Саясат • Бүгін, 09:03

Президенттік жастар кадрлық резервіне 50 азамат қабылданды

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президенттік жастар кадрлық резервіне қызы­ғушылық артып келеді. Биыл маусым айында бас­талған іріктеуге 31 мың­нан аса азамат өтінім біл­д­ірген. Оның 7 436-сы ғана үміткер қатысушы тізіміне іліккен. Демек, бір орынға шамамен 148 жас бақ сынаған. Бұл көр­сет­кіш 2023 жылмен салыс­тырғанда 16%-ға көп.

Президенттік жастар кадрлық резервіне 50 азамат қабылданды

Бес кезеңнен 100-ден аса ғана кандидат өткен. Олар мемлекеттік саланы дамытуға қатысты жобаларын таныстырды. Алайда соңғы іріктеуден тек 50 маман суырылып шық­қан. Жастардың арасында білім магистрлері, Болашақ бағдар­ламасының стипендианттары мен мемлекеттік басқару академиясының түлектері бар.

Биылғы төртінші іріктеудегі басты жаңашылдық мемлекеттік аппарат үшін аса сұранысқа ие салалық бағыттар бойынша резервті қалыптастыру болды. Яғни кандидаттар белгіленген квоталарға сәйкес қабылданды.

п

Инфографиканы жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Осылайша, «Инфрақұ­ры­лымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты» бағыты бойынша – 8, «Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау» бағыты бойынша – 9, «Сыртқы саясат және инвестициялар» бағыты бойынша – 8, «Экономикалық және қаржылық саясат» бағыты бойынша – 7, «Цифрландыру» бағыты бойынша – 9, «Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам» бағыты бойынша 9 азамат іріктелді.

Сыннан сүрінбей өткен жас­тар Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаймен кездесті. Жиында резервшілердің алдағы жос­пары, мүмкіндігі, басқару құзырет­ін дамытуға арналған білім бағ­дарламаларына қатысу мәсе­ле­лері талқыланды.

«Президенттік жастар кадр­лық резерві – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ті­ке­лей бастамасымен жүзеге асып жатқан еліміздің жаңа фор­ма­ция­дағы білімді, жауапты әрі отан­шыл жастарын мемлекеттік бас­қару ісіне тартуға бағыттал­ған ерекше стратегиялық маңыз­ға ие баст­ама. Бұған дейін резерв­­ке қабыл­данған 321 жас маман­ның 80%-ы түрлі секторда табыс­ты еңбек етіп жүр. Оның ішінде 37-сі – саяси лауазымда, бесеуі – «А» корпусында, 100-і – «Б» корпусында, төртеуі – депутат, ал 175 адам басқа лауазым­дарда қызмет атқарып жатыр. Резерв­ке қабыл­дану – бірден жоғары лауазымға тағайындалу деген сөз емес. Бұл – жастарға мемлекеттік қызмет жүйесінде өз әлеуетін толық көр­сетуге, білімі мен біліктілік дең­гейіне, кәсіби дағдысына сүйе­не отырып ілгерілеуге берілген мүмкіндік», дейді Д.Жазықбай.

Резерв мүшелері басқару­шы­лық құзыретті дамытуға бағыт­талған заманауи оқыту бағдар­ламаларына қол жеткізе алады. Әрі үш жыл ішінде саяси мем­лекеттік қызметтерге, «А» кор­пусының әкімшілік мем­лекет­тік лауазымдарына, сондай-ақ «Б» корпусының бас­шы­лығы қыз­метіне тағайын­далуы мүмкін.

Биылғы іріктелген қатысу­шы­лардың орташа жасы – 31. Орташа еңбек өтілі – 9 жыл. Резервшілердің 28 пайызы әйел болса, 72 пайызы – ерлер.

Алты кезеңнен ойдағыдай өтіп, резервке енгендердің қатарында Жасұлан Қуандық бар. Бала күнінен мемлекеттік қызметкер болуды армандаған жас 2019 жылдан бері осы жобаға қатысып, бағын сынап келген. Әр жылдары техникалық, кейде құжаттың толық болмауына байланысты өте алмаған. Биыл бағы жанып, 50 үздіктің қатарына енді.

«Бесінші сыныптан бастап өзіме «әкім боламын» деп мақ­сат қойдым. Сол себепті Әл-Фара­би атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­­ситетінің «Мемлекеттік және жергілікті басқару» маман­дығына грантқа түсіп, кейін ма­гистратурада «Іскерлік әкімші­лендіру» бойынша білім алдым. Ізінше докторантураға Мем­лекеттік және жергілікті басқару мамандығына тапсырдым. Осы 9 жыл бойы жинаған білімім мен тәжірибем мемлекеттік басқару саласында еңбек етуге ба­ғыт­талды. Енді сол білімді нақты істе көрсету уақыты келді деп ойлаймын. Әр кезең өз алдына күрделі болды. Кей сәттерде «осы жолы өте алмай қалам ба?» деген ойлар да мазалады. Бірақ осы уақытқа дейін түрлі салада жинаған тәжірибем байқауда үлкен көмегін тигізді. Қазіргі уақытта қайырымдылық қорының президенті ретінде халықпен тікелей жұмыс істеймін. Меніңше, нағыз мемлекеттік қызметкердің бір қасиеті – халықпен тіл табыса білу. Осы тәжірибе мен қарым-қабілетім мемлекеттік қызметте де үлкен пайдасын тигізеді деп сенемін», дейді Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі Ж.Қуандық.