– Халықаралық қатынастарды, әріптестікті нығайтуда «Дамуға ресми көмек» маңызды құрал саналады. Бірақ бұл ұғым әлі де көпшілікке беймәлім. Осы саясаттың еліміз үшін мән-маңызын түсіндіріп берсеңіз.
– «Дамуға ресми көмек» саясатының мәнін түсіну үшін алдымен оның пайда болу тарихына тоқталған жөн. Бұл саясаттың негізі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропа елдері ауыр экономикалық дағдарысқа ұшыраған кездері қаланды. Осы тұста АҚШ алғашқылардың бірі болып бірқатар мемлекетке гуманитарлық көмек көрсетті. Кейін бұл «Маршалл жоспары» деп аталып, мұның астарында кеңестік ықпалға қарсы тұру идеологиясы тұрды. Осылайша, Америка өзінің саяси және экономикалық әсерін сақтауды көздеді.
Уақыт өте келе ODA-ның саяси реңі күшейіп, 1969 жылы оның арнайы стандартын Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) комитеті әзірледі. Бекітілген критерийлерге сәйкес дамушы елдерге ІЖӨ-нің 0,7%-ын бөлу ұсынылды. Алайда бұл межеге Германия мен Франция секілді санаулы елдер ғана жетті. Олар да өзгелерге қолдау көрсетуге ұмтылды.
Қазақстан да тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында дәл осы көмектің игілігін көрді. Германия бастаған бірқатар мемлекет қаржылай, техникалық және кадрлық қолдау жасады. Мәселен, KfW банкі мен GTZ (қазіргі GIZ) арқылы инфрақұрылым, денсаулық сақтау, білім және экология салаларына көмек көрсетті. Шетелдік сарапшылармен бірлесіп, заңнамалық реформалар, мемлекеттік басқару, қаржы жүйесін жетілдіру жұмыстары жүргізілді. Бұл іс-шаралар халықаралық аренада «Дамуға ресми көмек» аясында жүзеге асты. Нәтижесінде, елімізге шетелдік инвестициялар тартыла бастады.
– Қазақстанның ODA саясатына белсенді қатысуы қашан басталды?
– Шамамен 2000-жылдары еліміз экономикалық өсімге қол жеткізді. Осылайша, көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстанға қаржылай және техникалық көмек көрсете бастады. Оған қоса бірқатар халықаралық ұйымның елдегі өкілдіктерінің шығынын өтеді. Бірақ ұзақ уақыт бұл көмек халықаралық есепке тіркелмей келді. Өйткені мемлекеттік органдар оның «Дамуға ресми көмек» санатына жататынын жете түсінбеді.
Сөйтіп, 2014 жылы ODA-ға қатысудың құқықтық негіздерін ұлттық деңгейде бекітетін «Дамуға ресми көмек туралы» заң қабылданды. Бұл халықаралық стандарттарға сай болуға, жаһандық үдерістерге белсенді қатысуға мүмкіндік берді. Қазақстан – Еуразия бойынша ЭЫДҰ бағдарламасының доноры қызметін өз мойнына алған Орталық Азиядағы бірінші мемлекет. Елдің ODA саясатын үйлестіру Сыртқы істер министрлігіне жүктелді.
Қазақстанның дамуға ресми көмек саясатына қатысуының бірнеше стратегиялық аспектісі бар. Біріншіден, бұл аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған: су ресурстарын бірлесе пайдалану, сауда кедергілерін азайту, ауыл шаруашылығын дамыту секілді мәселелерде қолдау көрсету. Екіншіден, ұлттық мүддені ілгерілету: отандық технология мен өнімді нарыққа шығару, үздік тәжірибелерді тарату мүмкіндігі туады. Үшіншіден, жаһандық деңгейде ел беделін арттырады, донор мемлекет ретіндегі мәртебесін нығайтуға сеп болады.
2020 жылы Қазақстан ODA аясында екіжақты және көпжақты арналар арқылы шетелдерге жалпы көлемі 37,11 млн долларды құрайтын көмек көрсетті, ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 43,56 млн долларға жетті. Бұл қадам еліміздің Орталық Азиядағы экономикалық және саяси байланыстарын нығайтып, өңірлік интеграцияны тереңдетуге өз үлесін қосты.
– Кей азаматтар «Неге бұл көмекті өз ауыл-аймақтарымызға жұмсамаймыз?» деп сұрайды. Бұған не дейсіз?
