Фотолар: primeminister.kz
Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін барлығы 889 үй салынған, оның ішінде Орал қаласында – 451 тұрғын үй. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың қыркүйегінде толығымен аяқталып, отбасыларға берілді. Бүгінгі таңда барлық үйлер қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.

Сондай-ақ Премьер-министр Жайық өзенінің бойындағы жағалауды нығайту және реконструкциялау жұмыстарымен танысты. Өзеннің жағалауы мен арнасын, тұрғын үйлерді тасқыннан қорғау үшін ұзындығы 383,6 метр бөгет салынған. Жалпы, елді мекендерді су тасқынынан қорғау үшін облыста 143 шақырым қорғаныс бөгеттері, 9 шақырым су бұру каналдары салынып, 74 шақырым магистральды каналдар тазартылған.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жағалауды реконструкциялау осы жылдың мамыр-қыркүйек айлары аралығында жүргізілді. Жобаға сәйкес, су тасқынынан қорғау мақсатында өзен жағалауы бұрынғыдан да биіктетілді. Барлық аумақ толығымен абаттандырылып, қоршаулар орнатылды.
8 мың шаршы метр алаңға тротуарлар төселді, 102 көше шамдары орнатылды, 16 мың шаршы метрден астам көгал мен 768 ағаш көшеттері отырғызылды. Балалар ойын алаңы, спорт алаңы, воркаут-аймақ және тағы да басқа нысандар реконструкцияланды.