Аймақтар • Бүгін, 09:30

Жылу жүйесі қала меншігіне қайтарылады

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Петропавл қаласын жылумен қамтамасыз ететін «Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы» (ОАОЭК) АҚ мен қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сүйенген «Петрньюс» ақпараттық агенттігі тың жаңалық таратты. ОАОЭК облыс орталығына жылу беретін «Петропавл жылу желілері» ЖШС 2025 жылдың аяғына дейін қалалық әкімдіктің муниципалдық меншігіне өтетін болыпты.

Жылу жүйесі қала меншігіне қайтарылады

Серіктестік ОАОЭК құра­мындағы «Солтқазэнерго» АҚ-ға қарайды. «Солтқазэнерго» кәсіп­орны – «Орталық Азия электр-энергетикалық корпора­циясының» (ОАЭК) еншілес кәсіпорыны. Осы ОАЭК корпорациясы да ОАОЭК-ге қарайды. Бәрінің үстінде тұрған ОАОЭК-тің 50%, сондай-ақ ОАЭЭ-нің 47,1% акциясы ірі кәсіпкер Александр Клебановқа тиесілі.

Сөйтіп, компания бір кезде аукцион арқылы алған кәсіп­орынды қайтадан қала билігіне сатпақшы. Кәсіп­орынның проблемалары өте көп, былтырғы сараптама бойын­ша, қала мен қала төңірегіне жылу тара­та­тын құбырлардың 70%-ы ескір­ген. Жалпы, халыққа қызмет көрсететін мұндай стра­тегиялық кәсіпорындар же­кенің қолына берілмегені жөн. Әзірге корпорация мен әкімдік арасындағы мәміленің шарттары белгісіз. Оның қаншаға сатылатыны да ай­тылмайды. Әкімдіктің бас­па­сөз қызметі берген ақпа­ратта «Қалалық әкімдік пен «Солт­қаз­энерго» АҚ арасында «Пет­ропавл жылу желілері» ЖШС қа­ла­ның муниципалдық меншігіне беру туралы келіссөз жүр­гізіліп жатыр. Мәміленің негізгі мақсаты – қаланың жылумен қамту жүйесін кешенді жаңғырту, энергия тиімділігі мен сенімділігін тиімді басқаруды арттыру», деп жазылған. Жылу жүйесінің мемлекет меншігіне қайтарылуы тарифтің тұрақтануына ықпал етуге тиіс. Өйткені Үкімет тарифті шектен тыс көтермеуді бақылай алады. Монополияға қарсы күрес агенттігінің жұмысы да біршама жеңілдейді.

Облыс пен қалаға, тіпті көр­шілес  Ресейге энергия экспорттайтын ЖЭО-2 кәсіпорны да ОАЭК-тің еншілес кәсіпорны «Сол­тқазэнергия» АҚ қарайды. Қала­лықтарды әсіресе осы кәсіп­орынның жұмысы алаңдатады. 2022 жылы оның бір тұрбасы құлағаннан бері халық барлық жылу мен энергияның қайнар көзі болып тұрған оның аман болуын тілеп жүреді. Сол тұрғыда жекеменшікке қа­рағанша, жақ­сылықты Үкіметтен күту халық мүддесіне сай екені сөзсіз.

 

ПЕТРОПАВЛ