Ұстаз • Кеше

Ұшқыр ойлы мұғалім

60 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеген ауылындағы Сәдуақас Серкебаев атындағы мектеп-гимназияның дарынды ұстазы Нұрбек Досымханов «Жылдың үздік мұғалімі – 2025» облыстық байқауында әріптестерінен оқ бойы озып, бас жүлде – автокөліктің кілтін иеленді. Бұл мектеп ұжымы үшін зор жетістік, үлкен қуанышқа айналды.

Ұшқыр ойлы мұғалім

Жоғары білім алған соң туған ауылы­на туын тігіп, өкше­лей өсіп келе жат­қан ұрпаққа тә­лімді тәрбие, те­рең білім беруді өзіне мақсат еткен Нұрбек Ке­рім­бай­ұлы алғашқы күн­нен-ақ іркіліссіз із­де­ніспен еңбек етеді. Қарасөздің қай­мағын қалқи сөйлейтін шешендігі мен іскерлігі оқу­шылардың білімге деген ынтасын оятып қана қоймай, олардың әдебиетке қызығушылығын арттырып, сабақ үлгерімдерінің жақсара түсуіне оң әсерін береді. Білікті педагог уақыт көшінен қалмай, оқытудың тың әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, шәкірттерін жетістікке жетелейді. Нәти­жесінде, қазақ тілі мен қазақ әдебиетіне қызығушылығы басым мектеп оқушылары мектепішіліктен бастап, аудандық, облыстық, тіпті республикалық байқаулардың жеңімпаздары атанып келеді.

«Бұл менің ғана емес, жалпы ұжымның, оқушы­ларымның жетістігі деп білемін. «Жақсы мұғалім – мек­тептің жүрегі» деп Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, мұғалім өзіне жүктелген жауапкершілікті жете сезініп, ерінбей еңбектенсе асқар таудай биіктерді бағындыруға болады. Мысалы, баланың кітап оқуға құлшынысын оятудың түрлі тәсілдерін пайдаланамын. Мен үшін кітап – балаларға дайын ақпарат емес, қиял әлеміне ашылған портал. Оқушыларды қызықтыру үшін біз кейде әр оқыған кітаптан комикс жасаймыз. Кейіпкерлердің бейнесін олар өз қиялымен салады, сюжет желісін қысқа диалогке айналдырады. Бірі сурет салады, бірі сөз жазады, бірі бояйды – бәрі ортақ еңбекке қатысады. Осылайша, кітап қағазда ғана емес, олардың көз алдында «тірі» дүние болып шығады. Яғни оқушыларға кітапты міндет емес, ойын, шығармашылық алаңы ретінде көрсету әлдеқайда тиімді», дейді ұшқыр ойлы  ұстаз.

Бұл сындарлы сәтке дейін де бірнеше сатыдан сүрінбей өткен Нұрбек Керімбайұлы «Жылдың үздік мұғалімі – 2025» байқауына жолдама алғаннан бастап ұстаздық жолдың даралығын, даналығын, парасаттылығын, шығармашылығын, жауапкершілігін көрсетуге бар күш-жігерін жұмылдырған. Нәтижесінде, тынымсыз еңбегі ақталып, байқаудың бас жүлдесін қанжығасына байлады.

Жас маман кезінен-ақ ашық сабақтарын аудандық, облыстық көлемде өткізіп, тәжірибесін таратқан дарынды педагог бұған дейін де талай белестерді бағындырған. Атап айтсақ, облыстық «Үздік тіл маманы», Бейсен Құранбек атындағы жалпы білім беру ұйымдары педагогтері арасын­дағы Олимпиаданың жүлдегері, «Сөз шебері» байқауы, «Эссе» байқауларының жеңімпазы атанған.

Тәжірибесі 15 жылдан асқан педагог зерттеуші Нұрбектің басты қағидасы – бұлақ көрсе, көзін ашу. Осы мақсатта талантты шәкірттер даярлаудан танбаған. Соның бірі, мектеп мақтанышы Сәлім Баян биыл 11-сыныпты тәмамдайды. Ол да ұстазынан үлгі алып, Қадыр Мырза Әлі, Мұқағали оқуларында жеңімпаздар қатарынан көрінген.

 

Алматы облысы