 
                                        Ауызсу мен алкогольсіз сусындар өндіруге маманданған кәсіпорынға шамамен 9 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Зауыт жылына 120 мың тоннаға дейін сусын өндіреді. Өнімдер металл және пластик құтыларда шығарылып, ішкі нарықтан бөлек, көрші елдерге де экспортталмақ. Жаңа зауыттың ерекшелігі – неміс және италиялық заманауи технологияларға негізделген өндіріс желілері мен экологиялық таза, көпсатылы су тазарту жүйесі. Өндірісте пайдаланылатын су кәсіпорын маңындағы 170 метр тереңдіктегі ұңғымалардан алынып, жоғары халықаралық стандарттарға сай тазартылады. Судың сапасы АҚШ пен Италияның жетекші зертханаларында арнайы тексерістен өткен.
Жаңа зауыттың ашылу салтанатында облыс әкімі Нұралхан Көшеров кәсіпорын ұжымына сәттілік тілеп, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауларға тоқталды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде кәсіпкерлікке қолдау көрсетуді, шетелдік және отандық инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастыруды басты басымдықтардың бірі ретінде атап өтті. Бұл жоба – сол тапсырмалардың нақты орындалуының айғағы. Жергілікті әкімдік инфрақұрылымды жеткізіп, барлық қажетті қолдауды көрсетті. Ендігі міндет – сапалы өнім шығарып, оны тек ішкі емес, сыртқы нарыққа да ұсыну», деді облыс әкімі.
Ашылу рәсіміне қатысқан «RC Cola International» компаниясының бас менеджері Фрэнсис Лампера, «Freedom Bank» басқарма төрағасы Гүлфайруз Ахметова, сондай-ақ жобаның идея авторы әрі инвесторы – «Beibars Bottlers» ЖШС құрылтайшысы Амангелді Нұров кәсіпорыннан бәсекеге қабілетті өнім шығатынына сенім білдіріп, ізгі тілектерін жеткізді. Жобаны іске асыру аясында зауыттың инфрақұрылымын жеткізу үшін 705 млн теңгеге 6 140 метрлік 35 кВ электр желісі мен қосалқы станса салынды. Жалпы аумағы – 5 565 шаршы метр болатын зауытқа 25 млн теңгеге табиғи газ құбыры тартылып, 240 млн теңгеге кәріз жүйесі мен тазарту қондырғылары орнатылған.
Айта кетелік, Түлкібас ауданында қуаттылығы жылына 48 мың тонна құс етін өндіретін фабриканың құрылысы жүргізілмек. Жобаға жалпы  53,7 млрд теңге инвестиция тартылады. Қолдау көрсету мақсатында «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан 5 млрд теңге несие берілмек. Сонымен қатар мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіледі. Жоба іске қосылғанда 1 200-ден аса жаңа жұмыс орны ашылады. Аумағы 517,7 гектар жер болатын жоба аясында 96 құс фермасын, инкубатор, құрама жем зауыты, газ-электр стансасы, құс сою және қалдық өңдеу цехы және тоңазытқыш қоймалар салу көзделген. Жоба үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі 2026–2027 жылдары жүзеге асырылып, 21,9 млрд теңге инвестиция салынады, 550 жұмыс орны құрылып, 15 мың тонна өнім өндіру жоспарланып отыр. Екінші кезеңде 
 15,8 млрд теңге инвестиция тартылып, 325 жұмыс орны ашылмақ. Өндірілетін өнім көлемі – 24 мың тонна. Үшінші кезең 2029–2030 жылдары жүзеге асырылып, 16 млрд теңге инвестиция салынады, 48 мың тонна өнім өндіріліп, 325 жұмыс орны құрылады.
Түркістан облысы
 
                             
                                 
                             
                                             
             
             
             
             
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
             
                 
                 
                 
                 
                 
                 
                