 
                                        Турнирдің ашылу салтанатына Премьер-министр Олжас Бектенов, Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) Бас хатшысы Рауль Калин, «Nomad Table Tennis Academy» үстел теннисі академиясының негізін қалаушы Медеу Нұрасыл қатысты.
Үстел теннисі – жылдамдық, ептілік, шапшаң ойлау қабілетін дамытатын танымал спорт түрі. Кейінгі жылдары бұл ойын елімізде кеңінен қанат жайып, бұқаралық, кәсіби деңгейде дамып келеді. Ел көлемінде үстел теннисімен айналысатын секциялар саны артты. Облыстық, қалалық спорт мектептерінде балалар мен жасөспірімдерге арналған үйірмелер көптеп ашылып жатыр. Астана, Алматы, Шымкент сынды ірі қалаларда заманауи үстел теннисі орталықтары жұмыс істейді. Еліміздің спортшылары түрлі әлемдік, халықаралық турнирлерге қатысып, жүлделі оралып жүр. Спортшыларға қолдау ретінде ұлттық құраманың базасы барынша нығайтылып жатыр.

Үстел теннисінің жаңа сатыға көтерілуінің жарқын бір көрінісі – еліміз 2024 жылы алғаш рет Азия чемпионатын қабылдады. 2027 жылғы ересектер арасындағы әлем чемпионатын өткізу мәртебесіне ие болды. Мұның бәрі Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырғанының арқасы. Бүгінде үстел теннисімен 260 мыңнан аса адам жүйелі түрде шұғылданады. Салада 10 мыңнан аса кәсіби спортшы, 400-дей жаттықтырушы еңбек етеді. 20 өңірдегі федерация тұрақты жұмыс істеп тұр, 12 заманауи үстел теннис орталығы бар.
Турнирдің соңғы күні үстел теннисінің әлемдік жұлдыздары – 2 дүркін Олимпиада чемпионы, 10 дүркін әлем чемпионы Сюй Синь (Қытай), әлем чемпионы Фан Бо (Қытай), әлем чемпионы Вернер Шлагер (Аустрия), әлем чемпионатының екі мәрте жүлдегері Джу Се Хёктің (Корея) қатысуымен шоу-матч ұйымдастырылды. Бұл кездесулерді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев арнайы барып тамашалады.
Ауқымды іс-шараны Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, Қазақстан үстел теннисі федерациясының қолдауымен «Nomad» академиясы ұйымдастырды. «Aspan Holdings, VD Stroy Engineering» компаниялары демеушілік етті. Турнир бұрын-соңды болмаған жүлде қорымен тарихта қалды. Жеткіншек жеңімпаздардың өзі тұңғыш рет 5 000 долларына, күміс жүлдегерлер 2 500 долларға, қола жүлдегерлер 1 500 долларға ие болды.

– Әлемнің маңдайалды шеберлерінің арнайы келуі турнирді нағыз мерекеге айналдырды. Халықаралық жарыс «Nomad Table Tennis» академиясының елімізде үстел теннисін бұқаралық спортқа айналдыру жолында жасаған алғашқы қадамы болды, – деді академия директоры Руслан Жетібаев.
– Ұйымдастыру комитетінің кәсіби деңгейін ерекше атап өткім келеді. Жарыстың әрбір бөлшегіне дейін мұқият ойластырылған. Үстел теннисінде Азияның үлесі басым, сол орайда Қазақстан да теннис державасы ретінде өз тұғырын бекіте түсті, – деді Халықаралық үстел теннисі федерациясының Бас хатшысы Рауль Калин.
Тартысты турнирдің әр күні үлкен-кіші спортшылардың өнерін, шеберлігін паш еткен көркем көріністерге, қызықты сәттерге толы болды. Тамашалауға келген барша жанкүйерге ұмытылмас көңіл күй, ерекше әсер сыйлады.
 
                             
                                 
                             
                                             
             
             
             
             
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
             
                 
                 
                 
                 
                 
                 
                