Спорт • Бүгін, 08:00

«Тең мүмкіндіктер» фестивалі – қайырымдылық пен бауырмалдық алаңы

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада «Тең мүмкіндіктер» республикалық инклюзивті спорт фестивалі өтті. Іс-шараға елі­міз­дің әр өңірінен келген 500-ге жуық бала қатысты. Олар бочча,­ жеңіл атлетика, эстафета бо­йын­ша екі күн бойы сайысқа түсті.

«Тең мүмкіндіктер» фестивалі – қайырымдылық пен бауырмалдық алаңы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Әділетті қоғамды құру үшін, ең алдымен, өскелең ұрпақтың жан-жақты, толыққанды дамуын қамтамасыз ету маңызды. Сондықтан мектептердегі білім беру ісі балалардың әлеуметтік жағдайына қарамастан, инклюзивті әрі барлық бала үшін қол­же­тімді болуға тиіс», деген еді. Бұл ретте «Amanat» партиясы Әйелдер қана­тының бастамасымен «Кедергісіз келе­шек» жобасы аясында Оқу-ағарту ми­нистрлігі, Қазақстанның бочча федера­ция­сы, Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәр­биесі орталығы, Спортты дамыту дирекциясы және Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп, «Тең мүмкіндіктер» фестивалі ұйымдастырылды.

Мақсат – ерекше балаларды қоғам өміріне бейімдеу, олардың спорт арқылы әлеуетін ашу және инклюзивті орта құруға ықпал ету. Жиынды ашқан «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек бұл фестиваль қайырымдылық пен бауырмалдық тоғысқан бірегей алаңға айналып отырғанын атап өтті.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев инклюзивті спортқа ерекше мән беріп келеді. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Биыл екінші мәрте өтіп жатқан «Тең мүмкіндіктер» фестивалі – соның айқын дәлелі. Іріктеу кезеңіне 2 мыңнан аса үміткер қатысып, үздіктер анықталды. Қатысушылардың барлығы болашақта үлкен жетістікке жетіп, халықаралық аренада беделді спорттық марапаттарға ие болады деп сенемін, – деді Д.Кәрібек.

Фестивальға партияның Әйелдер қанатының төрағасы Шолпан Каринова, Мәжіліс депутаттары, «Amanat» партиясы фракциясының мүшелері Ерлан Әбдиев пен Наталья Дементьева, Оқу-ағар­ту министрлігі Ұлттық ғылыми-практ­икалық дене тәрбиесі орталығы­ның директоры Арман Ташметов, Олим­пиада чем­пионы Дмитрий Баландин, сондай-ақ қоғамдық ұйым өкілдері, спорт қай­рат­керлері, ұстаздар мен ата-аналар қатысты.

Шолпан Каринова ерекше қажеттілігі бар балалардың жігерін жанитын, рухын көтеретін осындай игі іс-шараларды ұйымдастыру аса маңызды екенін айтты.

– Еліміздің әр азаматы үшін кедергісіз орта құру – партияның сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі. Тең мүмкіндік – баршамызға ортақ құндылық. Партиямыздың бастамасымен өтіп жатқан бұл фестиваль ерекше қажеттілігі бар балалардың өз күшіне сенуіне, жаңа орта қалыптастыруына және қоғамға бейімделуіне жол ашады, – деді Ш.Каринова.

Инклюзия мәселесін жиі көтеріп жүрген Ерлан Әбдиев ерекше балалар­дың ерік-жігері, табандылығы мен өмірге деген құштарлығы бәрімізге үлгі болуға тиіс дейді.

– Инклюзия – тек мемлекеттік бағдарлама немесе әлеуметтік саясат емес, бұл – күнделікті қарым-қатынастың мәдениеті, қоғамның рухани деңгейі мен азаматтық жауапкершілігінің айнасы. Біз Мәжілісте ерекше қажеттілігі бар азаматтардың құқығын қорғау, әлеуметтік және инфрақұрылымдық қолдауды күшейту бағытында үнемі бастама көтеріп жүрміз. Бірақ ең маңыздысы – қоғамның сана-сезімі мен көзқарасының өзгеруі. Міне, дәл осындай игі іс-шаралар сол өзгерістің бастауы, – деді мәжілісмен.

Фестиваль қорытындысында жеңім­паз­дар мен жүлдегерлерге кубоктер мен ар­найы сыйлықтар табысталды.Партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзе­ге асы­ру аясында елімізде ерекше білім бе­руді қажет ететін 16,9 мың баланы қам­­титын 1,8 мың инклюзия каби­не­ті­ және 5,5 мың баланы қамтитын 688 бейім­делген спорт секция­сы жұмыс істейді.

Сонымен қатар Мәжілістегі партия фракциясының депутаттары бастамасымен тұрғын үй заңнамасына I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтарға, мүгедек балалары бар отбасыларға бас­пананы бірінші кезекте алу құқығын бекі­тетін нормалар енгізілді. Сондай-ақ жоғары оқу орындарына мүмкіндігі шек­теулі азаматтарды қабылдау квотасы 1 па­йыздан 2 пайызға дейін ұлғайтылды.