Күйшілермен кездесу Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтті. «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің ыждағатымен өткен кеште күмбірлеп күй төгілді, әсерлі әңгіме айтылды. Әуелгі сөзді бірлестік жетекшісі, әнші, еліміздің еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбай айтты.

«1996 жылы Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрының әншісі болып қызмет істеп жүргенімде гастрольдік сапармен Ақмолаға бардым. «Дворец целинниковте» жеке концертімді өткізіп аудандарын аралап жүргенімде 23 мамырда ЦИСИ мен Педагогика институтын қосып Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін құру туралы президент жарлығы шықты. Оның ректоры болып тағайындалған Амангелді Құсайынов жаңадан құрылған университеттің музыкалық факультетіне арнайы шақырып, Мәдениет министрі Талғат Мамашовқа мені университетке ауыстыру жөнінде өтініш хатын жазып берді», деді Кенжеғали Мыржықбай.
Осы кезде Ақмолаға әр саланың үздіктері қоныс аударып, Алматыдағы зиялы қауымды теріскейге шақырды. Университеттегі қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалған Дихан Қамзабекұлы ғалымдардың ішінен алғашқылардың бірі болып көшіп келіп, Рымғали Нұрғалиев, Сейіт Қасқабасов, Серік Негимов, Мырзатай Серғалиев қатарлы зиялы қауым өкілдерін жинады. Осы кезде қырықтағы талантты әнші Кенжеғали Мыржықбай да өз саласының мықтыларын жинау керек деп түйеді. Облыстық филармонияның директоры әрі көркемдік жетекшісі болып тағайындалған ол бірден жер-жерден өнерпаздарды іздестіреді.

«Кәсіби музыкалық білімі бар мамандар өте аз, қалада өтетін мәдени іс-шаралар мен концерттерде халықтық өнерге орын жоқ. Ұлттық талғамнан алыстаған жергілікті елдің ән мен күйді ұғына алмайтындары бесенеден белгілі. Сондықтан қаланы қазақыландыру үшін бірден ұлт аспаптар оркестрін құру мәселесін күн тәртібіне қойдық. Болашақ астанамызға бірінші болып келген өнерпаздардың ішінде домбырашы Анар Мұздаханова мен қобызшы Жанар Жүсіпова болды», деді Кенжеғали Мыржықбай.
Кездесу барысында екі өнерпаз халық композиторларының шығармалары мен қатар өздерінің авторлық туындыларын кезектесе төгілтіп орындады. Атап айтсақ, Анар Мұздаханованың ұлт ардақтысы Міржақып Дулатұлының рухына арналған «Оян, қазақ!» күйі мен Жанар Жүсіпованың «Аққу-қаздар» һәм «Тұран» атты төл шығармалары көпшілік көңілін сүйсінтті.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов тоқсаныншы жылдардың толғақтарында елдігімізді бекемдеп, еңсемізді тіктеген өнер қайраткерлерін ерекше атап өтті.
«Халықтың мәдени мұрасын насихаттаушылар ресми сахналарда ғана емес, ауыл еңбеккерлеріне, шопандарға, егіншілерге өздері барып концерт қойды. Осындай өнерпаздардың ерен еңбегі арқасында халқымыз өзінің егемендігін шынайы сезінді. Олардың ішінде көркем өнердің көгершіндері – Анар мен Жанардың үлесі зор. Әсіресе, Ақмола облысының мәдениетіне жасаған жұмыстары үшін бұл өнерпаздар қандай құрметке де лайық», деді Серік Негимов.
