Футбол • Кеше

Италиялық БАҚ: «Қайрат» командасы «Интерді» әбігерге салды

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Италияның әйгілі Gazzetta.it порталы Чемпиондар лигасының топтық кезеңінің төртінші турында өткен миландық «Интер» мен алматылық «Қайрат» арасындағы (2:1) матчқа шолу жасады. Басылым жазғандай, Алматы «алыс ғаламшардағы кішкентай нүкте» болса да, қазақстандық клуб Миланға оңай олжа болмады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Италиялық БАҚ: «Қайрат» командасы «Интерді» әбігерге салды

Фото: kazfootball.kz

«Алматы – алыстағы ғаламшарда кішкентай ғана нүкте. Бірақ Қырғызстан мен Қытай шекарасына жақын орналасқан. «Қайрат» командасы «Сан-Сироға» жету үшін шамамен 7000 шақырымды еңсеріп, сегіз сағаттан астам әуеде болды. Миланға үмітсіз құрбан ретінде келгендей көрінгенімен, бәрі басқаша өрбіді», деп жазады Gazzetta.it.

Италья журналистері атап өткендей, алматылықтар қарсыластарымен еркін күресіп, соңына дейін табандылық танытты.

«Сан-Сирода» «Интерге» қарсы толық 90 минут бойы төтеп беру – кез келген команда үшін қиын. Дегенмен «Қайрат» «Интерді» біраз әбігерге салды. Бұл еуропалық кеште Кипрдің «Пафосы» мен Әзербайжанның «Қарабағы» сенсация жасағандай, «Қайрат» та құрметке лайық ойын көрсетті», делінген мақалада.

Gazzetta.it атап өткендей, матчта «Қайраттың» ойыншысы 2008 жылы туған Дастан Сатпаев ерекше көзге түсті. Ол қарсыластың добын тартып алып, алыстан бағыттаған соққысымен қақпа маңдайшасын шайқады. Басылымның айтуынша, дәл осы ойынынан кейін «Челси» клубы жас қазақстандық футболшымен 2,5 миллион еуроға келісімшарт жасасқаны тегін емес.

Бірінші таймның соңында италиялық команданың ойыншысы Лаутаро Мартинес алғаш болып есеп ашты. Екінші таймда «Қайрат» ойыншысы Офри Арадтың басымен соққан добының арқасында есепті теңесті – 1:1. 

«Сол сәтте «Сан-Сирода» 1700 қазақстандық жанкүйердің қуанышын сөзбен жеткізу қиын болды», деп жазады портал.

Кейін матч тағдырын Карлос Аугустоның дәл соққысы шешті – 2:1. Киву Маркус Тюрамды алаңға шығарғанымен, «Қайрат» соңғы минуттарға дейін дес бермеді.

«Ең бастысы «Интер» көшбасшылықты сақтап қалды, ал «Қайрат» Еуропаның құрметіне бөленді», деп түйіндеді Gazzetta.it басылымы.

Осылайша, италиялық БАҚ алматылық клубтың ойын мәнерін, жігері мен кәсіби деңгейін жоғары бағалап, «Қайраттың» нағыз қайрат көрсеткенін атап өтті.