Ұлттық спорт • Бүгін, 07:58

Ұлттық дәстүрді дәріптеген турнир

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкентте екінші республикалық «Respublica asyq atu» турнирі өтті. Жарысқа еліміздің әр өңірінен келген 40 үміткер қатысты. Ұлттық ойынды мыңдаған қала тұрғыны мен қонақтары тамашалады.

Ұлттық дәстүрді дәріптеген турнир

Ашылу рәсімінде Мәжіліс депу­таты, Асық ату федера­ция­сының прези­денті Олжас Құспеков ежелден келе жатқан ұлт­тық ­ойынды дәріптеу аза­мат­тық борыш екенін атап өтті.

«Асық ату ойын ғана емес, ол – біздің түп-та­мырымыз, рухани кодымыз бен дәстүріміз, ұлттық спорт түрінің бастауы. Оның тарихы тым терең­де, сонау көне ғасырлар қойнауында жатыр. Асық ойыны халқымыздың тұр­мыс-салтымен біте қай­нас­қан. Турнир – ұлттық спортты наси­хаттаудың бір көрінісі. Біз асық атуды дәстүр ретінде ғана емес, қоғамды біріктіретін заманауи мәдени құбылыс сипатында дамытқымыз ке­леді. Себебі ұлттық спорт қазақтың тренді болуға тиіс», деді О.Құспеков.

Тартысты өткен жа­рыс қоры­тындысында ақтөбе­лік Құлы­бек Ға­рышбек жеңімпаз атанды. Спорт­шыға «Allur» автомобиль компаниясы «Chevrolet Onix» автокөлігін сыйға тартты. Түркістан облысынан келген Әбілхан Талғар екінші орын иеленді. Оған 1 млн теңге сыйақы бе­ріл­ді. Ба­тыс Қазақстан об­лы­сының асық ату шебері Сламқұл Бақдәулет үшін­ші орын алып, 500 мың теңге қаржы­лай сыйлық­пен марапат­талды. Одан бөлек «Amanat» партиясы павлодарлық Жаздық­бай Керімге 300 мың теңге ақшалай жүлде тапсырды.

Жеңімпаздарды құт­­тық­таған көлік ком­па­ния­сының өкілі Айгүл Ахметова «Allur» әр­дайым тур­­нирдің ресми серіктесі әрі демеу­шісі болып қала беретінін жеткізді.

«Компания қашанда ұлттық құн­дылықтар мен жасампаздық рух­ты қол­дайды. Соның ішінде асық ату ойынының алар орны ерекше. Біз спорт пен мәде­ниет­тегі шығар­ма­шы­лық бастамалар ар­қылы ұлт­тық сананы жаң­­ғыртуды көздейміз. Жарыс­та үздік деп танылған спортшылар – нағыз ха­лықтық дәстүр­ді ­дә­ріп­теушілер. Олар – өскелең ұрпаққа әрқа­­шан үлгі», деді А.Ахметова.