Фото: Polisia.kz
Қаржылық мониторинг агенттігінің ШҚО бойынша департаменті «Таза Өскемен» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізіп жатыр.
Күдіктілер қатарында кәсіпорынның бұрынғы директоры, оның орынбасары және жеке кәсіпкер бар. Тергеу нұсқасы бойынша, олар өздерінің лауазымдық өкілеттіктерін пайдаланып, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізбестен және бюджет қаражатын өздерімен байланысы бар коммерциялық ұйымдардың есепшоттарына заңсыз аударып отырған.
«Қылмыстық схеманың мәні – материалдарды жеткізу және техниканы жалға алу бойынша жалған құжаттар рәсімдеуде болған. Атап айтқанда, құжаттарда жолдарды жөндеуге арналған битум мен құм сатып алу, суды соруға арналған арнайы техника жалдау, сондай-ақ бұған дейін орнатылған 23 аялдама павильонын жасауға қажетті материалдар сатып алу туралы жалған деректер көрсетілген. Кейін бұл қаражат жеке кәсіпкер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, схемаға қатысушылар арасында бөлінген», делінген хабарламада.
Тергеу материалдарына сәйкес, келтірілген жалпы залал көлемі 120 миллион теңгеден асып кеткен.
Күдіктілер ұрланған қаржыға Өскемен қаласындағы элиталық тұрғын үй кешенінен пәтер, BMW X6M және Subaru Forester маркалы автокөліктерін, сондай-ақ бірнеше жер учаскесін сатып алған. Қазіргі уақытта бұл мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды.
Кәсіпорынның бұрынғы директорына қатысты бұлтартпау шарасы ретінде екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі шешім қабылданды.
Қаржылық мониторинг агенттігі тергеу жалғасып жатқанын хабарлады. ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.