Оқиға • Бүгін, 13:40

100 млн теңге: Қарағандыда көпбалалы аналарға қайырымдылық жасаймыз деген топтың жұмысы әшкере болды

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында өзін әлеуметтік көмек жобасы ретінде көрсеткен «Үміт Самғау» ұйымы қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікпен тергеліп жатыр. Топ 400-ден астам азаматтың сеніміне кіріп, 100 млн теңгеден астам қаражат жинаған, деп хабарлайды Egemen.kz.

100 млн теңге: Қарағандыда көпбалалы аналарға қайырымдылық жасаймыз деген топтың жұмысы әшкере болды

Тергеу мәліметінше, ұйым өзін қайырымдылық жобасы ретінде таныстырып, жалғызбасты аналарға және тұрмысы төмен жандарға материалдық көмек көрсетуді мақсат еткенін мәлімдеген.

Алайда шын мәнінде ұйым азаматтарды жоғары табысқа уәде беріп, қаржы пирамидасының классикалық үлгісімен жұмыс істеген. Қатысушыларға салған қаражатының көлеміне қарай 300%-дан 800%-ға дейін пайда түсетіні айтылған. Салым неғұрлым көп болса, табыс та соғұрлым жоғары болатыны туралы шарттар ұсынылған.

Нәтижесінде белгілі болғандай, қатысушыларға төленген қаражат нақты кәсіпкерлік немесе инвестициялық қызметтен емес, кейін қосылған салымшылардың ақшасы есебінен берілген. Бұл жүйе біраз уақыт жұмыс істегенімен, ақыр соңында жүздеген адамның қаржылық шығынға ұшырауына себеп болған.

Тергеушілердің айтуынша, қаржы схемасын ұйымдастырғандар өздерінің туыстары мен таныстарын «дроппер» ретінде пайдаланып, салымшылардың ақшасын солардың атына ашылған банк карталары мен шоттарына қабылдап отырған.

Қазіргі таңда анықталған мәлімет бойынша, 400-ден астам адам аталған жобаға қатысқан, ал жиналған қаражаттың жалпы көлемі 100 миллион теңгеден асып кеткен.

Сот шешімімен күдікті тұлғаның пәтері мен көлігіне тыйым салынды. Қазір істің барлық қатысушылары анықталып, тергеу шаралары жалғасып жатыр.