Екібастұз қаласында басталып, Баянауылда жалғасқан конференцияның ең басты мәжілісі облыс орталығындағы Достық үйінде өтті. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова, Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев қатысып, жас ұрпақты еңбекке баулу, Отанды сүю деген не, елі мен жері үшін адал еңбек етуге тәрбиелеу және басқа да тақырыптарда тағылымды әңгімелер қозғалды.
– Игі іс-шараның Баянауыл мен Екібастұз өңірінен бастау алуы тегіннен-тегін емес. Біздің өңір – талай батырлар мен ел қорғаған ерлерді дүниеге әкеліп, халқымыздың рухан асқақтатқан киелі аймақ. Ата-бабамыздың қайсарлығы мен батырлығы бүгінгі ұрпақты бірлікке, Отанын сүюге үндейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Біз кеше кім болғанымызды ұмытпаймыз. Төл тарихымызға құрметпен қараймыз, Ал келешекте кім болатынымыз тек өз қолымызда екенін жақсы түсінемін», деген болатын. Ал халқымыздың ата дәстүрі елдігіміздің темірқазығы деген еді. Сондықтан халқымыздың ата дәстүрі елдігіміздің темірқазығы дегім келеді, – деді Айгүл Қайыртасқызы.
«Тәуелсіз Қазақстанның халық батырлары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев жастарға Отан қорғау дегеніміз неден басталатынын, отансүйгіштік дегеніміз не екенін қарапайым тілмен түсіндірді. Халық қаһарманы әр ер-азамат үшін әскерге бару, азаматтық борышын өтеу Отан алдындағы ең үлкен парызы екенін атап өтті.
Конференцияға Қазақстанның Еңбек Ері, Сәтбаев қаласынан келген шахтер-проходчик Тұрсынбек Мәкішев, Еңбек Ері, Орал қаласындағы Асан Тайманов атындағы мектеп-гимназияның орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Эльмара Траисова, Еңбек Ері, Екібастұз қаласының тұрғыны Рышат Әміренов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеев сынды ел ағалары қатысып, қарапайым еңбек адамының бүгінгі қоғамдағы орны, оларға деген құрметті арттыру туралы ой-пікірлерін ортаға салды.
Конференция бағдарламасы аясында Павлодар, Екібастұз қалалары мен Баянауыл ауданында 10-нан аса іс-шара өткізілді. Қатысушылар Екібастұз қаласындағы білім беру мекемелерін аралап, Қ.Сәтбаев атындағы инженерлік-техникалық институтының студенттерімен кездесті. Сондай-ақ «Самғау» орталығының және «Богатырь» көмір кенішінің жұмысымен танысты. Ал Баянауыл ауданында делегаттар Мәшһүр Жүсіп Көпеев кесенесінде, Ш.Айманов атындағы мектеп-интернатта, өңірдің киелі нысандары мен музейлерінде болды. Бұған қоса конференция қонақтары облыс орталығындағы Қабанбай батыр атындағы «Жас сарбаз» облыстық мамандандырылған лицей-мектебіне барып, жас курсанттармен кездесті.
Павлодар облысы