«Құрылысшы болу – төзімділік пен ептілікті, жауапкершілікті қажет етеді. Өйткені өз қолыңмен жасаған әр істің сапалы болуы маңызды. Сондай-ақ құрылыс уақытты ұтымды пайдалануға үйретеді. Еңбек адамының бо-йына осы қасиеттер тоғысса, онда бастаған іс те нәтижелі әрі сапалы аяқталып, көптің алғысын арқалайды. Еселі еңбектің өтеуі, ол – халықтың ризашылығы, ақжарма алғысы», дейді білікті құрылысшы Қ.Ақылбеков.
Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Ақжайық ауылында дүниеге келген ол, қазірде Қонаев қаласындағы тұрғынүй кешендерінің салынуына сүбелі үлес қосып келеді. Бала кезден қолына балға-шеге ұстауды үйренген еңбекқор Қанат өсе келе әке жолын қуып, бұл мамандықты өмірлік бағыт ретінде таңдап алды.
«Әкем де кезінде құрылысшы болған. Осы саланың қиындығы мен жауапкершілігін бала күнімнен көріп өстім. Кейін жоғары оқу орнын тәмамдап, еліміздегі ірі құрылыс компанияларының бірінде еңбек жолымды бастадым», дейді ол.
Алғаш рет Алматы қаласында екіқабатты үй салуға қатысуы салаға деген қызығушылығын арттыра түсті. Одан кейінгі жылдары көпқабатты кешендердің тұрғызылуына атсалысып, тәжірибесін шыңдады. Бүгінде Қонаев қаласындағы «Retail Construction» ЖШС-де құрылыс учаскесінің басшысы қызметін атқарады. Нысанның сапалы әрі қауіпсіз болуы жолында жұмыс барысын жіті қадағалайды. Құрылыс алаңында материалды қабылдау, іргетас пен кірпіш қалау, бетон құю – барлығы Қанаттың бақылауынан өтеді.
Құрылыс саласында сапалы іс-тәжірибемен ғана табысқа жетуге болатынын алға тартқан Қ.Ақылбеков замандастарын іскерлікке, еңбекқорлыққа үндеді.
«Құрылыс саласында өз орныңды табу үшін кем дегенде 6-7 жыл табанды еңбек ету қажет. Сондықтан жастар мамандығын жауапкершілікпен таңдап, қабілеттеріне сай жол іздегені жөн. Бүгінгі жетістік – ертеңгі мүмкіндіктің бастауы. Қазір жинаған білім мен тәжірибемді ертең өз кәсібімді ашуға пайдаланамын», дейді ол.
Бүгінде өңір-өңірде бой көтеріп жатқан зәулім үйлер мен сәнді ғимараттар – қысы-жазы бел жазбай еңбек ететін құрыш қолды құрылысшылардың маңдай терінің, ерен еңбегінің жемісі, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлы өмірінің кепілі. Сол тұрғыда Қанат Ақылбеков сияқты мамандардың еңбегі қашан да құрметке лайық.
Алматы облысы