Экономика • Бүгін, 12:48

Инвестициялау: қалай бастауға және жиі ұрынатын қателіктерді қалай айналып өтуге болады?

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде әр азамат өз болашағын қамтамасыз етудің жаңа жолдарын іздейді. Кейбірі жинақ шоттарын ашса, енді бірі қосымша табыс көздерін қарастырады. Осы тұрғыда инвестициялау – қаражатты көбейтудің заманауи әрі сенімді тәсіліне айналып келеді. Бұл ақшаңызды әр түрлі қаржы құралдарына орналастыру арқылы капиталды арттырудың тиімді әдісі. Яғни қаражат енді сіз үшін жұмыс істей бастайды. Алайда бастапқы қадамда жиі кездесетін қателіктерден сақтанып, нарықтың қауіп-қатерлерін білу маңызды. Осы орайда Fingramota.kz сайтына сүйеніп, инвестициялаудың қыр-сырына үңіліп көрдік, деп жазады Egemen.kz.

Инвестициялау: қалай бастауға және жиі ұрынатын қателіктерді қалай айналып өтуге болады?

Фото: pinterest.com

 

Инвестициялау пайда табу немесе активтердің құнын арттыру мақсатында жүзеге асады. Мұны екі жолмен бастауға болады: кәсіби брокер арқылы шот ашып, өз бетімен шешім қабылдау немесе инвестициялық пай қорының пайларын сатып алып, қаражатты басқаруды компанияға тапсыру.

Брокерлік қызметтерді тек Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) лицензиясы бар ұйымдар ұсына алады. Бұл инвестордың құқықтық тұрғыдан қорғалуын қамтамасыз етеді. Ресми тізім www.gov.kz сайтында жарияланған. Ал лицензиясы жоқ компаниялармен әрекеттесу азаматтарды тәуекелге ұрындырады. «Қысқа мерзімде жоғары кіріс» уәдесі – көбіне алаяқтықтың белгісі.

Бүгінде Қазақстанда брокерлік шоттар саны 4 миллионнан асты. Бұл халықтың қаржы нарығына деген қызығушылығы артқанын көрсетеді. ҚНРДА азаматтардың құқықтарын қорғау және ашықтықты арттыру бағытында жүйелі шаралар атқарып жатыр.

Біріншіден, брокерлер әр клиенттің тәуекел-бейінін бағалауға міндетті. Инвесторлар «білікті» және «біліктілігі жоқ» санаттарға бөлінеді. Кәсіби сертификаты бар немесе заңмен белгіленген актив иелері кеңейтілген қаржы құралдарына қол жеткізе алады.

Екіншіден, агенттік бағалы қағаздар нарығындағы айла-шарғы мен жасанды баға белгілеуге қарсы тұрақты мониторинг жүргізеді. Мысалы, акция құнын әдейі көтеру немесе жалған ақпарат тарату секілді әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Үшіншіден, лицензиясы жоқ делдалдармен күрес күшейтілді. Бұл – азаматтарды «кепілді табыс» уәде ететін жалған онлайн-платформалар мен қаржы пирамидаларынан қорғаудың маңызды тетігі.

Мамандардың айтуынша, қаржылық сауат пен инвестициялық мәдениет ел экономикасының тұрақтылығына да, жеке әл-ауқатқа да әсер етеді.

«Әр азамат нарық тетіктерін дұрыс түсініп, шешімін саналы қабылдаса, қаржы жүйесі де берік бола түседі», дейді сарапшылар.