Айбын • Кеше

Десант әскері қатарына 1 500 жауынгер қосылды

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарулы күштердің элиталық бөлімдерінде күзгі әскерге шақыру науқаны аяқталды. Алматы, Қонаев, Талдықорған қалаларында орналасқан Десанттық-шабуылдау әскерлерінің құрамалары мен әскери бөлімдеріне 1500-ден астам жас жауынгер келіп қосылды. Алғашқы күннен бастап оларға бейімделу кезеңіне арналған кешенді іс-шаралар өткізіліп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz

Десант әскері қатарына 1 500 жауынгер қосылды

Фото: Қорғаныс министрлігі

Жас сарбаздардың роталық оқу жиындарында әскери қызметтің негіздерін меңгеріп, саптық, атыс, тактикалық және дене даярлығынан өтіп және жалпыәскери жарғылар мен ішкі тәртіп ережелерін үйреніп жатыр.

«Біздің басты міндетіміз – жас сарбаздардың тез бейімделуіне көмектесу, жауынгерлік дәстүрлермен таныстыру және оларды Әскери ант беруге дайындау», деді 61993 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Дәурен Төленбаев.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бейімделу барысында психологтар белсенді жұмыс атқарып жатыр. Жас жауынгерлерге диагностикалық тестілер, топтық тренингтер және жеке кеңестер өткізіледі. Мұның бәрі бөлімдердегі салауатты моральдық-психологиялық ахуалдың қалыптасуына ықпал етеді.

Жиын бағдарламасында жауынгерлік және атыс даярлығына ерекше мән берілген. Полигондарда жас десантшылар Калашников автоматынан алғашқы атыс жаттығуларын орындап, бөлімше құрамында іс-қимыл жасауды және бронетехниканы жүргізіп тексеріп көру тәжірибесінен өтті.

«Алғашқы атыстарда сәл толқыдым, бірақ кейін нысанаға дәл тигізе бастадым, тіпті «тоғыздыққа» тигіздім. Спорттық дайындық көп көмектесті», деді 2024 жылы Канадада өткен Dageki World Full Contact Karate Championship әлем чемпионатының жеңімпазы, Астанадан шақырылған қатардағы жауынгер Тәтімбек Нөгербек.

Жас десантшыларды алдағы уақытта парашютпен секіру, далалық жаттығулар және жауынгерлік оқудың жаңа кезеңдері күтіп тұр.