 
                                        Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Кейінгі жылдары Қазақстан халықаралық еңбек нарығында өз орнын күшейтіп, шетелдік мамандарға қолайлы орта қалыптастыруға кірісті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, осы жылдың басында елде 16 мыңнан астам шетелдік маман еңбек етіп жүргені тіркелген. Олардың 40 пайызы – құрылыс пен инфрақұрылым саласында, 25 пайызы – мұнай-газ секторында, 10 пайызы – өндіріс саласында, қалғандары – ІТ, медицина, білім беру бағытында қызмет етеді.
Алайда бүгінгі саясаттың басты мақсаты – тек жұмыс күшін әкелу емес, білікті, инновациялық қабілеті жоғары мамандарды тұрақтандыру. Осы бағытта Үкімет шетелдік мамандарға визалық рәсімдерді жеңілдетіп, жаңа цифрлық құралдарды енгізіп жатыр. Соның ішінде ең маңыздысы – «Digital Nomad Residency» қанатқақты бағдарламасы. Бұл бастама ІТ саласындағы шетелдік мамандарға жаңа мүмкіндік беруге бағытталған. Бағдарламаның мақсаты – әлемдік деңгейдегі ІТ таланттарды елімізде жұмыс істеуге, тұрақты тұруға тарту, оларды елдің қарқынды дамып келе жатқан цифрлық экономикасының бір бөлігіне айналдыру. Жоба арқылы шетелдік ІТ мамандары жеңілдетілген тәртіппен тұрақты тұруға рұқсат ала алады. Талаптар да заманауи форматта қарастырылған. Үміткерде жеке сәйкестендіру нөмірі мен электрондық цифрлық қолтаңба болса жеткілікті. «Astana Hub» порталы арқылы өтініш беріп, портфолио, түйіндеме, мотивациялық хат, сотталмағаны туралы анықтама тапсырады. Соңғы қадам eGov.kz порталы арқылы тұрақты тұруға рұқсатты алдын ала мақұлдау. Осылайша, ІТ маманына Қазақстанда жұмыс істеуге, өмір сүруге заңды құқық беріледі.
Бұл бастама еліміздің еңбек нарығын сапалық тұрғыдан жаңартуға бағытталған нақты қадам. Өйткені ІТ саласы – қазіргі экономиканың негізгі тірегі. Ал озық мамандарды тарту арқылы елдің стартап экожүйесі мен инновациялық әлеуеті айтарлықтай артады. «Astana Hub» технопаркінің мәліметінше, кейінгі екі жылда шетелдік ІТ-мамандар саны 40 пайызға өсіп, еліміз аймақтағы цифрлық хабқа айнала бастады.
Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың пікірінше, елге шетелдік мамандарды көбірек тарту үшін әкімшілік кедергілерді азайту, салықтық жеңілдіктер мен визалық жеңілдетулер енгізу қажет. «Шетелдік компаниялар кадрды үш ай күтпейді. Сондықтан бізге бюрократияны азайтып, жүйені толығымен автоматтандыру қажет. Бұл – бәсекеге қабілеттіліктің талабы», дейді ол.
Сонымен қатар шетелдік мамандарды тарту экономикаға ғана емес, әлеуметтік мәдениетке де әсер етеді. Сондықтан Үкімет интеграция мен бейімделу тетіктерін жетілдіруді қолға алған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, қазіргі кезде тіл үйрету курстары, мәдени бағдар беру бағдарламалары мен еңбек құқықтарын қорғау шаралары да қарастырылып отыр.
«Еңбек эмиграциясы бағытында еліміз бүгінде білікті кадрларды тарту мен отандық қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған бірқатар кешенді шараларды жүзеге асырып келеді. Негізгі мақсат – еңбек нарығында білім мен тәжірибе трансферін қамтамасыз етіп, халықаралық стандарттарға сай мамандар даярлау. Осы бағытта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 3 мамырдағы бұйрығымен шетел азаматтарының елімізде тұрақты тұруға рұқсат алуына мүмкіндік беретін сұранысқа ие кәсіптер тізбесі кеңейтілді. Тізімге қосымша 30 жаңа мамандық енгізілді. Бұл – ел экономикасының нақты секторларындағы кадр тапшылығын өтеуге, еңбек ресурстарының сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Мәселен, 2024 жылы тұрақты тұруға негізінен IT саласындағы жоғары сұранысқа ие мамандықтар бойынша 72 рұқсат берілді. Бұл дерек цифрлық экономика бағытындағы кадрларға деген сұраныстың өсіп келе жатқанын дәлелдейді. Сонымен қатар отандық мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында тәлімгерлік жүйесін ұйымдастыру қағидалары бекітілді. Яғни шетелдік жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілер енді жергілікті қызметкерлерге кәсіби тәжірибе мен білім беруді қамтамасыз етуге міндетті. Бұл қадам – еңбек нарығында трансформация мен сапалық серпіліске жол ашатын маңызды механизм. Сондай-ақ жеке тұлғалардың үй шаруашылығында жұмыс істеу мақсатында еңбекші көшіп келушілерге рұқсат беру тетігі де қайта қаралды», дейді А.Ертаев.
Мұндай бастамалар әлемдік тәжірибеге де сай. Мысалы, Сингапур «Employment Pass» жүйесі арқылы жоғары білікті шетелдік мамандарды тартады, Канада «Express Entry» балы жүйесімен үздік кадрларды іріктеп алады. Еліміз осы үлгілерді өзіне бейімдеп, «Kazakh Green Card» секілді ұзақмерзімді тұруға рұқсат беретін жаңа модель әзірлеу мүмкіндігін де қарастырып жатыр.
Шетелдік мамандарды тарту еліміздің еңбек нарығын дамытып қана қоймай, елдің технологиялық тәуелсіздігін қалыптастыруға ықпал етеді. Бүгінгі таңда басты міндет – «жұмыс күшін» емес, қабілеті мықты мамандарды тарту. Президент айтқандай, білікті мамандар – мемлекеттің ең үлкен капиталы. Оларды елге әкеліп қана қоймай, тұрақтандыруға күш салу қажет.
 
                             
                                 
                             
             
             
             
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
             
                 
                 
                 
                 
                 
                 
                