Өңір басшылығы облыс орталығында креативті ортаны дамытуға бағытталған «Өнерлі шаһар» жобасын жүзеге асырып жатыр. Жоба аясында көше музыканттары, суретшілер мен мобилографтар арасында байқаулар ұйымдастырылып, бірнеше мурал салынған. Академиктің кескіні де атаулы жоба аясында дүниеге келіп отыр.
«Мұрал қаланың орталығында, академиктің есімі берілген көшеде орналасқанын қаладық. Қаныш Сәтбаев – бүкіл ғұмырын туған халқына арнап, ұлттық мүдде мен қоғамдық игілікті жоғары қойған тұлға. «Халқым менен де биік» деген бірауыз сөзі ғұламаның өмірлік ұстанымын дәл бейнелесе керек. Отанға қызмет қылу және елдің болашағы үшін аянбай еңбек ету дәл қазіргі жас буын үшін берік ұстаным болуға тиіс», дейді қала басшысы Хасар Хабылбеков.
Мұралды салып шыққан – талантты стрит-райтерлер Руслан Қасымов пен Владимир Зубко. Олардың сөзінше, кескіннің негізгі идеясы – ұлт пен адамзат борышын сезіну.
ПАВЛОДАР