Президент • Бүгін, 13:46

Президент: Елімізде шетелдік ЖОО-лардың 33 филиалы ашылды

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – академиялық білім аймағы» стратегиялық серіктестер форумындағы сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент: Елімізде шетелдік ЖОО-лардың 33 филиалы ашылды

Фото: Ақорда

Президент Орталық Азия елдеріндегі және біздің аймақпен көршілес бірқатар мемлекеттегі демографиялық көрсеткіштің артуы жоғары білімді экспорттауға және шетел студенттерін елімізге тартуға елеулі мүмкіндік береді деп санайды.

«Қазақстан жаһандық білім нарығының бір бөлігіне айналуды көздеп отыр. Сондықтан алдымызға күрделі, алайда аса маңызды мақсат қойдық. Оған жету үшін әлемнің 40 жетекші университетімен серіктестік орнатылып, елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы ашылды. Көптеген филиалда оқу ағылшын, орыс, қытай тілдерінде жүргізіледі. Бұл – аса маңызды. Өйткені білім беру саласындағы көптілділік адамдардың немесе университеттердің, тіпті, тұтас мемлекеттердің ашықтығы мен бәсеке қабілеттілігінің негізін қалайды. Келешекте де солай болмақ. Оған еш күмән жоқ. Сондықтан әлемдік академиялық кеңістікке шығуға саналы түрде маңызды қадам жасадық. Бұған қоса барлық филиалда қазақ тілі мен Қазақстан тарихы міндетті пән ретінде оқытылады. Бұл шетелдік студенттердің мәдениетіміз бен менталитетімізді терең түсінуіне көмектеседі», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы: «2029 жылға қарай елімізде білім алатын шетелдік студенттер санын 100 мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр»

Президенттің айтуынша, қазіргі кезде еліміздің жоғары оқу орындарында 31 мыңнан астам шетел студенті білім алады. Бұл – қазіргі сәтте Қазақстан үшін рекордтық көрсеткіш.

2029 жылға қарай аталған межені 100 мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр. Ол үшін виза режимі оңтайландырылып, шетелдіктердің алаңсыз білім алуына барынша қолайлы жағдай жасалады.

Үздік түлектердің Қазақстанда тұрақтап қалуына мүмкіндік беретін жұмыспен қамту бағдарламасы іске қосылады.

«Шетел университеттерінің филиалын ашу инженерлік және IT білімді дамыту мақсатымызға толық сай келеді. Қазақстанда қолданбалы инженерияның бірегей институты саналатын үш Лу Бань шеберханасы ашылды. Бұл Қытай үкіметінің бастамасы екені баршаңызға мәлім. Пэн Дуань мырза баяндамасында қытай мамандарының елімізге ерекше назар аударып отырғанын әрі Қазақстандағы адам әлеуетінің жоғары екенін атап өтті. Біз үшін ядролық энергетика саласына маман даярлау да ерекше мәнге ие. МИФИ ректоры Владимир Игоревич Шевченко осы маңызды іске белсенді атсалысуға ниет білдірді. Сізбен бірге жұмыс істейміз. Міндетіміз – білім мен ғылымды экономиканың нақты секторымен тікелей байланыстыру. Бұл бағытта сәтті мысалдар бар. Ербол Маратұлы Исақаев баяндағандай, Қозыбаев университеті мен Аризона университетінің серіктестігі нәтижесінде күкіртті инновациялық полимерге айналдыратын озық технология әзірленді. Бұл – өте қажет жоба. Себебі елімізде күкірттің қоры мол. Аталған жоба химия өнеркәсібінің дамуына тың серпін береді, ең бастысы, экологиялық түйткілдердің шешілуіне түрткі болады», деді Мемлекет басшысы.