Жәдігер • Бүгін, 08:50

Қазынаға толы қалашық

110 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мұнайлы өңір археолог-тері жаз мезгілінде бір­неше тарихи орынға архео­­логиялық қазба жүр­­гізді. Тарихшыларды қызық­тырған көне тарихтың көмбесі іспетті мекеннің қатарында Ақтөбе-Лаэти қалашығы да бар.

Қазынаға толы қалашық

Қазба жұмысына Х.Досмұхамедов атын­дағы Атырау уни­верситетінің археологі Амангелді Зайнов жетекшілік етті. Оның айтуынша, бұл қалашық жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің қатарына енгізілген. Аталған мекен ХІІІ–ХV ғасырларда Каспий маңы ойпатындағы Алтын Орданың гүлденген қалаларының бірі болғаны жөнінде дерек бар.

Орта ғасырда Алтын Орда қалаларынан аттанған керуендер Хорезм мен Иранға Ақтөбе-Лаэти арқылы өткен. Мұндай дерек тарихшылардың назарын аударғаны даусыз. Сол себептен алғашқы қазба жұмысы археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Михаил Мерщиевтің жетекшілігімен 1965 жылы бас­талыпты. Кейін қазба жұ­мысын 1974–1981 жылдары аралығында КСРО Ғылым академиясына қарайтын Археология институтының Еділ-Орал бойы экспедициясы жалғастырды. Бұл экспедицияның жұмысы археолог Лек Галкин жетекшілігімен жүргізілді.

Жергілікті археологтер тарихи қалашықтың жойылуын табиғи себеппен байланыстырады. Оған дәлел ретінде ХІV ғасырда Каспий теңізінің деңгейі көтерілгенін алға тартады. Тарихи мекеннің үстінен салынған сүрлеу жол ХХ ғасырдың 50-жылдарынан кейін түскен. Сүрлеумен жүрген мал қалашықтың мәдени қабатын таптаған.

Ақтөбе-Лаэти қалашығын археологиялық зерттеу 90-жыл­дардың басында үзілген. Оның түрлі себебі болуы мүмкін. Ал биыл жүргізілген қазба кезінде шыны мен мыстан жасалған зергерлік бұйымдар, керамикалық ыдыстардың сынығы, жебе ұш­тары мен сүйек инелері неолит дәуіріне жатады. Саздан жасалған ыдыстар өте жақсы сақталған.

Археологтер қазба жұмыс­тарынан соң Ақтөбе-Лаэти қала­шығында үш мәдени қабат бар деген болжамды ұсынып отыр. Қазба жұмыстары басталған кезде төменгі қабаты байқалған. Алайда кейін бұл қабат бұзылып, тұрғын үйлер салынған. Осылайша екінші мәдени қабат пайда болған. Бұл қабатта да уақыт өте келе үйлер тұрғызылған. Ал үшінші мәдени қабат жер бетінің заманауи деңгейінде орналасқан. Осылайша, бұл үш қабат жалпы алғанда 1,5 метрді құрайды.

«Орта ғасырдағы Ақтөбе-Лаэти қаласының тұрғындары түрлі кәсіппен айналысқан. Мәселен, ХІІ-ХІІІ ғасырларда Төменгі Еділден Орта Азияға дейінгі керуен жолдарымен өткендерге түрлі қызмет көрсетуі мүмкін. Ақтөбе-Лаэти – қолөнершілер, жоғары мәдениеті бар шеберлер қаласы. Себебі мұнда көп нәрсе өте сапалы жасалған. Тағы бір дәлел – ірі және бай шаһар. Монеталар соғылғаны жөнінде дәлелдер табылды. Бұл Ақтөбе-Лаэти қаласында мыс, күміс және алтын монеталар соғатын сарай болғанын білдіреді», дейді А.Зайнов.

Оның дерегіне қарағанда, ежелгі қалашықтағы қазба жұ­мысы көптеген құпия мен тосын олжаға толы болған. Ең үлкен құпия – көне қаланың тарихы. XIV ғасырда итальяндық саяхатшылар картаға түсірген қала XVI ғасырда жоғалып кеткен. Екі нұсқасы бар. Оның бірі – қалаға жасалған шабуыл, ал екіншісі Каспий теңізі көтеріліп басып қалуы мүмкін.

«Ақтөбе-Лаэти тұрғын­да­ры­ның өмірі мен тұрмысы Алтын Орда кезеңіне сәйкес келеді. Жыл сайын жаңа құпиялар ашылады. Археологиялық қазба жұмы­сын жүргізуге бөлінген 500 метр аумақ қалашықтың шеті екені анықталды. Қалашықта негізі­нен қолөнершілер тұрғанын растайтын элементтер сақтал­ған. Мәселен, 21 бөлменің бір-бірі­мен байланысы бар. Керамика­лық ыдыстардан басқа күміс­тен соғылған төрт монета таптық. Монетаның бір жағында Алтын Орда хандарының мөрі, ал екін­ші жағында қытай иероглифтері ­бейнеленген», дейді А.Зайнов.

Көне қалашық мұнайлы шаһардың іргесінде, «Жұлдыз-3» шағын ауданындағы тұрғын үйлерден 200 метр қашықтықта орналасқан. Демек, Атырау облысындағы ішкі туризмнің тағы бір ықтимал бағыты ретінде бағалауға болады.

 

Атырау облысы