Саясат • Кеше

Вашингтон сапары: Сенім мен серіктестікке негізделген диалог

50 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонға сапармен барды. Президентті АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары Кристофер Ландау күтіп алды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевты АҚШ-та оқитын қазақ студенттері қарсы алды. Мемлекет басшысы отандастарымызбен аз-кем әңгімелесіп, оларға табыс тіледі.

Вашингтон сапары: Сенім мен серіктестікке негізделген диалог

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Дональд Трамп Әкімшілігінің өкілдерімен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вашингтон­ға сапары Мемлекеттік хатшы Марк Рубиомен, Сауда министрі Говард Латникпен, сондай-ақ АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азиядағы арнайы өкілі Серджио Гормен кездесуден басталды.

Басқосуға қатысушылар екіжақты және өңірлік күн тәртібінің басты аспектілері жөнінде пікір алмасты.

а

Мемлекет басшысы Қазақстан мен АҚШ үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға, өнеркәсіп пен бизнесті қолдау­ға септігін тигізетін экономикалық ықпалдастық арқылы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға орайлы мүмкіндік туғанын атап өтті.

Президенттің айтуынша, еліміз АҚШ-пен түрлі деңгейде белсенді саяси байланыс орнатқан әрі сан қырлы ынтымақтастықты тереңдету бойынша конструктивті диалог жүргізуге дайын.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуы­мен Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасында аса маңыз­ды минералдар саласы бойынша ынты­мақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат­қа Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен АҚШ Сауда министрі Говард Латник қол қойды.

 

Отандық ІТ стартаптар таныстырылды

Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонға сапары аясында халықаралық нарыққа шыққан отандық ІТ стартаптардың негізін қалаушылармен кездесті.

Президентке еліміздің алғашқы «сыңармүйіз» стартабы – Higgsfield AI жасанды интеллектіге негізделген кинематографиялық сапалы бейнені генерациялауға арналған платформасы, Deep Infra – машиналық оқыту модельдерін орналастыруға әрі іске қосуға арналған қызмет, Valinor – биотехнология саласындағы стартап, ARC Drones – автономды дрондарды әзірлеуші, сондай-ақ басқа да келешегі зор жобалар таныстырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Silkroad Innovations технология хабының қызметі туралы ақпарат берілді. Ол Кремний алқабында Орталық Азия елдерінің талантты жастары мен стартаптарына қолдау көрсетеді.

д

Кездесуге жалпы құны 1,4 млрд долларды құрайтын 20-дан аса стартап өкі­лі қатысты. Бұл ұлттық ІТ экожү­йесі­нің инновациялық әлеуетін танытады.

Мемлекет басшысы жоғары технология саласындағы отандық компания­лардың жетістіктерін жоғары бағалап, алдағы үш жылда Қазақстанды толық цифр­лық елге айналдыру жөніндегі стра­те­гиялық міндеттің маңызын атап өтті.

– Президент ретінде баршаңызды қолдаймын. Жұмыстарыңыз еліміздің болашағы үшін өте қажет. Цифрландыру мен HighTech мемлекетіміздің басты басымдықтарының бірі саналады. Мен бұл туралы Жолдауымда айттым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Америкалық конгрессмендерді қабылдады

Мемлекет басшысы АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының мүшелері Джимми Панеттамен, Кэрол Миллермен, Билл Хайзенгамен және Сидни Камлагер-Давпен кездесті.

Президент АҚШ Конгресі Қазақстан­мен достық байланысты нығайтуда маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, Парламент мүшелеріне екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті ілгерілетуге қосқан үлесі үшін алғыс айтты.

д

Қасым-Жомарт Тоқаев Конгрестегі Джимми Панетта басқаратын «АҚШ – Қазақстан» достық тобы (кокус) қос халық арасындағы саяси диалогті тереңдетуге, экономикалық кооперация мен байланыстар аясын кеңейтуге ықпал етіп отырғанына назар аударды.

АҚШ – Қазақстанның ең ірі экономикалық серіктестерінің бірі. Құрама Штаттар еліміздің экономикасына 100 млрд доллардан аса инвестиция салды. Бұл – Орталық Азияға бағытталған жалпы инвестиция көлемінің 80 пайызы.

Сонымен қатар Президент конгрессмендерге елімізде жүргізіліп жатқан жан-жақты саяси және экономикалық жаңғырулар жөнінде әңгімеледі.

Конгресс мүшелері Қазақстанның әлеуетіне жоғары баға беріп, екі ел арасындағы сан қырлы байланыстардың дамуына қолдау көрсететіндерін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев орайлы сәтті пайдаланып, Америка парламентінің өкілдерін екі елдің өзара тиімді ынтымақтастығын кеңейту мақсатында Қазақстанға сапарлап келуге шақырды.

 

«Chevron» үлесіне жоғары баға берді

Осы күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Chevron» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Уиртті қабылдады.

Мемлекет басшысы Теңіз бен Қарашығанақ кен орындарындағы мұнай мен газды игеру бойынша ауқымды жобаларды жүзеге асыруға «Chevron» корпорациясының қосқан үлесіне жоғары баға берді. Сондай-ақ Қазақстан тарапының шикізатты өндіру, өңдеу және тасымалдау салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін растады.

 

АҚШ сенаторын «Достық» орденімен марапаттады

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық сенатор Стив Дэйнсті қабылдады.

Республикалық партиядан сайлан­ған сенатормен кездесуде қазақ-америка қатынастарын нығайтуға парламент­тік дипломатияның қосқан үлесі талқыланды.

Мемлекет басшысы АҚШ сена­торының Қазақстанға шынайы тілектес екенін атап өтіп, Республика күніне орай Конгрестің ресми мәлімдеме жасағаны үшін ризашылық білдірді. Бұл – елдеріміз арасындағы бұрыннан келе жатқан стратегиялық серіктестіктің дәлелі.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Стив Дэйнс екіжақты күн тәртібінің басым бағыттары жөнінде пікір алмасып, қос халықтың игілігі үшін Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының стратегиялық серіктестігін нығайтуға бағытталған бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендерін растады.

Кездесу соңында Президент Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін сенатор Стив Дэйнсті І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

 

Агроөнеркәсіпті дамытатын тиімді ынтымақтастық

Қасым-Жомарт Тоқаев «John Deere» компаниясының ТМД және Орталық Азия елдері бойынша президенті Чабо Лейкомен кездесті.

Қазақстан Президенті «John Deere» компаниясымен серіктестікті заманауи және тиімді ауыл шаруашылығы кешенін дамытуға ортақ ұмтылысты көрсететін өндірістік кооперацияның табысты үлгісі деп атады.

Мемлекет басшысы «John Deere» компаниясының Қазақстанның «Агромаш» зауытымен серіктестік орната отырып, агроөнеркәсіп кешеніне арналған техника өндірісінің локализациясы туралы қабылдаған шешімін қолдады. Бұл ынтымақтастық қазірдің өзінде оң нәтиже беріп отыр.

л

Өндіріс іске қосылған биылғы мамыр айынан бері 290 бірліктен аса техника құрастырылған. Жыл соңына дейін тағы 100 техника шығарылады деп жоспарланып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев сапар аясында жалпы құны 2,5 млрд долларға бағаланған Стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылғанын құптады.

Құжат бойынша «АгромашХолдинг KZ» АҚ 5 жыл ішінде кем дегенде 3 мың «John Deere» ауыл шаруашылығы техникасын өндіруді, кемінде 3 сервис орталығын ашуды, сондай-ақ мамандарды оқыту жүйесін дамытуды қарастырады.