Құқық • Кеше

Мәжіліс депутаты жеке деректердің таралып кетуіне банктерді кінәлады

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қаржы нарығындағы басты сын-қатерлердің бірі – азаматтардың жеке деректерінің заңсыз таралуы мен онлайн-алаяқтықтың өсуі. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсембаев бұл жағдайға екінші деңгейлі банктердің өздерін де жауапкершіліктен тыс қалмауы тиіс екенін айтты, деп жазады Egemen.kz.

Мәжіліс депутаты жеке деректердің таралып кетуіне банктерді кінәлады

Оның айтуынша, банк секторы бүгінде экономиканың қозғаушы күші болудың орнына кей жағдайда қоғам сеніміне селкеу түсіріп отыр.

«Азаматтардың келісімінсіз несие рәсімдеуге байланысты онлайн-алаяқтық бүгінде күрделі мәселеге айналды. Кейбір жағдайларда банктер өз клиенттерінің жеке деректерінің сатылуы мен таралуына жанама түрде себепкер болып отыр», деді ол.

Елнұр Бейсембаев Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған банк заңнамасын реформалау ескі нормаларды жаңартумен шектелмей, саланың даму философиясын түбегейлі өзгертуге бағытталуы тиіс екенін айтты. Оның айтуынша, соңғы жылдары банктердің пайдасы еселеп артқанымен, бұл көрсеткіш нақты секторды қаржыландыруға әсер етпей отыр.

«Экономиканың нақты секторына салынған жалпы инвестициядағы банк несиелерінің үлесі соңғы он жылда 9 пайыздан 3,5 пайызға дейін төмендеген. Бизнесті дамытуға бағытталған инвестициялар көбіне мемлекеттік бағдарламалар мен компаниялардың меншікті қаражаты есебінен жүзеге асып жатыр», деді депутат.

Сондай-ақ ол банктердің әлеуметтік жауапкершілігі мен ашықтығын арттыру қажеттігін атап өтті.

«Біз бюджет қаражатының толық қайтарылуын, банк операцияларының ашықтығын, бәсекелестік ортаны дамытуды және рұқсатсыз жасалған транзакциялар үшін жауапкершілікті күшейтуді қамтамасыз етуіміз керек», деді Елнұр Бейсембаев.

Депутат заң жобасында банктерді бюджет есебінен құтқару тәжірибесінің орнына алдын ала сауықтыру тетігі енгізіліп отырғанына назар аударды. Бұл тәсілде негізгі жауапкершілік салық төлеушілерге емес, банктердің акционерлеріне жүктелмек.

«Принцип айқын: акционерлердің жауапкершілігі мен қаражатты бюджетке қайтару қамтамасыз етілмейінше, қолдау көрсетілмейді», деп түйіндеді ол.