Саясат • Бүгін, 16:16

АҚШ мемлекеттік хатшысы Қазақстанға келетінін мәлімдеді

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио 2026 жылы Орталық Азияның бес еліне, соның ішінде Қазақстанға келетінін хабарлады. Ол бұл туралы Вашингтонда өткен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz

АҚШ мемлекеттік хатшысы Қазақстанға келетінін мәлімдеді

Рубио АҚШ-тың Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі арнайы өкілі Серджио Гораның және мемлекеттік хатшының орынбасары Кристофер Ландаудың Қазақстанға жасаған сапарын «маңызды миссия» деп атады.

«Олар Қазақстанда біраз уақыт болды және аймақтағы басқа елдерге де баруға асық. Өз басым келесі жылы осы бес елдің бәріне баруды жоспарлап отырмын — сапар кем дегенде бір аптаға созылады деп ойлаймын. Бұл жоспарды жүзеге асыру үшін жұмыс істеп жатырмыз», деді Рубио.

Мемлекеттік хатшының айтуынша, Трамп әкімшілігінің сыртқы саясаты АҚШ-тың ұлттық мүдделеріне негізделген, ал бұл мүдделер Орталық Азия елдерінің мақсаттарымен үндес.

«Біздің ұлттық мүдделеріміз сәйкес келеді. Бүгінгі кездесулер мен кейінгі келіссөздер бұл әріптестікті одан әрі нығайтады. Бұл — АҚШ пен Орталық Азия арасындағы қатынастардың жаңа дәуірінің бастауы», деп атап өтті ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Вашингтонға барған еді. Мемлекет басшысы Дональд Трамппен келіссөздер жүргізіп, C5+1 форматындағы (Орталық Азия – АҚШ) саммитке қатысады деп жоспарланған.