Туризм • Бүгін, 08:30

Экологиялық бағыт оңтайланды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Бурабай» ұлттық паркінде туристердің жаяу жүруіне арналған «Бөлектау» экологиялық жолы жаңартылды. Тау жотасына, табиғатты тамашалау алаңына бастап баратын бағытта цифрлық шешімдердің қолданылуы оның өзіндік ерекшелігіне айналып отыр. Меймандар жолды QR-кодтарды, аудиогидті, Telegram-ботты қолданып, квест форматында өте алады.

Экологиялық бағыт оңтайланды

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

«Бөлектау» экологиялық ба­ғыты табиғаты көркем аумақ арқылы өтеді. Ол кіреберіс қақ­падан басталып, демалыс аймағындағы орындарға жетпей аяқталады. Бұл қашық­тықтағы жол тауға шығатын туристер­ге қауіп төндіруі мүмкін бағыт­тардың бірі. Енді абаттан­дырылған маршрут бел­сенді саяхатшылардан бас­тап, балалары бар отбасыларға дейінгі келушілердің кең ауқы­мына да қолжетімді болды.

– Экологиялық, танымдық туризмді дамыту – басты басым­дықтардың бірі. Бұл салаға жеке сектордың белсенді атсалысуы аса маңызды. Бурабайдағы эко­маршруттың абаттанды­рылуы – бизнестің ұзақмер­зім­ді, әлеуметтік маңызды бас­тама­ларға инвестиция сала алатынының нақты үлгісі. Бұл тек туристік инфрақұ­ры­лымды жақсартумен шек­тел­мей, табиғатқа деген жауап­кершілікті де қалып­тастырады. Бизнестің мемлекетпен тиімді әріптестігі тұрақтылықты, қолжетімділік пен сапаны дамытуға ықпал етеді, – деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы.

Жобаға Home Credit Bank қаржы бөліп, «Бурабай» ұлт­тық паркімен Ақмола облысы әкімдігінің туризм басқар­масымен серіктесе отырып жү­зеге асырды. Бастама банктің еліміздегі қызметінің 20 жыл­ды­ғына арналған ауқымды бағдар­ламаның бір бөлігіне айналды.

– Бұл жоба жай абаттандыру ғана емес, біз заманауи, қауіпсіз әрі әдемі демалыс орнын қалып­тастыруды мақсат тұттық. Мұнда серуендеп келушілердің Бөлектаудың бірегей табиғаты туралы жаңа дүниелерді танып-білуіне мүмкіндік тудырып, қоршаған ортаға қамқорлықты да көрсеткіміз келді. Біздің команда мен серіктестеріміз соншалықты ынта-ықылас­пен жасаған экомаршрутқа ұлттық саябақтың қонақтары ұқыптылықпен қарайды деп сенеміз, – дейді Home Credit Bank Басқарма төрағасы Кирил Бачваров.

Бағыт бойында Бөлектаудың флорасы, фаунасы, аңыздары туралы ақпараттық стендтер орнатылған. Сонымен бірге қа­зақ, орыс, ағылшын тілде­рін­дегі аудиогидті қолда­нуға қажетті QR-кодтар қарасты­рылған. Жолды абаттандыру ба­рысында экологиялық таза мате­риалдарға ерекше мән бері­л­ген. Орталық стенд күн сәу­лесі түскен кезде ауаны тазар­татын инновациялық фотокаталитикалық жабынмен жасалған.

Жаяу серуендейтін турис­тер үшін экологиялық жолдың ашылуы үлкен маңызға ие. Алғашқы келушілер маршрут­ты жүріп өтіп, аудиогидті сынап көріп, квест тапсырмаларын бағалауға мүмкіндік алды.

 

Ақмола облысы