценариймен қатар, фильмнің көрерменге қаншалықты қызық болатынына да мән беріледі екен.

2024 жылдан бастап мемлекет тара­пынан қолдау тапқан әрбір фильм алдымен ел кинотеатрларын­да көрсетілуге тиіс деген міндетті шарт енгізілді. Тек содан кейін ғана онлайн-платформаларға шығары­лады. Аталған шешім фильмдердің қолжетімділігін арттырып, көрермен­­мен байланыс орнатуға себеп болады.

«Біз тарихи әрі патриоттық бағыт­­тағы жобаларды да тұрақты түрде қолдаймыз. Соның айғағы – жуыр­да жарық көрген «Капитан Байтасов» фильмі. Бұл туынды – ерлік, намыс пен борыш алдындағы адалдық жайында терең ойға жетелейді. Ха­лық қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлігіне арналған шығарма көпшілікті ізгі құндылықтарға үндейді.

Сондай-ақ тағы бір айрықша жоба – «Әлия» фильміне тоқталып өткім келеді. «Microcosm Pictures» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктес­ті­гі­мен бірлескен жоба былтыр Ұлттық киноны қолдау орталығы өткізген байқауда жеңімпаз атанған еді. Алайда продакшн-компания қаржылық себептерге байланысты түсіруден бас тартты. Соған қарамастан, алдағы уақытта бұл идея қайта жанданып, Әлия Молдағұлова туралы фильм міндетті түр­де көрермендерге жол тартады деп сенеміз» дейді министр.

Оның мәлімдеуінше, кино өндірісін барынша ашық әрі заманға сай ету мақсатында е-Кино атты цифрлық платформа құрылып жатыр. Онда фильмдердің түсірілімі, табысы, көрерменнің саны сияқты барлық дерек жиналады. Бүгінде еліміздегі кинотеатрлардың жартысы осы жүйе­ге қосылды. Бұл бағытта жұмыс жал­ға­­су­да. е-Кино жүйесі нарықтағы нақты жағдайды ашық көруге жол ашады.

Нақты өзгеріс өз нәтижесін бере бастаған. Соның нәти­жесінде, мемлекет қолдауына ие болған 57 жобаның 40-ы – жас режиссерлердің жұмысы. Ал қазақ тіліндегі фильмдердің үлесі бүгінде 75 пайызға жетіп отыр.

Кинематография туралы заңға ен­гізіл­ген жаңа түзетулер мемлекетке қаржыландырудың 30 пайызын тікелей «Қазақфильм» киностудиясына бөлуге жол ашты. Бұл – ұлттық кино индустриясының көшбасшысы үшін үлкен мүмкіндік.

«Бүгінде «Қазақфильм» белсен­ді дамып, серіктестермен бірле­сіп жұмыс істеп, техникалық мүм­кін­діктерін арттырып келеді. Кино­сту­дия ұлттық кино қорын цифр­лан­дыру және қалпына келтіру жұ­­­мыс­тарын жүргізуде. Сонымен бірге «Қазақанимация» жобасы іске қосылып, елімізде алғаш рет анимацияны креативті индустрияның бөлігі ретінде дамыту тұжырымдамасы әзірленді. Біздің міндетіміз – шығар­ма­шылық еркіндікке жағдай жасау және автор мен көрермен арасында сенімді диалог орнату.

Барлық ұйымдастырушылық және техникалық шешім ашық әрі заң аясында қабылданады. Қазір Ұлттық киноны қолдау орталығын «Қазақфильм» киностудиясымен бірік­тіру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл – өндіріс үдерісін жеңіл­детіп, тиімділікті арттыруға бағыт­талған қадам. Мәдениет және ақпарат министрлігі алдағы уақытта да отан­дық киноны дамыту бағытындағы жұмысын жалғастыра береді», дейді Аида Ғалымқызы.

Сонымен қатар министр қоғам тарапынан түсетін сұрақтарға тоқталды. Мәселен, жақында көп талқыланған тақырыптардың бірі – режиссер Рүстем Омаровтың «Офсайд» атты сериалының YouTube желісінен өші­ріліп, автордың Instagram парақ­шасының бұғатталуы. «Бұл жағдайдың жеке, яғни нақты бір аккаунтқа қатысты жайт екенін атап өткім келеді. Мұндай кезде аккаунт иесі өз бетімен онлайн-платформаның әкімшілігіне хабарласып, парақшаны қалпына келтіру және себептерін анықтау туралы өтініш бере алады.

Отандық онлайн-сериалдар мен бейнежобаларда әдепсіз сөздердің қолданылуына байланысты да сұрақтар көтерілді. Бұл ретте ескеретін жайт – қазіргі заңнамада мұндай әрекет үшін нақты жауапкершілік белгіленген. Яғни қоғамдық орындарда әдепсіз сөз айту — ұсақ бұзақылық деп танылады. Ол үшін 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу, 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған. Құзырлы органдар әрбір осындай жағдайды жеке қарастырады.

Биыл жыл басынан бері интернет­тегі мониторинг нәтижесінде осындай 50-ден астам құқықбұзушылық анықталып, олардың барлығы бойынша Ішкі істер министрлігіне тиісті хабарлама жолданды» деді министр.

Сөзін түйіндей келе сала басшысы министрлік әрдайым ашықтықты, шығармашылық еркіндікті және көрер­мен­ге деген жауапкершілікті бас­ты мақсат ететінін атап өтті. Сонымен қатар кино мен медиа саласының дамуы қо­ғамға, мәдениетке және бұқараны ортақ құндылықтарға құрметпен қарауға негізделуге тиіс екеніне тоқталды.

 

Дайындаған –

Жолдыбай БАЗАР,

«Egemen Qazaqstan»