– Орынды сұрақ. Алайда халықаралық тәжірибе көрсеткендей, белгілі бір даму деңгейіне жеткен мемлекеттер әлемдік қауымдастық алдында көмек беруші ретінде де әрекет етуге тиіс. Бұл – елдің жаһандық деңгейдегі жауапкершілігі. Мұндай қолдау тетігіне қарастырылатын қаражат мемлекеттік бюджеттің өте аз бөлігін құрайды. Тіпті кейде бұл отандық компаниялардың демеушілігімен де жүзеге асады. Мысалы, Түркияның Газиантеп қаласында жер сілкінісінен зардап шеккендерге арналып мектеп салынуда, оны қазақстандық компания қаржыландырып, құрылысын өзі жүргізіп жатыр. Ал Әзербайжанның Физули қаласындағы балаларға арналған өнер орталығын «BI Group» компаниясы салды. Жалпы, еліміз кейінгі жылдары инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға атсалысып келеді.
Есесіне, Қазақстан дипломатиялық байланыстарды нығайтады, халықаралық ұйымдардағы ұстанымын күшейтеді, экономикалық ықпалын кеңейтеді. Яғни стратегиялық тұрғыдан тиімді қадам. Айтпақшы, еліміздің осы уақытқа дейін жасалған көмектері «орта державалар» қатарына енуіне септескен. Түптеп келгенде, мұның бәрі азаматтарымызға қолайлы жағдай жасауға бағытталып отыр.
– Қазіргі геосаяси ахуал әлем елдерінен ерекше сақтық пен салмақты саясатты талап етеді. Осы тұрғыда Қазақстанның жұмсақ күш саясаты мен ODA тетіктерін пайдалану арқылы халықаралық аренадағы орнын нығайтуы қаншалықты тиімді?
– Қазіргі күрделі халықаралық жағдайда елдердің сыртқы саясаты тек әскери-экономикалық әлеуетпен емес, сондай-ақ жұмсақ күш құралдарын тиімді қолдана білуімен де бағаланады. Бұл тұрғыда Қазақстан ODA саясаты арқылы өзінің халықаралық беделін жүйелі түрде нығайтып келеді. Бұл мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау, цифрландыру секілді салаларда нақты көрініс тауып отыр. Мәселен, былтыр Қазақстан Қырғызстан мен Тәжікстанға гуманитарлық және техникалық көмек көрсетуді жалғастырды. Негізгі басымдық аймақтық ынтымақтастық пен цифрлық трансформацияны ілгерілетуге бағытталды. Халықаралық серіктестермен бірлескен жұмыс көмектің көлемі мен сапасын арттыруға мүмкіндік беріп, Орталық Азия елдері арасында тәжірибе мен озық шешімдерді бөлісуге жағдай жасады. Бұл өз кезегінде өңірде тұрақты әрі өзара тәуелді экономикалық байланыстардың дамуына көмектеседі. Ал еgov және Kaspi сияқты цифрлық шешімдердің экспортталуы аймақтық ықпалдың өскенін көрсетеді.
Оның үстіне Орталық Азияның жүрегінде орналасқан Қазақстан транзиттік көпір ретінде стратегиялық орнын тиімді пайдаланып отыр. ЕО, Ресей, Қытай, АҚШ және Түркия сияқты елдермен қарым-қатынасын дамыта отырып, көпвекторлы сыртқы саясат стратегиясын ұстанып келеді. Әрі бұл прагматикалық ұстаным ODA сияқты бейбіт құралдарды таңдауымен толық қабысады. Нақты жобалар, аймақтық ынтымақтастық және институционалдық әлеует арқылы Қазақстан өңірлік тұрақтылық пен сенімді серіктестік моделін ұсынып отыр.
Демек қазіргідей аумалы-төкпелі кезеңде «Дамуға ресми көмек» – еліміздің халықаралық деңгейдегі жауапты ұстанымын жүйелей түсетін стратегиялық құрал. Сондай-ақ бұл жұмсақ күштің жаңа буындағы тиімді жолы дер едім.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Зейін ЕРҒАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
 
                             
                                 
                             
                                             
             
             
             
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
             
                 
                 
                 
                 
                 
                 
                