Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Әділетті қоғамды құру үшін, ең алдымен, өскелең ұрпақтың жан-жақты, толыққанды дамуын қамтамасыз ету маңызды. Сондықтан мектептердегі білім беру ісі балалардың әлеуметтік жағдайына қарамастан, инклюзивті әрі барлық бала үшін қолжетімді болуға тиіс», деген еді. Бұл ретте «Amanat» партиясы Әйелдер қанатының бастамасымен «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Оқу-ағарту министрлігі, Қазақстанның бочча федерациясы, Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы, Спортты дамыту дирекциясы және Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп, «Тең мүмкіндіктер» фестивалі ұйымдастырылды.
Мақсат – ерекше балаларды қоғам өміріне бейімдеу, олардың спорт арқылы әлеуетін ашу және инклюзивті орта құруға ықпал ету. Жиынды ашқан «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек бұл фестиваль қайырымдылық пен бауырмалдық тоғысқан бірегей алаңға айналып отырғанын атап өтті.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев инклюзивті спортқа ерекше мән беріп келеді. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Биыл екінші мәрте өтіп жатқан «Тең мүмкіндіктер» фестивалі – соның айқын дәлелі. Іріктеу кезеңіне 2 мыңнан аса үміткер қатысып, үздіктер анықталды. Қатысушылардың барлығы болашақта үлкен жетістікке жетіп, халықаралық аренада беделді спорттық марапаттарға ие болады деп сенемін, – деді Д.Кәрібек.
Фестивальға партияның Әйелдер қанатының төрағасы Шолпан Каринова, Мәжіліс депутаттары, «Amanat» партиясы фракциясының мүшелері Ерлан Әбдиев пен Наталья Дементьева, Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының директоры Арман Ташметов, Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин, сондай-ақ қоғамдық ұйым өкілдері, спорт қайраткерлері, ұстаздар мен ата-аналар қатысты.
Шолпан Каринова ерекше қажеттілігі бар балалардың жігерін жанитын, рухын көтеретін осындай игі іс-шараларды ұйымдастыру аса маңызды екенін айтты.
– Еліміздің әр азаматы үшін кедергісіз орта құру – партияның сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі. Тең мүмкіндік – баршамызға ортақ құндылық. Партиямыздың бастамасымен өтіп жатқан бұл фестиваль ерекше қажеттілігі бар балалардың өз күшіне сенуіне, жаңа орта қалыптастыруына және қоғамға бейімделуіне жол ашады, – деді Ш.Каринова.
Инклюзия мәселесін жиі көтеріп жүрген Ерлан Әбдиев ерекше балалардың ерік-жігері, табандылығы мен өмірге деген құштарлығы бәрімізге үлгі болуға тиіс дейді.
– Инклюзия – тек мемлекеттік бағдарлама немесе әлеуметтік саясат емес, бұл – күнделікті қарым-қатынастың мәдениеті, қоғамның рухани деңгейі мен азаматтық жауапкершілігінің айнасы. Біз Мәжілісте ерекше қажеттілігі бар азаматтардың құқығын қорғау, әлеуметтік және инфрақұрылымдық қолдауды күшейту бағытында үнемі бастама көтеріп жүрміз. Бірақ ең маңыздысы – қоғамның сана-сезімі мен көзқарасының өзгеруі. Міне, дәл осындай игі іс-шаралар сол өзгерістің бастауы, – деді мәжілісмен.
Фестиваль қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктер мен арнайы сыйлықтар табысталды.Партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында елімізде ерекше білім беруді қажет ететін 16,9 мың баланы қамтитын 1,8 мың инклюзия кабинеті және 5,5 мың баланы қамтитын 688 бейімделген спорт секциясы жұмыс істейді.
Сонымен қатар Мәжілістегі партия фракциясының депутаттары бастамасымен тұрғын үй заңнамасына I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтарға, мүгедек балалары бар отбасыларға баспананы бірінші кезекте алу құқығын бекітетін нормалар енгізілді. Сондай-ақ жоғары оқу орындарына мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қабылдау квотасы 1 пайыздан 2 пайызға дейін ұлғайтылды.