Бюджет • Бүгін, 11:12

Бюджеттік дербестікке бет алған өңірлер аталды

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанның өңірлік даму динамикасы соңғы жылдары айқын бір үрдісті көрсетіп отыр: дотацияға тәуелді аймақтардың біразы енді өз кірісін арттыру жолына түсті. Ұлттық экономика бюросының деректеріне сәйкес, соңғы үш жылда Жетісу, Абай және Ұлытау облыстары кіріс пен шығыс арасындағы айырмашылықты ең жылдам қысқартқан өңірлер қатарында. Бұл маңызды белгі, себебі дәл осы кіріс бөлігінің өсімі аймақтың «өзін-өзі қамту» деңгейіне көтерілуінің басты шарты саналады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бюджеттік дербестікке бет алған өңірлер аталды

Фото: Ашық дереккөз

Tengenomika арнасының мәліметінше,  2024 жылдың қорытындысы бойынша өңірлердің бюджеттік қамтамасыз етілуі яғни, өз кірісінің жалпы шығынға қатынасы келесідей нәтиже көрсетті:

  • Павлодар облысы – 63,8%;
  • Алматы облысы – 62%;
  • Шымкент қаласы – 56,9%;
  • Ұлытау облысы – 55,8%;
  • Маңғыстау облысы – 55,7%

Бұл көрсеткіштер бойынша Павлодар мен Алматы облыстары көш бастап тұр. Алайда олардың табыс құрылымы әртүрлі. Мәселен, Шымкент, Алматы және Павлодар облыстары акциздік түсімдерге сүйенеді. Мұндай табыстар жылдам өсім береді, бірақ тұрақтылығы төмен. Ал Ұлытау облысының кірісінің басым бөлігі еңбекақы қорынан түсетін салықтарға негізделген – бұл бағыт тұрақты болғанымен, көлемі шектеулі.

Маңғыстау облысы жиі болашақ донор ретінде аталады, алайда бұл әзірге күтілім деңгейінде ғана. 2024 жылы өңірдің кірісі 305,9 млрд теңге, ал шығыны 549 млрд теңге (трансферттерді есептемегенде) болды. Нәтижесінде өзін-өзі қамту деңгейі 63,6%-дан 55,7%-ға төмендеді. Бюджет негізінен еңбекке төленетін салықтарға тәуелді, яғни мұнай өндірісіндегі және жұмыспен қамтылудағы кез келген ауытқу табысқа тікелей әсер етеді.

Маңғыстаудағы басты үміт – «Каламқас-теңіз» және «Хазар» кен орындарын игеру жобалары. Алайда бұл жобалардың толық қуатқа шығуы 2029 жылдан кейін ғана күтіледі. Сонымен қатар, олардың 50% үлесі санкция астындағы «Лукойл» компаниясына тиесілі, ал түпкілікті инвестициялық шешім әлі қабылданған жоқ. Мұндай белгісіздік жобаның мерзіміне, қаржыландыру көзіне және технологиялық тәуекелдерге әсер етуі мүмкін. Сондықтан Маңғыстаудың донорлық әлеуеті әзірге болжам түрінде ғана қалып отыр.

Экономикалық сарапшылардың пікірінше, өңірдің бюджеттік дербестігі тек мұнай табысына емес, табыс көздерінің әртараптандырылуына байланысты. Егер салық түсімдері өнеркәсіп, өңдеу, қызмет көрсету және шағын кәсіпкерліктен бірдей түссе, аймақтың қаржы тұрақтылығы да артады.

Донорлықты бағалау әдістемесі тек кіріс көлемін емес, оның құрылымын да ескерсе, бұл өңірлер үшін нақты ынталандыру болар еді. Сонда аймақтар трансферт көлемі үшін емес, табыс өсімінің сапасы үшін бәсекелесер еді.

Дотацияның басты мақсаты – өңірдің өз күшіне сеніп дамуға көшуіне мүмкіндік беру. Ал табыс өсімі басқарушылық шешімдердің нәтижесіне айналғанда, аймақ нағыз донорға айналады. Атақ үшін емес, іс жүзінде.