Қоғам • Кеше

Елімізде 1 қарашадан қандай өзгерістер болады?

60 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2025 жылдың 1 қарашасынан бастап елімізде тұрғын үй, көші-қон саласына қатысты маңызды бағдарламалар басталады, деп жазады Egemen.kz.

Елімізде 1 қарашадан қандай өзгерістер болады?

Фото: gov.kz

3 қарашадан бастап «Наурыз» және «Наурыз жұмыскер» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларына өтінім қабылданады. 

«Наурыз» бағдарламасымен баспаналы болуға үміттілер өтінімді 3 қараша – 1 желтоқсан аралығында беруі тиіс. 

Бағдарламаға «Отбасы банкінің» салымшылары, депозиті және шотында кемі 2 миллион жинағы бар азаматтар қатыса алады. Үміткердің және отбасы мүшелерінің атына кейінгі 5 жылда үй ресімделмеген болуы шарт. 

Таза әрленген жаңа тұрғын үй үшін бастапқы жарна – 10 пайыз, әрленбеген бастапқы немесе қайталама тұрғын үй үшін – 20 пайыз белгіленген. 

Өңірдегі азаматтар үшін баспана бағасының ең жоғарғы сомасы – 30 миллион болса, Астана мен Алматы қалаларынынан баспана сатып алушылар үшін - 36 миллион теңге. 

Өтінімді Baspana Market порталы арқылы беруге болады. Несиені өтеу мерзімі – 19 жыл. 

Өнеркәсіп және құрылыс, энергетика, ауыл шаруашылығы мен су ресурстары және ирригация мамандары «Наурыз жұмыскер» бағдарламасына  өтінімді  3 қарашадан бастап бере алады. Бағдарлама аясында биыл 50 млрд. көлемінде 2000 несие беру жоспарланған. 

Өтінім берушінің кейінгі 6 айдағы ресми табысы, өзі мен отбасы мүшелерінің (зайыбы, кәмелетке толмаған балалары) атында кейінгі 5 жылда баспана бар-жоғы тексеріледі. Сондай-ақ үміткердің «Отбасы банкінде» шоты ашылып, онда 2 миллион теңге болуы тиіс. 

Несие шарттары мен бастапқы жарна мөлшері мен несие мерзімі «Наурыз» бағдарламасымен бірдей. 

Мигранттарды тіркеу тәртібі жеңілдетіледі

2025 жылдың 1 қарашасына дейін көші – қон процестерін есепке алудың бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылады. Ол қарашадан бастап барлық рәсімді бір сервисте біріктіріп, мемлекеттік органдар мен келушілер арасындағы өзара іс-қимылды жеңілдетеді.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, жаңа модель мигрант сапарының мақсатын алдын ала білуге, тексерулерді автоматтандыруға және көші – қон ағындарын болжауға мүмкіндік береді.

Субсидияланатын жұмыс орындарына өтінімдерді қабылдау басталады

Осы жылдың 1 – қарашасынан 31 – желтоқсанына дейін жұмыс берушілер 2026 жылға субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға өтінім бере алады. Өтінімдер Enbek.kz арқылы электрондық форматта қабылданады.

Магистратура мен докторантураға түсуге ынталы білім алушылар үшін 28 – қазан басталған құжат қабылдау рәсімі қараша айында да жалғасады. 

Магистратура үшін –14 қараша;
Докторантура үшін – 27 қараша.
Тестілеу құны:

Магистратура –14 693 теңге;
Докторантура – 21 072 теңге.

Ал өтініш Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында толтырылады.