Форум шұғыл медицинаны үйлестірудің ұлттық орталығы базасында өтті және түрлі елдердің жетекші мамандарының тәжірибе алмасуына арналған алаң болды. Екі күн бойы Қазақстан, Түркия, Австрия, Корея, Қытай, Польша, Әзербайжан, Германия, БАӘ, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің кардиологтары мен аритмологтары аритмология саласындағы өзекті бағыттарды талқылады.
«Басты тақырыптардың қатарында – Қазақстандағы жүрекшелер фибрилляциясын аблациялау тәжірибесі, катетерлік емдеу әдістерін салыстыру, ересектердегі жүрек ақауларымен байланысты аритмиялар, кенеттен болатын жүрек өлімінің алдын алу, сондай-ақ кардиовертер-дефибрилляторларды және физиологиялық кардиостимуляторларды имплантациялаудағы инновациялар бар», – деп хабарлады министрлік.
Мамандар жүрек ырғағы бұзылуын жоғары технологиялық әдістермен емдеудің жаңа тәсілдеріне ерекше назар аударды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қазақстанда аритмологиялық көмекті дамыту қарқынды жүріп жатыр.
«Биыл мамыр айында Шұғыл медицинаны үйлестірудің ұлттық орталығы құрылымында Жүрек ырғағы орталығы ашылды. Ол күрделі операцияларды орындауға арналған заманауи жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда 3D-навигациялық карталар жасау, радиожиілік және импульстік аблация, электродсыз кардиостимуляторларды орнату, сондай-ақ эндокардиалдық электродтарды алу сияқты күрделі процедуралар жасалады», – деп хабарлады ведомство.